BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Өткен күннен бір белгі: "Президенттің бір аптасы" Эксклюзив

Осыдан ширек ғасыр бұрын Кеңестік бұғаудан босап, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсай күткен айтулы сәтке қол жеткізген едік. Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған болатын. Жетесіне жетіп, тәйт десең қирағалы тұрған тұлдыр дүниеден, тұрлаулы тұғыр орнатып, Тәуелсіздіктің ақ балапынын темірқанат тастүлек ету жолында аянбай, талмай еңбек еткен Елбасының «түн ұйықтамай, күндіз отырмай» жасаған сапарларының бір парасы әйгілі жазушы, талантты журналист Оралхан Бөкейдің де қаламының ұшына ілінген екен. Осыдан ширек ғасыр бұрынға Тәуелсіз Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатынан құнды мәлметтер беретін «Президенттің бір аптасы» атты мақаланы сол бойы назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Міне бүгін Қазақ елінің Тәуелсіздігіне ширек ғасыр толған 2016 жыл да тарих қойнауына еніп барады. Дәл осы күні өткенге салауат, келер күннен үміт күтер ойлы оқырманның кеше қандай болғанымызға, бүгін қандай дәрежеге көтерілгенімізге көз жіберіп көруі үшін де мақаланы қаз қалпында ұсындық.

Президенттің бір аптасы

1.Ақмолада

Шілденің төртінде, яғни сенбіде Қазақстан Республикасының Президенті мінген арнайы ұшақ таңертеңгі сағат онда аспанға көтерілді. Көк мұнардың астында тұншығып жатқан Алматы, аппақ мұзартты арқалаған Алатау бірте-бірте көзден тасаланып, алжасылданып жатқан қазақтың кең байтақ даласы басталып еді. Ұшақтың дөңгелек терезесінен төменге көз салсаң кешегі бір жаңбырдан қалған жабағы бұлттар шарбыланып, жер жарықтықты жанардан жасырып, қызғанғандай қызық мінез танытады. Анда-санда арасы ырсия ашылып қалғанда бұлт-жыртығы пайда болып, тұңғиықтың түбінен даланы тауып аласың. Шырқау биікке қайқая көтеріліп, өзінің қалыпты жылдамдығына түскен ұшақтағы нөкерлері және қызметкерлерімен қол беріп амандасып, хал-жағдайын сұрап салонды аралап шығу Нұрсұлтан Әбішұлының ежелгі әдеті екен. Ал, бұл сапарда Президентпен бірге көмекшілері және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Т.Сүлейменов, кеңесші Т.Жүкеев, тағы басқа ақпарат құралдары қызметкерлері болды. Біздің бағытымыз, әуелі Ақмоладан басталуы керек еді, бір жарым сағат ұшып, облыс орталығына келіп қондық (ол кезде Целиноград деп аталатын). Аэропорттан облыс басшылары, қолына гүл шоқтарын ұстаған қыздар қарсы алды. Президент қысқаша ғана есен-саулық сұраудан соң іле-шала дайын тұрған тікұшаққа беттеді. Тікұшақтың аядай салонында қарама-қарсы отырған Ақмола облысының әкімі А.Г.Брауннан жол бойы әртүрлі мәселелерді үздіксіз сұраумен болды. Әншейінде көпсөзділікке бармайтын, нақтылық пен қысқалықты, іскерлік пен білгірлікті ұнататын Нұрсұлтан Әбішұлы тура төбеңнен дүрілдеп, құлақ тұндырар дыбысқа қарамастан тікұшақ егістік алқабына келіп қонғанша дамылсыз сұқбат құрды. Түсерде күн өтіп кетпес үшін бас-басымызға бір-бір баскиім берді. Президентімізге бұйырғаны тым қызық еді. Күнқағарының шетін қарамен әдіптеген, мыжырайған баскиімнің тарлығы болар, бір шекесін ғана жапты. Халық ішінен хан болған адамның қарапайым келері тегі рас екен. Нұр-ағаң оған тіпті мән берген жоқ.

Тәңірім жарылқап, ұзағынан сүйіндірсін, тың өлкесінде биыл мол берекенің нышаны бар. Осы сапардың алдында ғана Қостанай өлкесінен оралған едім, онда да ауық-ауық жаңбыр жауып, егін мен шөптің шығымы көз қуантқан, көңіл сергіткен. Міне, енді Ақмола облысына да күні кеше аса мол нұр жауып, топырақтың бір айға жетер ылғалдылығын арттырған. Ал, шөп шабу басталып кетіпті. Облыс басшыларының жүзінде қуаныш байқалады.

Нұрсұлтан Әбішұлы желкілдей жетіліп қалған егісті аралап, бірер түбін жұлып алып алақанына салып сүйсіне уыстап көрді.

- Міне, мынау бір сабақтан өскен үш дәнді байқайсың ба, - деді бізге бұрылып. – Қуаңшылық жылдары бір дәннен біреу ғана көктейді, демек гектарына шартты түрде төрт-ақ центнер өнім алынады деп жорамалдасақ, үш масақтан 12 центнерге жетіп, үш еселенеді деген сөз. Енді бұдан былай сырттан келер күш жоқ, тек қана қолда бар мүмкіндікті мейілінше пайдалана отырып, төкпей-шашпай жинап-теріп алуымыз керек. Әсіресе, қазіргідей қысылтаяң шақта ысырапқа жол беру – халық алдындағы қылмыспен пара-пар. Егін орар шақта тағы да оралармын, - деді облыс басшыларына. – Енді маған Ерейментауды көрсетіңдер.

Тікұшаққа қайта міндік. Осынау лыпылдап тұратын көлік, әсіресе, қазақтың ой-шұңқыры көп, тау-тасты, кедір-бұдырлы жеріне ауадай қажет екенін сезесің. Әттең, не керек, жоқтық жомарттың қолын байлаған. Нұр-ағаң тағы да аяқтай әйнектен кілем жауып тастағандай түріліп жатқан далаға, үйездеген жылқыдай топтана өскен тоғай, орманға көз талдыра қараумен болды. Сол жазиралы кеңетек далаға ұласа шоқтығын биіктеткен, төңкерілген төбе кейде жатағандау тауға айналып, қазақ елінің киелі жері – Ерейментауды құрайды екен. Әрине, Алтай мен Алатаудай шыңы жоқ, бірақ өзінің кеңқолтық сұлу жарасымымен жанарыңды жаулайды. Мен Қазақстанның түкпір-түкпірін қаншама рет аралап жүрсем де, еркетотай Ерейментауға жолым түспепті. Ос сәтсіздікке өкіндім. Өкіндім де: «әлемнің әр жерін араламас бұрын ең әуелі туған жерімізді танып алуымыз керек-ау», - деген ой түйдім.

Тікұшақтан түсе қалғанда алдымыздан Арқаның саумал самалы аңқылдап қоя берді. Самал алып-қашып тұрған шөп пен гүлдің қош иісі мұрынды қытықтап, ерекше бір ерке де назды мінез танытады. Болат түсті кәстөмін салонның ішіне қалдырып, көйлекшең ғана шыққан Нұр-ағаң кеудесін кере дем алып, бір сәт айналасына аңтарыла қарады. Содан соң саумал самалды армансыз жұтыфп қуаттанғандай алға – алдағы тауға қарай аяңдай жөнелді. Біз де соңынан ердік. Ұзаңқырап кетті. Жол бойы жусан, әртүрлі гүлдерді тере жүрді. Тобықтан асып, қылтаға жақындап қалған шалғын шаң-тозаңсыз, шөп әлі піскен жоқ. Соңымызда біз жүріп өткен алжасыл із қалды. Бір шақырымға таяу жер жүріп барып, жалпақ ақ тастың үстіне отырды. Қолындағы жусанды құшырлана иіскеді. Біз де алқақотан жайғастық. Ел басшысы Ерейментаудың осынау ғажап та көркем көрінісіне таңдай қағып, тамсанудан гөрі, жанын жарылқар қуат, рухын сусындатар суат тапқандай, айналайын Арқаның асқаралы сұлулығын бойына үнсіз сіңіргендей еді. Шыбынсыз жайлау, шыжыған ыстықсыз қоңырсалқын самал, ондық, жүздік, мыңдық болып топтасқан, сарбаздай сап түзеген орман, үйірінен адасып қалғандай анда-санда ұшырасар ақша бұлт – осының бар-барлығы табиғат-иеміздің адамзатқа тартқан сыйы десек, сол тартуды талапайға салып, таршылық жасайтын пендешіліктен арылу үшін де туған жерге әмсе тәу етіп тұруымыз керек шығар... Мен ойлаймын: «әттең-ай, мынау күреңсесі күлтеленіп жатқан Ерейментауда киіз үй тігіліп, сол киіз үйдің іргесін түріп тастап самал жұтіп, сары қымызбен сусын басып, баяғының игі жақсыларындай жайғасып жатуға жаралмаған Президентіміз жоқ дегенде бір күн дем ала алмайды-ау... тіпті, тоқырау кезі болса да «аруақты жердің ағынан дәм татыңыз» деп, бір тотаған қымыз ұсынар едік... Қазір жоқ! Тәңірім-ау, жоқтан басқа аузымызға сөз түспейтін болды-ау. Бұдан да жаман кезімізде тойға барғанымыз қайда; алты күн аш отырсаң да ата жолын ұмытпа, дейтін салтымыз қайда?! Президент болуға түк те қызыққаным жоқ.

Мен ойлайтынмын: «Нұрсұлтен Әбішұлы мектепте қазақша оқығанымен, ол кезде қазақтың нағыз тарихы мен әдебиеті пән ретінде толыққанды жүрмеген, кейін Қарағандыда техникалық сабақтың соңында кетті, бірыңғай орыстардың арасында жүріп жұмысшы болды, комсомол, партия қызметінде істеген шағында да қазақтың ұлттық, халықтың рухани жауһарларынан аулақта болды, кейін ел басшылығына ауысқанда да оқып, зерттеп, сусындауға қолы тимеген шығар...» Олай емес екен. Тізелесе отырған Браунға Ерейментаудың арғы-бергі тарихына шолу жасай айтып берді. Бұл – қазақ жерінің, қазақ елінің кие тұтар текті де құйқалы өлкесі екенін, Бөгенбай батырдың ата қонысы, қазақ батырларының жоңғарларға қарсы жорығында ту тігіп, баталасқан, соққы берген тұсы да осынау өлке екенін айтты. Ал, ол бас шұлғи берді. Бұдан соң Нұр-ағаң Ерейментау туралы Иманжүсіптің өлеңін оқыды. Мен болсам, жерге кіре ұялдым. Ұялған себебім – әдебиетші бола тұра осы жырды жатқа білмегенім... Жалпы менің осы жеті күнді сапарда ұққаным: ел басқару үшін әлемдік дипломатияны терең меңгерген саясатші, жан-жақты білімді, экономика мен өнеркәсіпті, ауылшаруашылығын жетік білетін әмбебеп, шыншыл да шыдамды, алғыр да шешен, өтімді де өткір, бір күнідігін емес, жүз жылдықты ойлап, барлай алатын көріпкел де көсем болуы керектігі еді. Әрине, ел басқару, оның үстінде жаңадан ғана тәуелсіздігін алған қаймана халықын қаз тұрғызып, тәй-тәй бастыру оңай емес, әсіресе қазіргі нарық алқымнан алған өтпелі кезеңде қиынның-қиыны. Халық та сәби көңілді ғой, шымшысаң - жылайды, қытықтасаң - күледі, бірақ ылғи емшек сұрай береді, сондықтан да қарынын тойдырсаң - уанады. Бірақ дәл қазір дүние дүр сілкініп жатқанда қайтіп, қалай?.. Жазушылармен кездескенде ағынан жарылып айтып еді: - Ақсақалдар-ау, аға-інілер-ау, мен де жетісіп жүр дейсің бе, дәл осы жұмысқа қызығып отыр дейсіздер ме, тек еңіреген елім үшін ғана жүрмін, қазіргі егемендікті баянды ету үшін, жол ортада тастап, бас сауғалап кетпеу үшін жүрмін, әйтпесе, шүкір, балаларым жеткен, жұмысшылық еңбек стажы бойынша екі жылдан бері демалыстамын, сол да бір басыма жетер еді; көмектессеңіздер еді, сыртқы саясат пен еларалық дау-дамайды маған қалдырып, елішіндегі дау-шарға бас-көз болсаңыздаршы». Жүрегінде құлағы бар адамға сөз төркіні тереңдееді. Рас, тіршілік қиындап барады, рас қымбатшылық сығымдап барады, рас аяғыңды етігің қысса – тәуелсіздігің не керек, дейтіндер де табылады; ағайындар-ау, осы жоқшылық пен таршылық бір ғана Президентіміздің ойлап тапқан саясаты емес қой, заманың қалай болса – бөркің солай демекші, айналаңдағы жапсарлас жұрттың жетісіп отырғаны бар ма? Ресей астанасы – Мәскеуден қайыр сұраған адамнан аяқ алып жүре алмайсың... Қайғысыз қара суға семіретін халқымызға, тәуелсіздіктің баянды болуына кедергі – тыныштық, сабырлы ақыл, байсалды мінез емес пе еді... Жо-жо-жоқ, жұртым, жұлқына бермейік. Қазақстанның қаржы-қалтасы бос екенін (әзірше) де есте ұстайық.

... Отыз минуттай ғана дем алған соң (бұл да шартты түрде) қасындағы әкімнің Ерейментау тарихынан сауатын ашты, облыстық теледидар тілшісінің сұрақтарына жауап берді, тікұшаққа беттеді. Көңілге түйгенім: - алдағы халықаралық үлкен кездесулерге барар жолында аруақты жер – Ерейментауға арнайы бұрылып, атажұртқа тәуәп еткені, барлар бас қосқан жерге табанын тигізіп, рухани қуат, медет алғаны еді... Тікұшақ Ақмолаға қайта ұшқанда да аядай терезеден шағын-шағын көлдер мен жасыл егін, жазира шалғынға, мыңқыстай жайылған малдарға қараумен болды. Содан соң орындықтың арқалығына желкесін тіреп шалқалай көзін жұмды. Әлгінде ғана Ерейментаудың самалы аймалаған әлпетінде лыпыған серпіліс сәл бәсеңдеп, ертеден-ақ ерттеген аттай үнемі жарау жүретін жүзінде тұнып қалған шаршау қайтадан қаймақши бастады. Не ойлап отыр екен? Қасірет құрыған енді ғана құтыла бастаған халқының қамынан басқа, не дейсің, тәйірі. Ал, мен ойлаймын: «анда-санда ғана, онда да баспасөз қызметкерлерімен сұқбаттасқанда, алыстан кездесетін Нұр-ағаң бойынан байқағаным – тым алыстатпайтыны, тым-тым жақындатпайтыны; еркелете де білетіні, бірақ есіртпейтіні; кейде қатал, кейде майда келетін мінезіне сай жадысының мықтылығы, яғни оқыған, естіген дүниесін, көрген адамын ұмытпайтындығы; киім киюдегі талғампаздығы, демек еларалық және қазіргі талғамды берік ұстайтындығы; айталық, қазір үшкіл жаға, бір түймелі костюм, ұзын байланар галстук дүниежүзінде модаға кірді десек, осы дәстүрге лайық киіну керектігі; бұдан соң реті келгенде қағып түсер қалжыңы; қалай болғанда да жұрт не десе де, бір тектілік байқалады, онда да Президент осылайша жүріп, тұруы керек дегеннен шығар жалғандық емес, не ұзақ жылдар қалыптасқан, не уызынан біткен, біте қайнасқан салиқалылық, мен-менсіз тәкаппарлық әрі қара жердің өзіндей қарапайымдылық. Рас, кейде тура айтамын деп, туғанына жақпайтыны, тік сөйлеймін деп тіксінтіп алатыны бар, демек бипаздауды жаны сүймегендіктен болар биязылықты менсінбей кетеді. Қазір ғана «қалің қалай» деп, жымия есендессе, енді бір күні қолын жай ғана тіпті, суықтау ұсына салуына ешбір ренжуге болмас. Өйткені ол Президенттіктен де бұрын ет пен сүйектен жаратылған адам ғой. Ал, енді ел басшысының айналасына келсек (нөкерлері мен қызметкерлерін айтамын) ол... басқа әңгімеге арқау... асығыс тұжырым жасамадық.

Тікұшақ қонып, алып қапалағы қалбалақтай барып тоқтаған соң жерге түстік. Сақадай сай тұрған мәшинелер қала шетіндегі кәртөп алқабына қарай бірінен соң бірі жосыла жөнелді. Мұндай сағат, минөтіне дейін есептелген нақты әрі жауапты да асығыс жұмыс пен жүріске үйренбеген мен таңым айырылып, сүрініп-жығылдым десе де болады (Әй, осы жазушылардың жайбасар да жалқау мінезі-ай...). Кәртөп жетіліп, бас жаруға жарап қалған екен. Алқаптың шетінде ең соңғы ауыл шаруашылығының техникалық жарақтарын қаздай тізіп қойыпты. Мамандар қанша түсіндіріп айтса да өз басымажартылай ғана сіңді, ал Нұрсұлтан Әбішұлы әр бөлшегіне дейін шұқылап сұрап, сұрау берумен болды. Кәртөпті өзі егіп, өзі түптеп, өзі оратын мәшине әсіресе, аса қажет сайман екенін ұқтым. Ақмолаға қайтар жолда бағанағы будақ-будақ шаң қайта көтерілді. Әттең-ай, жаныңда кәртөп суарып жатқан мол судың бір шелегін шаша салмағаны-ай, деген ой ұялады. Тоқырау кезеңінде болса ғой... Қонаев келе жатыр десе, шаңын басқанды былай қойғанда, бір шақырымға жетпейтін топырақты жолдың үстін айнадай жалтыратып асфальт төсеп тастар еді... Демократияның шаңына көмілгеннің айып-шамы жоқ...

«Целиноградсельмаш» - Қазақстандағы ауылшаруашылығына керекті әртүрлі техника жасайтын бірден бір зауыт, яғни «Казавтосельмаш» корпорациясының аясында жұмыс істейді. Мұнда 5108 жұмысшы бар. Өндірістік қуат орналасқан жері – 122 мың шаршы метрді алып жатыр. Қазақ ұлттық жұмыскерлер саны – аз, оның үстіне, сондағы қазақтардың реніш білдіруіне қарағанда, соңғы күнде қысқарту жүрсе ең алғашқы болып қазақтар тізімге ілінеді екен. Қазақ әйелі осы мәселені Президентке айтамын, деп қанша рет оқталса да қаймықты ма, ауыз аша алмады. Тегінде республикамыздағы жұмысшы мамандардың 6 проценті ғана қазақтар екенін ол кісі өзі де ертеден қынжыла айтып жүретін. Сондықтан да әскери қызметпен қатар балама ретінде ұлтымыздың жұмысшы жастарының қатарын молайту арқылы, осы заманғы жетілген техниканың тілін меңгеру керектігін де қайта-қайта ескерткен. Әсіресе дәл қазір ауыл жастары қалаға сіңе алмай, ал қала жастары бірыңғай алыпсатарлық пен комерциялық жолға түсе бастаған шақта өнеркәсіптегі ұлттық мамандарымызды одан ары азайтып аламыз ба деген қауіп бар. Компьютердің тілін түсіну, ұшаққа үйрену, әскери техниканы меңгеру жайынан да жетісіп тұрғанымыз шамалы.

Тың ауылшаруашылығы мәшинесін шығаратын зауыттың іші көк түтін, құлақ тұндырар дыбыс, күн сенбі болса да қайнаған жұмыс. Президент барлық цехты аралап, жете танысып көріп шықты. Мұнда қайла, күрек, темір төсектен бастап, «ЗИЛЦСМ 4503» деп аталатын жүкті өзі түсіретін автомобильге дейін жасайды екен.

- Қалай болғанда да бұл – Қазақстан жерінде шыққан тұңғыш автомобиль, - деп, қуанды. Зауытты аралап болған соң екі жерде жұмысшылармен кездесу өткізді. Әсіресе қалқасы жоқ, шыжыған күннің астында өткізген бір сағатқа таяу кездесу – жалаңбас тұрған Президентті қойып, соңынан еріп жүрген біздерді шыдатпай көлеңкеге қаша бердік. Ал, ол кісі төзді. Егжей-тегжейлі әңгімелесті. Маңдайдан сорғалаған терін сүртуге де мұршасын келтірмеді. Анталаған адамдар, ағыл-тегіл сұрақтар... Бәрінің де көкейіндегісін табу керек, көңілінен шығу керек. Ұзақәңгіменің ақыры – мемлекеттің қалтасынан алып ешнәрсе бермейтіні, барлығы да өздеріне, өздерінің пайдасы мол жұмысына байланысты екендігіне саяды. Егер іскерлік танытып байыса ешкім шек қоя алмайды. Өзіңе, өзіңе, тағы да өзіңе сен!

Мен президент болуға түк те қызыққан жоқпын...

Бұдан соң Мәскеуге бет алдық.

Мәскеуде жаңбыр жауып тұр екен.

2.Мәскеуде

Мәскеудің аспаны көз жасын көлдетіп қарсы алды. Республикамыздың Президентін Борис Ельциннен кейінгі басшылары мен әскери қолбасшылары құрметпен қарсы алды. Қазақтың «... ағайынға қадірің жоқ – бетіңді көреді» деген сөзінің растығын осындайда мойындаймыз. Өз еліңде қадір-қасиетіне жетпей, кезегің келгенше сүт таусылып қалса да ел басшысынан көріп, қарғап-сілейтін мінезіміз ол кісінің ауқымды ойы мен жоспарланған ісіне кедергі келтіріп, жүйкесін тоздырарын елеп-ескере бермейміз. Менің көзім жеткені: ұлттың намысын ойлап, жыртысын жыртып жүрміз дейтін қайсыбірімізден де Назарбаевтың қазақтың қамын әлдеқайда кең ойлайтын ұлтжандылығы. Бұл менің алла алдында да айтар адал мойындауым. Алайда, сан ұлт мекендеген қырық рулы жерімізді тістегеннің аузында, ұстағанның уысына беріп қойған ол емес қой. Өзіне дейін шұрық-шұрық тесіп, тілім-тілім кесіп тастаған жері мен тіліне тиек салып еңіретіп тастаған елін қайтсем емдеп, жазамын деумен арпалысып жүр. Демек, басқалар, алдыңғылар жіберген қателікті қайталамау ғана емес, түзеп алу үшін де адамдық үлкен ақылкерек. Сонымен қатар жергілікті ұлт өкілдері елу процентке жетпейтін кеңбайтақ елді алтыбақан алауыздыққа, онсыз да аз қазақты қантөгіске ұрындырмай сырттың сатқындығы, іштің мерездігінен сақтап, болашаққа бастау үшін күрестің қандай тәсілін таңдап алу керектігіне байланысты. Екі бүйірінен алпауыттай екі алып держава қысып тұрғанда бұл тығырыққа бабаларымыз да тірелген. Бәрібір әлін білмеген әлектіңкерін кимей, елдіңберекесін, тыныштығын ойлаған. Егер туған халқымыз көрінгеннің жағасына жармаса берсе, қазақтан тұқым қалар ма еді, қалмас па еді...

Сонымен, Мәскеу жылап тұр екен... Ресей басшыларының алдындағы Нұрсұлтан Әбішұлының беделі өте жоғары. Әлем алдындағы саяси беделінің зор екенін Хельсинкиде куә болдық. Журналистер берген сұраққа нақпа-нақ жауап бере келіп, «демалыс күндері неге келдіңіз?» деген ерсілеу сауалға: «Сонда қалай, Москваға демалыс күндері келуге болмай ма?» - дегенін барлығыңыз теледидердан естідіңіздер. Иә, ол кісі жексенбікүні де қызужұмыс істеп, алдағы үлкен халықаралық науқанға дайындалды.

«Внуково» аэропортынан қалаға тартылған жолмен ары-бері жүйткіген мәшинеде есеп жоқ. Көп дүние өзгерген. Өзгермеген Мәскеуге кіре берістегі үлкен әріптермен жазылған «СССР оплот мира» деген жазу, Ленин даңғылы бітер тұстағы көсемнің алып бейнесі. Мәскеу – күл-қоқыс төгілген қазаншұңқырға айналыпты. Адамның жанынан басқаның (тіпті іздесең ол да табылады) бәрі сатылады. Қымбат. Алматыдағыдан екі еседей қымбат. Сақадай сай бармасаң қайыр тілеп қаласың, өйткені жай ғана қонақ үйдің бір тәулік түнемелігі – 300 сом. Бармайық десең, әлі де талай шаруа Мәскеуге тіреліп тұрады.

Дүйсенбі күні, яғни шілде айының алтысы күні түскі сағат бірде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының кезекті мәжілісі басталды, «Октябрь» мейманханасының залында өткен мәжіліс басталмас бұрын ТМД-ның барлық басшылары орындарынан тұрып, қол шапалақтап құрмет көрсетіп, Нұрсұлтан Әбішұлын туған күнімен құттықтады. Бірсыпыра еларалық құжаттарға қол қойды. Қаптаған журналистердің аузында дәл осы күні біздің Президенттің есімі естілді. Өйткені Нұр-ағаңның туған күні, ең бастысы ТМД басшыларының алдында күрделі екі мәселе қойып, өткізе алды. Оның бірі жоғары экономикалық кеңес және сот құру туралы болатын. Қазіргі ұлтаралық дүрдараз соғысты ажырату үшін біріккен арнаулы әскер жасақталуы керектігіне де пәтуаласты. Мәжілістен соң баспасөз конференциясы болды. Бұл күні Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін он бір елдің тек Әзірбайжан Президентінің орыны ғана бос тұрды. Келесі мәжіліс қыркүйек айының 25-де Бішкек қаласында өтетіні белгіленді. Мәжіліс өткен үйдің іші мен сыртында Қазақстанның көк Туы желдіреп тұрды. Мәңгілігін тілейік те...

3. Хельсинкиде

Фин және Ботни қойнау мен Ладога көлінің төңірегін алып жатқан өлкеге Фин халқы тым ертеден орналасқан. Шведтіктер мен орыстардың ұзақ жылғы билеу-төстеуінен құтылып, дербес мемлекет ретінде отау тігіп, өздерінің тәуелсіздігін түбегейлі алғанына бір ғасыр да толған жоқ. Ресей экспанциясы сонау XVIII ғасырда басталып, сол кезде формальды түрде Швецияға қарайтын финдіктердің жеріне 1703 жылы Санкт-Петербургтің ірге тасы қаланды. Одан ары Ресей әскері шапқыншылығын жалғастырып Карелияны, соңынан бүкіл Финляндияны жаулап алды. Одан кейінгі тарихи шежіресіне тереңдемей-ақ, тәуелсіздік алған кезеңін айтсақ, 1917 жылғы төңкеріс пен Ленин желтоқсан айының алтысы күні өз биліктерін өздеріне берді. Бұл Ресей қол астындағы ұлттардың тәуелсіздігі мойындалған ең алғашқы да ақырғы ел еді. Тарихи кеңістікке салсақ содан бергі жүз жылға толмайтын уақытта Финляндия мемлекеті Европадағы алдыңғы қатарлы дамыған елге айналып үлгерді. Табиғат сый-сияпатын аямай-ақ берген өлкенің суы мен орманы өзіне теңдес таптырмайды. Орталығы Хельсинки қаласына жақындағанда ұшақтың терезесінен қарасаңыз үлкенді-кішілі жүздеген аралдар-архипелагын көресіз. Барлығында ағаш пен адам бар. Ал, Финляндияның бүкіл құрлығы мыңдаған көлдерден, көлді көмкерген ит тұмсығы өтпес орманнан тұрады. Сондықтан да болар әлемдегі ең әдемі қағазды финдіктер өндіреді. Сондықтан да көздің жауын алатын журналдар мен қалың газеттер көп шығады.

Аэропортта құрметпен қарсы алған соң Қазақстанның көк туы желбіреген мәшине сол маңға өте жақын орналасқан «Ванда» деп аталатын қонақ үйге зымырай жөнелді. Жарқыраған жолдың екі жағында әрбір екі жүз метр сайын қос-қостан полиция қызметкерлері тұрды. Барлығының тапаншасы, қол телефоны бар. Біздің өткенімізді бір-біріне хабарлап тұрды. Қонақ үй – бес жұлдызды дәрежесі бар, әзірше біздің түсімізге ғана кіретін жайлы, жұмсақ, өркениетті; оған тамсана бермей Хельсинки қаласының жайын сөз етсек бұл – курорт-қала деп айтуға тұратын, ауасы өте таза (үш күнде бір түтін иіскей алмадық), иін тірескен зәулім үйлері жоқ, ағаш-ағаштың шашырай орналасқан өз ерекшелігі бар. Ең ғажабы жүйткіген автомәшине тасқыны да, қайшалысқан көп адамдарды да көре алмайсың. Елу екі елдіңбасшылары келе жатқан соң жасырынып қалған секілді.

Елу екі үлкен-кішілі елдіңбасшылары нөкерлерімен жиналуының себебін айтсақ: 1975 жылғы сол кездегі президент Кекконенің мұрындық болуымен Хельсинкиде Европадағы қауіпсіздік және өзара байланыс жөніндегі мәжіліс өткізіледі. Олкезде барлығы 35 ел келісім шартқа қол қойса, қазір ұзын саны 52-ге жетіп отыр. Бұрынғы мәжіліске барлық республикалар атынан ресейліктер ғана қол қойып, КСРО-ның туы желбіресе, қазір Қазақстан бастаған тәуелсіз мемлекеттердің талайының төл туы желбіреп тұрды. Бұл жөнінде Чехсолвакияның басшысы мәжілісте сөйлеген чөзінде «бұрын бірыңғай қызыл түс үстемдік алып тұрушы еді,енді сандаған түс сап түзейтін болды. Орта Азия наркоздан оянғандай болды», - дегені есімде қалды. Халықаралық үлкен жиынға келгендерге қызмет көрсету үшін 5 мың полиция тартылып, 2 мың журналист қатыстырылған екен. Соның нәтижесі болар, бір де бір рет тәртіп бұзылып, келген қонақтардың тыныштығы бұзылған жоқ.

Шілде айының 8-і күні түстен кейін сағатүште Хельсинки залында өзара келісім-шартқа қол қою рәсімі басталды. Қол қою рәсімін Финляндия президенті Мауно Койвисто сөзсөйлеп ашты. Оған Европа қауіпсіздігі мен өзара байланыс шартына жаңадан кірген 9 мемлекеттің басшысы қатысты. Бел ортасында Қазақстан Республикасының туы бар залдағы Түйіндеме шарт құжатына қол қою рәсімінде әр мемлекеттің басшылары шығып қысқаша сөз сөйледі. Бұл құжат алты тілде басылып, түпнұсқасы Финляндия мемлекетінің архивінде сақталады екен де, көшірмесі әр елге таратылады.

Европадағы қауіпсіздік және өзара байланыс (СБСЕ) жөніндегі Жоғары дәрежелі кездесу мәжілісінің алғашқы күнін басқару төрағалығына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ие болды. Бұл қазақеліне және оның басшысына деген үлкен құрмет еді. Жоғарыдағы бір ойымызды тағы да қайталап айтсақ Н.Назарбаевтың халықаралық беделі аса жоғары екеніне мәжәләс үстінде, үзіліс кезінде көзіміз жете түсті. Айталық, Жоғары дәрежедегі мәжілістің үзілісін пайдаланып Франция Президенті Ф.Миттеран, Испания үкіметінің Төрағасы Феликс Гонсалес, Швейцария делегациясының басшысы Адольф Огилес және Германия Федерациялық Республикасының канцлері Гельмут Коль, Румыния Президенті И.Илиескумен кездесіп, Түркияның Премьер-министрі С.Демирел, Америка Құрама Штаттары мемлекетінің хатшысы Дж.Бейкермен дидарласты. Міне осынау өте нәзік те кірпияз келетін халықаралық дипломатиялық қарым-қатынаста ұстараның жүзінде тұрғандай сезінесің өзіңді. Әсіресе, тәуелсіздігін жаңадан алып, әлемге енді-енді ғана өзін егемен ел ретінде таныта бастаған қазақстан үшін байланыстың жібек жібін үзіп алмау үшін күресесің. Мұндайда қазақтың байсалдылығы мен шешендігі болмаса, жадағай қазақшылығы ештеңегежарамай қалады. Біздің Президентіміздің сөзін ресми өкілдер мен журналистер ынта қоя тыңдады. Өйткені ол мұндада көкейіндегі көкейкесті ойларын жеткізе білді. Егер Азияда Европадағыдай қауіпсіздік және өзара байланыс жөнінде халықаралық ұйым құрылар болса, Алматы Азиядағы Хельсинки болуға, үйлестіру орталығы болуға әрқашан даяр екенін, мұндай игі шара екі құрлық арасын бұрынғыдан ары жақындастыра түсерін ашып айтты. Ол ойды барлық мемлекет басшылары қызу құптады. Тәуелсіздік дегеніміз – тұйықталу емес, қайта қазақтың «атың барда желіп жүріп – жер таны, асың барда беріп жүріп – ел таны» деген нақылын өсиет ретінде ұстанатын, қанатымызды мейілінше кең жазып ұшып, дүниежүзілік саяси-экономикалық табаққа ортақтасатын алды ашық, адымы мен құлашы кең мәселе. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ теледидарының сұрағына ұшақ ішінде қысқаша берген жауабында айтты да. «Түбі игілікті боларын сезген адам жауын арқалап жүрсе де азап шекпейді» деген сөздің керегі де дәл қазіргі алмағайып кезең дер едік. Қолдан жем жеген құстай алысқа ұша алмай жербауырлап қалсақ – тәуелсіздіктен не пайда?..

Егеменді ел болған соң халықаралық ұйымдарға мүше болып кіру ауадай қажет. Бұл біздің, жаман айтпай жақсы жоқ, қауіпсіздігіміз үшін де керек. Президенттің осы сапарда НАТО басшысымен кездесуі де соны меңзейді.

Жоғары дәрежелі мәжілісте Ресей Президенті Борис Ельцин сөйлеп, «Коммунизм елесі Европа үшін әрқашан жеккөрінішті еді» дей келіп, өзінің де бұл мәжіліске алғаш рет қатынасып отырғанын айтты. Ал, Австрияның ел басшысының өз сөзінде «Коммунистік билеп-төстеушіліктің күйреуі ұзақ уақыт тазалай алмайтын күл-қоқыс тастап кетті» деуі де ойландырады.

Жоғары дәрежелі кездесудің соңғы күнінде осы мәжіліске қатысқан мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары «Үміт және өзгеріс кезеңінің проблемалары» деп аталатын Декларация қабылдады (ол баспасөзде жарияланды).

Жоғары дәрежелі кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің ресми нөкерлері Қазақстанның Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов, Қазақстан парламентінің мүшелері Сұлтан Сартаев, Мұхтар Шаханов қатысты.

Сонымен қорыта келе айтарымыз: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеті күннің ішінде жер шарының жартысын аралап шықты деуге болады. Өте ұзақ ұшу, өте қызу да қызықты кездесулер. Сондықтан да, амал жоқ, туған күнін Мәскеудегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының кездесуінде қарсы алуға тура келді. Европадағы қауіпсіздік және байланыстың келсім-шарт құжатына қол қойды. Жоғары дәрежелі кездесудің мәжілісін басқарды, өзі екі рет сөз сөйледі, көптеген елдің басшыларымен кездесті, журналистердің сандаған сұрағына жауап берді. Барлығына уақыт тапты.

Біз Мәскеуде де, Хельсинки аэропорты мен қол қойылған, кездесу өткен ғимараттың алдында да, Көрме Орталығында мәжілістің төралқалары отырған сахнадан да, қай жерге барсақ сол жерден Қазақстанның күн арқалап самғаған қыран құсы бар көк Туын көрдік. Құдай-ау, біз де әлем тани бастаған, әлем мойындай бастаған егеменді ел болдық-ау, ұзағынан сүйіндіргей деп тілейік.

Оралхан БӨКЕЙ,

Алматы – Ақмола – Мәскеу – Хельсинки – Алматы.

«Қазақ әдебиеті» газеті 1992 жыл шілде.

Суреттерді түсірген: Иосиф Будневич

(Мақала Ғалия Бөкейқызының жеке қорынан алып берілді,

қатаң түрде BAQ.kz редакциясының жазбаша рұқсатымен жариялау керек!)


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер