BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Өмiрбек Байгелдi: Доллар, евро болсын, қалтама теңге салмай, ешқайда бармаймын

Бүгiн Ұлттық музейде мемлекет және қоғам қайраткерлерi жиналып, ұлттық валютаның тарихы, айналымға енуi мен теңгенiң маңызын талқылады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай өз сөзiнде ұлттық валютаның атауына қатысты қандай ұсыныстар болғанын тiлге тиек еттi.

«Ұлттық валютаны қалай атауға байланысты сол кезде үлкен әңгiме болған. Сом, ақша, алтын деген әр түрлi ұсыныстар болды. Түптеп келгенде, «деньги» деген сөздiң төркiнiнде жататын «теңге» деген байырғы атау нұсқалардың iшiнен таңдалынып алынды», - деп еске алды Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай.

Ал қоғам және мемлекет қайраткерi Өмiрбек Байгелдi бұл сөздердi де кеңiнен пайдаланып, ешқайсысын ығыстыруға болмайтынын атап өттi.

«Құн деген сөз бар. Қасымыздағы халықтың бiр кезде ақшасының аты құн болған. «Базарда жылқының құны қанша болыпты?» деген сияқты мағынада бiзде пайдаланылады. Екiншi бiр пайдаланатын сөз - ақша. Ақша деген сөз көп айналымда болған. Болгар халқын орыстар славянға жақын, туыс халық дегенге мен солай шығар деп, қолымды бiр сiлтеп қойған едiм. Содан бiр жерде ақша сөзiн пайдаланатынын байқадым. Бұл жайт болгар халқының тарихын оқып шығуыма себеп болды. Сөйтсем, олар ақша деп айтады екен. Содан барып қарасам, Болгарияның тарихы бiздiң халқымыздың тарихы болып шықты. Бiздiң ата-бабамыз оларды басқарыпты, бiздiң халқымыз онда тұрыпты. Үшiншi көп пайдаланылған сом деген сөз едi. Кеңес үкiметi кезiнде үнемi сом болды. Бұл сөздiң түбi сом алтын дегеннен қалған едi ғой. Бұл сөздердiң ешқайсысын ығыстырып тастап, ұмытып кетуге болмайды. Оларды да пайдалану қажет», - дедi Ө.Байгелдi.

Ол сөз соңында теңгенi дәрiптеп, оны үлгi етудiң маңызын алға тартты.

«Қандай болсын, кiмнiң суретi болсын, қазақтың теңгесiн өзiмнiң ұлтымның қаржысы, киелi дүниесi деп бiлемiн. Доллар, евро болсын, қалтама теңге салмай, ешқайда бармаймын. Әр азамат осыны түсiнуi қажет деп ойлаймын», - дедi ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер