BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мұрат Құсайынов пен Ұлықпан Жолдасов «Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi» атағын алды

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Бүгiн ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова Тәуелсiздiктiң 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақордада бiр топ азаматқа мемлекеттiк награда табыс еттi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Iзгi дәстүр бойынша жыл сайын Тәуелсiздiк күнi қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елге еңбегi сiңген Қазақстан азаматтарының елеулi тобын мемлекеттiк наградалармен марапаттайды. Биыл елiмiздiң мәртебелi мерей белесiнде Мемлекет басшысының жарлығымен 2710 адам жоғары мемлекеттiк наградаға ие болды. Бұл ел Президентiнiң Қазақстан азаматтарының, оның iшiнде сiздердiң Тәуелсiздiктi нығайтудағы еселi еңбектерiңiзге берiлген елеулi бағасы деп қабылдауымыз керек», - дедi Г.Әбдiқалықова.

Оның атап өтуiнше, ел Тәуелсiздiгiнiң биылғы елеулi белесi барша халқымыз үшiн еңселi мерекеге айналды. Ширек ғасырда Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан демократиялық, саяси-құқықтық жүйесi бар, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты жақсы, бейбiт тiрлiк, берекелi дамумен танылған мәртебелi мемлекет ретiнде қалыптасты.

«Ата-бабаларымыз аңсап өткен бұл тарихи дәуiр 1991 жылғы 16 желтоқсанда «ҚР Мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заң қабылданғаннан кейiн басталғаны өздерiңiзге мәлiм. Бүгiн награда алғалы тұрғандардың iшiнде әр алуан маман иелерi бар. Тәуелсiздiктiң тұғырын бекiту жолында тер төгiп жүрген сiздердiң баршаларыңыз Қазақстанды жаңа биiктерге бастап, еңбекте жемiстi нәтижелер көрсете бiледi деп сенемiз», - дедi Мемлекеттiк хатшы.

Сонымен, III дәрежелi «Барыс» орденiн Қаржы министрлiгiнiң жауапты хатшысы Наталья Коржова, Қазақ тамақтану академиясының президентi Төрегелдi Шарманов алды. Мемлекеттiк хатшы «Парасат» орденiмен марапаттағандардың iшiнде «Қазатомөнеркәсiп» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев, Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнiң ректоры Динар Нүкетаева, Сәулетшiлер одағының президентi Ақмырза Рүстембеков, ақын Серiк Тұрғынбекұлы, Қазақстанның қолдоп федерациясының құрметтi президентi Дәулет Тұрлыханов бар.

Сондай-ақ, II дәрежелi «Достық», «Құрмет», III дәрежелi «Еңбек Даңқы» ордендерi мен «Ерен еңбегi үшiн» медалi де өз иелерiн тапты.

Бұдан бөлек, «Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi» атағын алғандардың iшiнде «Дос-Мұқасан» ансамблiнiң көркемдiк жетекшiсi Мұрат Құсайынов, әншi, сазгер Ұлықпан Жолдасов, «Астана Опера» театрының жетекшi опера солисi Жұпар Ғабдуллина бар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер