BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстан саяси тұрғыдан дұрыс шешім қабылдады – Италия елшісі

Фото: time.kz

Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньян еліміздің 25 жыл ішінде жеткен жетістігіне баға беріп, қазақ елін келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазақстан – жас мемлекет. Себебі, елдеріңіз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлағалы отыр. Осы уақыт аралығында қазақ елі бірқатар жетістікке жетті. Шет елден келген азаматтар елдеріңіз биік белесті бағындырғысы келетінін бірден байқайды», - деді елші.

Сонымен қатар, Стефано Раваньян Италия «ЭКПО-2017» көрмесіне қатысуға дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқандығын айтты.

«Мен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде италиялық жобаларды қарайтын комиссармын. Әзірге қанша жоба қаралып жатқанын нақты айта алмаймын. Бүгінде біз павильонның құрылысына қатысты жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Кейін онда өтетін мерекелік шараларды нақтылаймыз. Италияда пайдалы қазбалар өте аз. Сондықтан жоғары инновациялық технологияларға баса мән береміз. Бұл сала елімізде жақсы дамыған. Италия «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде өзінің инновациялық технологияларын көрсететін болады», - деді ол.

Төтенше және өкілетті елші Қазақстанның саяси тұрғыдан дұрыс шешім қабылдағандығын жоғары бағалады. Оның пікірінше, еліміз осы бағыттағы жұмысын одан әрі жалғастыруы шарт.

«Қазақстан дамудың сара жолында келе жатыр. Елдеріңіз саяси тұрғыдан дұрыс шешім қабылдады. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра түсу қажет. Менің ойымша, қазақ елінің оған күші жетеді. Сіздер дұрыс бағытта келе жатырсыздар. Сіздерді келе жатқан тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын», - деп түйіндеді сөзін Стефано Раваньян.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер