BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Егемендік тойына арналған күлкі фестивалі жалауын көтерді

Астана. 26 мамыр. Baq.kz - Ақтөбеде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Айтқыштар Ақтөбеде» VII республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оған еліміздің мәдениет және өнер мекемелерінен әзіл-сықақ жанрын насихаттап жүрген 14 театр мен 3 жеке орындаушы қатысты. Фестивальді ұйымдастыруға облыс әкімінің, сонымен қатар, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры мұрындық болып отыр.

Аталған мәдени шараның алдында «Екі езу» сатира театрының арнайы ұйымдастырған көлеңкелі қойылымы ұсынылып, Елтай Кемалдың режиссерлығымен кешегі қазақы қалжыңның көсегесін көгерткен «Тамашаның» тарландарын еске алу мақсатында театрландырылған хореографиялық көрінісі көрермен назарына ұсынылды.

Фестивальдің бас жүлдесін «Менің күйеуім қызғаншақ» комедиясын қойған Атырау қаласының «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театры мен «Дәрігерлер әлемі» және «Психолог» интермедияларын қазылар талқысына ұсынған Алматы қаласының «Керемет» әзіл – сықақ театры қанжығаларына байлап, әрқайсысы 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Екі бірінші орынды Тараз қаласының «Талас таланттары» әзіл – сықақ және Оңтүстік Қазақстан әзіл – сықақ және сатира театрлары иеленіп, әрқайсысы 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Фестивальге қатысқан әзіл – сықақ театрларының қай –қайсы да сый – сияпаттан құр қалған жоқ. Оларға да ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер