BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақ елі өзінің азат ел екендігін түсінсе деймін – тәуелсіздік құрдасы  Эксклюзив

Өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, қаламын қару етіп жүрген журналистердің жұмысы өте жауапты екені белгілі. Әсіресе, ақпараттар ағыны жағадан алған заманда. Еліміздің біртуар азаматы Міржақып Дулатов: «Қай ұлттың баспасөзі мықты болса, сол ұлттың өзі де мықты» деген болатын.

Алайда қазіргі таңда қазақ баспасөзінің деңгейі қандай? Жақында белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин «қазақ журналистері қағаздан қорқады» деп мәлімдеме жасаған еді. Осыдан кейін «жоғарғы оқу орындарында болашақ журналистерді қалай дайындалып жатыр?» деген сұрақ туындайды. Осы сауалға жауап алу мақсатында Baq.kz тілшісі Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Айнұр Ташмаковамен сұқбаттасты.

Айнұр Ташмакова – Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі, тәуелсіздік құрдасы. Ол 2013 жылы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін білімін шетелде шыңдағысы келеді.

«Болашақ» бағдарламасына түсуіме әкемнің айтқан ақылы әсер етті. Осыдан кейін, бағдарламаға құжаттарды жинадым. Ал бағдарламаға дайындалуға 1 жыл уақытым кетті. Әрине, қиын болды. Себебі, көп тест тапсырасың. Олардың аралығы 1-2 ай. Бірақ, соған қарамастан көптен бергі арманымды жүзеге асыруға тырыстым. Сондықтан аянбай еңбектендім. Тесттің қорытындысын естігеннен кейін жеңілдеп қалдым. Бала күнгі арманым орындалды. Еңбегім ақталды», – деді ол.

Англияда 2 жыл білім алған жас маман шетел журналистерді қалай оқытатындығын айтып берді.

«Мен бағдарлама бойынша Англияның Лестер университетіне түстім. Сонда журналиситика мамандығы бойынша 2 жылдай оқыдым. Білім беру жүйесінде айырмашылықтар бар. Біріншіден шетел біз сияқты романтик емес. Бізде журналистиканы әдебиет деп қараймыз да оны өнерге жатқызамыз. Бірақ шетелде журналистика – бизнес. Екіншіден, Англияда журналистерді мықты маман ретінде дайындау үшін жазуға баса мән береді», - деді маман.

Сонымен қатар, Айнұр елімізде журналистерді оқыту барысында қандай кемшіліктердің бар екендігіне тоқталды.

«Алғашында мен қазақстандық білім беру жүйесіне көңілім толмаған. Бірақ Англияға барғаннан кейін біздің білім беру жүйеміз олардан кем түспейтіндігіне көзім жетті. Қазақстандықтар білімді. Бізде ғылымның жақсы іргетасы қалыстасқан. Бірақ бізде алған білімді нақты істе пайдалану барысы кемшін түсіп жатады. Мысалы, журфакта көп нәрсе ауызша айтылады. Бірақ, ол жерде жақсы ұстаздар бар. Ал ағылшындықтар жазбашаға баса мән береді. Оларда «егер жаза алмасаң, сенен мықты кадр шықпайды» деген қағида бар. Бір ескеретін жайт, Англияда мамандар кез-келген нәрсені жүйелі түрде зерттейді. Ал біз бір саланы жалпылама зерттейміз. Сондықтан бізге тереңдік жетіспейді», – дейді маман.

Сонымен қатар, жас ұстаз Англияда басынан өткізген қиындықтар туралы да айтып берді.

«Өзге тілде журналистика бойынша білім алу өте қиын. Ал техникалық мамандықтарға ағылшын тілі бойынша білім алу сәл жеңілдеу. Жалпы біз тіл саласының маманы болғандықтан бізге ауырлау. Жасыратыны жоқ, оқу процесі қиындау болды. Бірақ соған қарамастан ағылшын тілің жетік меңгердім десем болады», – деді ол.

Әңгіме барысында Айнұр шетелден алған білімін жас журналистерге үйретіп жатқандығын жеткізді.

«Шетелден алған тәжірибемді оқыту процесіне енгізіп жатырмын. Бірақ ол ойымды жүзеге асыруда қиындықтар туындауда. Мен студенттерге ғылыми эссе жазғызып жүрмін. Шетелдің білім беру жүйесі эссеге негізделеді. Біз эссені «мен неге журналист болғым келеді?» деген қияли тақырыпқа жазамыз. Бірақ, ғылыми эссе фактіге негізделеді. Эссе арқылы жас журналист ойын фактімен жүйелі түрде жеткізуге үйренеді. Студент ақпарат іздейді, дәлелдейді. Бір сөзбен айтқанда, ол жазып үйренетін болады. Қазіргі таңда бұл әдісті «Қазақ журналистиканың тарихы» пәніне енгіздім», – деді ол.

Сөз соңында, «Болашақ» бағдарламасының түлегі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай халыққа ізгі тілегін білдірді.

«25 жылда жеткен басты жетістігіміз – тұрақтылық пен бейбітшілік. Елімізде отанын сүйетін азаматтар көп болсын. Бірақ қазақ елі өзінің азат ел екендігін түсінсе деймін. Халықта конфлекс бар. Біз бір нәрсені білмесек, оны меңгеруіміз керек. Құлшыныс болушы шарт. Біз басқа елдермен тереземіз қашан тең болады? Сол салалардың зерттеп, дамытқанда», - деп түйіндеді сөзін оқытушы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер