BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетауда «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» шарасы басталды

Фото: автор

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналған 25 жұлдызды күн аясында Көкшетау қаласында да «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» шарасы бастау алды. Жұлдызды 25 күннің бірінші күні – «Қазақстан Республикасының Конституциясы» деп аталып, «Достар» мәдениет сарайында оның ашылу салтанаты өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған ауқымды шараға 300-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат болды.

25 жұлдызды күннің бірінші күнін Ата Заңға арнау да маңызға ие. Басты мақсат, жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті ұялату, туған жерге деген құрмет, ынтымақ пен бірліктің туын берік ұстауға баулу.

Жиналғандарды қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса құттықтап, әрбір жұлдызды күн Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген табыстарына бағытталатындығын атап өтті.

«Еліміздің дамуына ықпал етуші тұлға Елбасы-Ұлт Көшбасшысының тарихи рөлін атап өту басты назарда болады. 25 жұлдызды күн қазақстандықтарды бірлікке бастап, еліміздің өркендеуінің кепіліне айналмақ. Бұл шараларға жастар, этномәдени бірлестіктер, азаматтық қоғам институттары қатысады»,–деді ол.

Жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласқан шара облыс орталығында бастау алған игі істі мазмұнды ете түсті.

Бұл күні сондай-ақ Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Елдің асыл тірегі» тақырыбында ашық сабақ, «Қоғамдық келісім» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Конституция – Қазақстан халқы бірлігінің күні» жалпы республикалық акциясы өтті. Оған этнобірлестіктер, жастардың экологиялық бірлестігі ұйымының өкілдері, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты. «Бірыңғай ұлт болашағы» көрмесі ашылып, «Конституция – Қазақстан халқы бірлігінің кепілі» тақырыбына дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Осы шара «Мен-Қазақстанның азаматымын» атты жалпыұлттық акциясымен жалғасын тауып, 16 жасқа толған жастарға төлқұжат пен жеке куәліктер табыс етілді. Сонымен қатар Тәуелсіздік алаңында және Тәуелсіздік тұғыры алдында жастардың флешмоб акциясы ұйымдастырылды.

Ақмарал АЙҒАРА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
24 Қазан 2018, 09:37
Жаңа күнім - жаңа бағым
01 Қазан 2017, 21:18
Ұстаз – ұлы есім
Пікірлер