BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Оралбай ӘБДІКӘРІМ: Тәуелсіздік алған соң Қазақстан бір жыл парламентсіз жұмыс істеді

Қазақтың саяси қоғамы, үкіметтік құрылымы, парламенттік жүйесінің қалыптасуы Тәуелсіздік алғанымызға азғана уақыт болса да өте сенімді әрі өте қарқынды түрде дамыды. Бұл дамудың, бұл қалыптасудың басында Елбасы тұрғаны белгілі. Жалпы, осыдан ширек ғасыр бұрынғы енді ғана азаттығын алған Қазақстанның аяғын нық басып, өзгемен терезесін тең етуде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының еткен еңбегі ұланғайыр.

Жоқтан бар жасап, қазақты өзгемен теңестіремін деп төгілген тер бүгінде ақталды. Бүгінгі таңда басқасын айтпағанда, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануының өзі – дүниежүзінің бізді мойындағанның бір көрінісі.

Дала заңына бағынып, қазақы болмыспен, адамгершілік пен ағайындықтың басқарыуына бағынған қазақ елін дүниежүзілік ел басқару саясатына сай етіп қалыптастыру жолы туралы сөз қозғаған Оралбай Әбдікәрім «Біз Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін адам бостандығын қалыптастырдық» дейді.

- Кез келген империяның өзінің шарықтау шегі, өзінің құлайтын уақыты болады. Бір кезде дүркіреген Кеңес дәуірі де келмеске кетті. Горбачевтің қайта құру туралы бастамасынан кейін-ақ көптеген мемлекеттер либералдық қозғалысқа түсе бастады. Соның нәтижесінде қанша тырысқанымен Кеңестік империя құрдымға кетті. Және бұл құлдырау біздің елдің Тәуелсіздік алуымен аяқталды, - деп еске алды 25 жыл бұрынғы Қазақстан жағдайын ол.

Бірінші қазан күні қабылданған декларацияны құрамында Оралбай Әбдікәрімовтің өзі де бар 360 депутат үш күн бойы талқылап, бір шешіммен қабылдаған болатын.

- Жаңа мемлекет құру, оны қалыптастыру, оның сырт елдермен байланысын нығайту оңай шаруа болған жоқ. Ең бастысы, мемлекетіміз бар, бірақ мемлекеттік атқару органдары, мемлекетке тән нышандар болған жоқ. Қорғаныс министрлігі, Сыртқы істер минситрлігі, т.б. нақты мемлекет болып нығаюға қатысты құрылымдар болған жоқ. Бар органдарға кадр жетіспеді. Мемлекет ісін алға жылжыту үшін кадрлар керек болатын, - дейді қоғам қайраткері.

Сол кездегі басты мақсат – бодандық бұғаудан босап, тоталитарлық жүйеден либериалдық жүйеге ауысу еді. Және жоспарлы экономикалық жүйені жолға қойып, нарықтық қоғамның алғышарттарын жасау болатын. Бұл мәселеде де Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының батыл қадам жасап, үш жылдық стратегиялық жоспар құруы елді тығырықтан шығарған болатын.

Елбасы құрған стратегиялық жоспар негізінде Қазақ елі тәуелсіздіктің алғышарттарын орындап, алыс-жақындағы шет елдермен, көрші алпауыт мемлекеттермен барыс-келісті орнатып, дипломатиялық қарыс-қатынасты қалпына келтіріп үлгерді. Алайда, Президент осы үш жылдық жоспармен ғана тоқталып қалған жоқ...

- 1997 жылы Президентіміз жаңа бағдарлама ұсынды. Онда ел дамуының 2030 жылға дейінгі жоспары белгіленіп, 7 түрлі басымдық алға тартылды. Елбасының бұл 7 түрлі басымдығы да өз кезегінде орындалып, халық игілігі үшін жұмыс атқарды. Бұл туралы 2014 жылғы Халыққа Жолдауында Елбасы қорытынды жасап, атқарылған жұмыстарға арнайы тоқталды. Және осындай стратегиялық жоспарлар арқылы ұлттың, елдің, мемлекеттің дамуын бірізділікпен алға жылжытуға болатынын тәжірибе жүзінде көрген Нұрсұлтан Әбішұлы осы жылы «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдады. Бүгінгі таңда барлық құрылым, барлық сала осы «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бойынша қызмет атқарып келеді.

Бүгінде өзгемен терезесі тең, әлем таныған Қазақ елінің экономикасы тұрақты, әлеуметтік жағдайы Құдайға шүкір, ешкімнен кенде емес. Дегенмен, сол бір аласапыран жылдары ел экономикасының еңсесін түзеу оңайға түскен жоқ.

Әрине, әр дағдарыс өз кезегі келгенде өтеді де кетеді. Бұл тұрғыда біздің еліміз «мұнан жаман күнімізде де тойға бағанбыз» дегендей, мұнан қысылтаяң сәттерден де сәтімен шыға білген. Ең бастысы, бізде дамуға, ел ертеңіне сеніммен қарауға мүмкіндік беретіндей бағдарламамыз бар. Осының негізінде біз әлеммен терезесі тең ел ретінде танылдық. Әрине, олар бізді тануға мүдделі болған кездері де болды. Ал осындайда, 1991 жылы Қазақстан деген мемлекет жер бетінде пайда бола қалған сәтте, Тәуелсіз Қазақ елін ең алғаш болып мойындаған қай ел еді? Бұл туралы пікір екіге жарылады. Ал ақиқаты...

Түркия алғаш болып Тәуелсіз ел ретінде бізді мойындады. Ал өз еркі өзіне тиіп, өз іс-әрекеті үшін өзі жауап бере алатын дәрежеге жеткен Қазақстанның алғашқы болып дипломатиялық қарым-қатынас жасай бастаған мемлекеті Ресей болатын. Себебі, ол ең жақын көршіміз әрі кеше ғана соның құрамынан шыға тұрып, онымен әлі де ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқандықтан бұл заңдылық еді.

- Сырт елдермен дипломатиялық қарым-қатынаста болу біз үшін өте қажет болды. Әуелі Ресеймен, сосын мына көршіміз Қытаймен байланыс орнаттық. Түркия, АҚШ елдері де бізбен дипломатиялық байланыс орнатуға талпынды. Біздің тарапымыздан елшіліктеріне орын тауып беру, арнайы олармен жұмыс істейтін өкілдер тағайындау қатарлы жұмыстар жүргізілді. Соның негізінде көптеген мемлекеттермен бірлесе қызмет атқарып келеміз.

Әлемге бейбітшілік сүйгіш, ынтымақтастық мемлекет ретінде танылған еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары министрліктерді, басқару органдарын, атқарушы билікті тағайындаумен қатар мемлекеттің бірден бір қалыптасу алғышарты – парламентті жасақтауды қолға алды.

- Оның өз тарихы бар. ҚазССР кезіндегі депутаттар Президентті сайлады. Алғашқы Ата заңды да солар қабылдаған болатын. Ел тәуелсіздігін жариялаған да сол депутаттар еді. Артынша бұл құрам тарқатылды. Осы тарқатылған депутаттар Президенттің өкілеттілігін тағайындады. Сол арқылы Қазақстан бір жылдай парламентсіз жұмыс істеді.

Әлемдік деңгейдегі басқару тәжірибесіне сүйене отырып құрылған екі палаталы парламент жүйесіне келісе алмағандар да көп болды. Себебі өзге мемлекеттер секілді құрамында федеративті республикалар, автономды райондары жоқ Қазақстан үшін екі палаталы парламенттің не қажеті бар дегендер де болды ол кезде.

- Бұл тұрғыда құрамында ондай бөлшектері жоқ, бір ғана ұлттан тұратын мемлекеттердің өзінде екі палаталы парламент жүйесі жұмыс істеп келеді. Ал біздің елімізде жүзден астам ұлт өмір сүреді, Қазақстан халқы ассамблеясы бар, ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті негізге ала отырып, екі палаталы парламенттің тиімділігі артық екенін байқадық. Соның негізінде қазіргі парламентіміз қалыптасты. Кәсіби парламент болып дамыды.

Кеңес үкіметінің құрамынан шығып, дербес ел болып, өз қолымыз өз аузымызға енді жете берген уақытта, нақтырақ айтсақ 1993 жылы Ресей өзінің төл теңгесін қайта жаңғыртып, жаңа ақшасын шығарды. Осының салдарынан Қазақстанда сол кездегі айналымда жүрген Ресей рублі ештеңеге жарамсыз болып, бопыр ақшаға айналып қалды. Бұл өзі нарыққа өтіп, өзінің төл теңгесі жоқ Қазақстан үшін экономикалық кедергіден басқа ештеңе әкелген жоқ. Дегенмен, бұл тығырықтан шығар жол да табылды.

- Бұндай құйтырқылықтан Елбасының көрегендігінің арқасында жол таптық. Олай дейтініміз, Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап барлық жағдайды саралап, сараптай келе, мемлекетке керек алғышарттардың барлығын ойластырып жүрген екен. Дәл осы тығырыққа тірелген тұста да арнайы, құпия түрде шағын ғана топты ұйымдастырып, Қазақ елінің өз төл теңгесін жасап шығаруды тапсырған екен. Ресейдің айналымнан шығып қалған қоқыс ақшасының орнына өзіміздің теңгемізді қалай кіргізу керектігін ақылдастық. Ұлыбританияда, Лондонда қазақ теңгесінің қандай болуы керектігі, дизайны, көлемі, түр-түсі қандай болуы керектігі туралы арнайы топ жұмыс істеді. Әлі есімде, Елбасының жарлығымен 1993 жылы қарашада қазақ елінің тұңғыш теңгесі таратыла бастады. Еліміздегі бүкіл банктер күні-түні жұмыс істеген еді.

Ресейдің қоқыс ақшасы, халықтың нарықтық жүйе мен теңге ауысуына деген көзқарасы, экономикалық тұрақсыздық, т.б. көптеген әлеуметтік жағдайлар шиеленісіп тұрған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» әлеуметтік-экономикалық жағдайдан жол тауып шығудың өзі оңай болған жоқ.

- Елдің барлығы кеңестік жүйеге үйреніп қалған, барлығын үкімет атқарады деп отырған еді. Тәуелсіздік алғаннан бастап жекешелендіру жүргізілді. Әрбір жеке адамның жұмыс істеу қабілеті ескерілді. Мүмкіндік жасалды. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан адам бостандығына мән берді. Әркім қандай кәсіппен айналысамын десе еркіндік берді.

Сонымен қатар, Қазақстан ТМД мемлекеттер арасында алғашқы болып нарықтық экономикаға қадам басты. Бұл да елдің экономикалық, әлеуметтік тығырықтан тезірек шығуына ықпал етті. Тіпті, біздің осы нарыққа кіру тәжірибемізді түсінген көрші мемлекеттер де біздің нарыққа бейімделген заңдарымызды өздеріне үлгі ретінде пайдаланды.

Қазақстан елінің дамуы, 25 жылда жеткен жетістігі мен мемлекеттік құрылым жүйесінің бір сұқбатқа симасы анық. Және оны бір ғана тұлғаның айтуымен халыққа жеткіземін деу де асылық болар еді. Дегенмен «теңіз тамшыдан құралады» дегендей бүгінгі жаңалықтың, бүгінгі әрекеттің ертеңгі тарих болары сөзсіз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Қазақ елінің жазған Тәуелсіз тарихының бір парағы осындай болған екен. Ел болып елдігімізді, ұлт болып ұстынымызды, ұлыс болып ұлағатымызды сақтаған халық екенімізді әрқашан мақтан тұтайық!

ВИДЕО: Азамат ӘЛИЕВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер