BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Орыс сахнасында алғаш рет «Алпамыс» эпосының желісі бойынша спектакль қойылды

Фото: Александр Жабчук

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры қазақ халқының батырлар жыры – «Алпамыс» эпосының желісі бойынша «Аманат» қойылымын өнер сүйер қауымның назарына ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде «Алпамыс батырдың» орны ерекше. Батырлық эпос – 1000 жылдан астам уақыт бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл мұраларымыздың бірі. Эпосты қоюшы-режиссер – ҚР еңбек сіңірген әртісі Бекболат Пармановтың айтуынша, спектакль орыс сахнасында алғаш рет қойылып жатыр екен.

«Алпамыс» эпосының желісі бойынша «Аманат» спектаклін қойдық. Қойылымның материалдарымен 1 жылға жуық жұмыс істедік. Себебі, «Алпамыс» қойылымына арналған арнайы пьеса болмаған. Сондықтан инсценировканы өзіміз ұйымдастыруға тура келді. Яғни бұл қойылымның 5-ші нұсқасы. Әрине актерлер қобалжыды. Өйткені, эпостық жырлардың кейіпкерлерін сахнада сомдау өте қиын. «Алпамыс» эпосы барша түркі тілдес халыққа ортақ. Мысалы, «Алпамыс» операсы сақтаулы, оның көптеген нұсқасы бар. Өзбектер де «Алпамыс» спектаклін қойған. Ал біз қойылымды аңыз әңгімеге негіздедік. Бұл – аңыздың алғашқы қазақстандық нұсқасы», - деді ол.

Бекболат Пармановтың айтуынша, Жетісай қаласында осыған ұқсас спектакль қойылған. Бірақ ол «Алпамыс» эпосының өзбекше нұсқасынан алынған.

Режиссер орыс сахнасында қойылып жатқан спектаклдің негізгі ерекшеліктеріне тоқталды.

«Сахнаның декорациясына да баса мән бердік. Нақты айтсам, сахнаның ортасындағы арба – уақыттың символы. Ал арба төңкеріліп қалса, өмірдің тоқтағандығын білдіреді. Алпамыс әділеттілік үшін күрескен батыр ғана емес. Ол тәуелсіз ұлттың жауынгерлік рухын көрсетеді. Біз халыққа жоғалған рухын қайтарып бергіміз келді. Өйткені, рухсыз халық мықты бола алмайды. Батырлық эпос жас буынды патриоттық сезімге баулуға және Отанын қорғауға ұдайы әзір болуға даярлау мақсатында репертуарға енгізілді», - деді режиссер.

Ал қойылымда басты рөлді сомдаған Максим Ященко «Алпамыс» батырдың рөлін сомдау қиынға соққандығын айтты.

«Біз қойылымға 2,5 ай дайындалдық. Алпамыс туралы көптеген деректер, тарихи материалдар оқыдым. Көрермендердің түсінігі бойынша басты рөлде, жағымды кейіпкерді ойнау – өте оңай. Жоқ, олай емес... Спектакль көрермендердің көңілінен шықты деп ойлаймын», - деді актер.

Спектаклді қоюшы-суретші – Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Юлдаш Нурматов. Батырдың костюмдерін сол дәуірге сай етіп жасаған қырғызстандық суретші Зухра Мукамбетова.

Айта кетейік, қойылымды Астана қаласындағы М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында бүгін сағат 18:00-де тамашалауға болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер