BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бүркіт Аяған: Тәуелсіз Қазақстанның тарихы жазылып жатыр

Фото: Астана ақшамы

Тарихын білген халықтың болашағы айқын. Сондықтан еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өткенді зерделеудің маңызы арта түсті. Ұлттық тарихымызды зерттеп, ақиқатын ашуға, ұлттық тұрғыдан жаңа көзқараспен жазып шығуға 25 жыл ішінде кең мүмкіндік ашылды. Бұл жөнінде Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған әңгімеледі.

Қазақ мемлекеттілігінің тамыры тереңде жатыр. Бүгінгі күнге дейінгі тарихымыз ел, жер, азаттық үшін күрестерге толы. Халқымыз тарихтың сан қилы соқпақты жолын кешті. Қазақ елінің ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихын зерттеп-зерделеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру аса көкейкесті. Тек тәуелсіздік жылдарында ғана ұлттық санамыз қайта жаңғырып, арғы-бергі тарихымызды түгендей бастадық.

«Қазақ тарихы кеңес дәуiрiнде көп теперiш көрген ғылымдардың бiрi. Оның бiр себебi бар. Өйткені тарих деген саясатқа жақын ғой. Отызыншы жылдары Санжар Асфендияров, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты әрi қоғам қайраткерлерi, әрi тамаша тарихшылардың, елуінші жылдары Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов секiлдi тұлғалардың алысқа шеттетiлуi, тiптi керек болса Бекмахановтың ату жазасына кесiлуi осыған мысал бола алады. Тәуелсiздiк жылдары ұлттық тарихты жаңғырту бойынша үлкен iстер орындалды. Ресей сияқты басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда мектептерде тарих пәнi оқытылып жатыр. Бұл жұмыс жақсы бiр жүйеге келтірілді», - дейді Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған.

Әрине, елге керегі - ақиқат тарих. Бодан ел болғандықтан көп жылдар тарихымызға қиянат жасалып, шындығы бұрмаланып келгені рас. Ұлттық тарихымызды зерделеп, ақтаңдағынан арылтып, тағылымды өткенімізді жазып шығуға тәуелсіздік жылдары кең мүмкіндік ашылды.

«Тәуелсіздік жылдары Алашорда тарихы әжептәуiр зерттеліп-зерделенді. Ұжымдастыру тақырыбы бойынша бiраз ақиқат айтылды. Ұлы Отан соғысы туралы жазылып жатыр. Десек те, ақиқаты толық ашылмаған тарихи жағдайлар әлі де бар. Мәселен, жазушылар мен журналистерге оңай. Сiздер тарихшыларды "неге айтпады, неге ұйықтап жатыр" деп кiнәлап жатасыздар. Тарихшылар маман ғой. Олар зерттеу керек. Мысалы, Кейкi батырдың бас сүйегiнiң елге қайтарылуы үлкен жаңалық. Тарих ғылымында қазiр популяциялық генетика деген жақсы дамып жатқан сала бар. Генетиктер Кейкi батырдың басын қалпына келтiрiп жатыр. Сенсация керек емес, ғылымда дәлелдi әңгiме маңызды. Түрік қағанатының тарихы, Алтын орданың тарихы әлi де болса түгел жазылмаған. Ұлт-азаттық көтерiлiстiң себептерi айтылды, бірақ кейiнгi жағдай қалай болғаны толық зерделенбеді. Ұлы Отан соғысынан кейiнгi кеңес үкіметінің саясаты әлi де болса жан-жақты бағаланбай отыр. Келесi жылы 1917 жылғы революцияға 100 жыл. Өте қызықты пiкірталастар болатыны сөзсіз. «Большевизм кеңес халықтарына не әкелдi» деген өте маңызды сұрақ туындайды», - дейді тарих ғылымдарының докторы.

Профессор, жалпы, осы жылдары тарих ғылымына мемлекет тарапынан зор қолдау болғанын айтады. Арнайы бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Сөйтіп, тарихымызды ұлттық тұрғыдан жаңа көзқараспен жазуға бетбұрыс жасалды. 25 жыл ішінде Қазақстан тарихының қоғамдағы орны асқақтап, жұртшылықтың отандық тарихқа деген ықыласы артқаны ерекше қуантады.

«Шетелдегі мұрағаттарда сақтаулы жатқан көптеген тарихи құжаттар мен құнды жәдігерлер қайтарылып, археологиялық ескерткiштер орнына келдi. Мыңдаған кiтаптар шығарылды. Расында, елге өте пайдалы iс. "Мәдени мұра" бағдарламасынан кейiн "Ғылыми қазына" деген бағдарлама болды. Осы бағдарлама бойынша жаңа деректер табылды, бұрын айтылмаған дүниелер айтылды. Тарих ғылымы бiр қалыпқа келiп жатыр. Бiрақ кейбiр адамдар «тарихшылар мынаны айтпадыңдар» деп өкпе айтатын кездер болады. Бұл ғылым бiр күнде жазылмайды. Қиыншылықты көп көрген тарих ғылымы, менiң ойымша, дұрыс жолда келе жатыр. Археологиялық ескерткiштер, көптеген деректердiң шетелден әкелiнуi, айналымға енгiзiлуi, одан кейiн былтыр қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының өткiзiлуi, биыл Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы - осының бәрi ғылымға жақсы әсер етеді», - дейді тарихшы.

Еліміздің өткенін ғана емес, қазіргі тарихын байыпты талдау да тарихшыларға жүктелген аса маңызды міндет. Тәуелсіз Қазақстанның 1991 жылдан кейінгі аса күрделі де жарқын сәттерін бейнелеу, жас мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы айшықты қадамдарын көрсету ел болашағы үшін игі іс. Келер ұрпақ «Қазақстанның іргетасына қаланған әрбір кірпішін» білуі тиіс деп есептейді Бүркіт Аяған.

«Тәуелсiз Қазақстанның тарихы да жазылып жатыр. Кейбiреулер «Қазақстанда көптеген процестер бiткен жоқ қой, қалай жазасыздар» дейдi. Бiрiншiден, бiткен үдерiстер бар. Мысалы, Астананың көшiрiлуi. Астана қазiр астана болып қалыптасты. Немесе саяси жүйемiздің бiр тәртiпке, бiр қалыпқа келуi, шекармыздың нақтылануы, ұлттық валютаның iске қосылуы - бұд кәдiмгi тарих. Кезiнде Париж коммунасы деген жүз-ақ күн болған. Сонда ол туралы мыңдаған томдар жазылды. Ал ендi 25 жылда бiздiң еліміз үлкен даму жолынан өтті. Сондықтан Тәуелсiз Қазақстан тарихын жазудың маңызы үлкен, бұл біздің үлкен міндетіміз. 25 жылдыққа арналған Қазақстан тарихының ағылшын тiлiндегi екi томдық хрестоматиясы дайындалды. Осылайша біз де заман талабынан қалғымыз келмейдi. Сондай-ақ қазір тағы бір тақырыпқа батыл кiрiсiп жатырмыз. Батыс тарихнамасы Қазақстан туралы не дейдi? Олар бiзге қандай баға берiп жатыр? Осыны қазiр зерттеу үстiндемiз. Бұған қоса, шығыс елдерi, парсы-араб мемлекеттерінің бiзге көзқарасы, дипломатиялық қарым-қатынасы - зерттеуді қажет ететін орасан көп жұмыс», - деп әңгімеледі Бүркіт Аяған.

Профессордың пайымдауынша, ұлттық тарихты зерделеу, ақиқатын ашып, кейінгі ұрпаққа мирас ету, сайып келгенде, санадағы сілкініс пен рухани өзгеріс ұлттың ұлт болуы үшін өте қажет. Сонда ғана көп жыл бодандық бұғауында тұншыққан халық бойындағы бойкүйездіктен мәңгіге арылады. Бір сөзбен айтқанда, ұлттың ұлылығын таныту – тағылымды әрі абыройлы іс.

«Қазiр өзiмiздi толыққанды халық ретiнде сезiнiп отырмыз. «Постколониалды синдром» деген тарихта термин бар. Яғни, көп жыл колония болған халықтар ұзақ уақытқа дейiн бойындағы қорқушылықтан, жалтақтықтан айырыла алмай жүредi. Жасалып жатқан үлкен шаралар халқымыздың ешкiмнен кем емес, тең дәрежедегі ұлт екенiн көрсетедi. Бұл өте маңызды. Астана сияқты, сондай-ақ экономикадағы жетiстiктеріміз болмаса, бiз өзiмiзді «қазақтың қолынан не келедi» деп сабалаумен жүрушi едiк. «Басқа елдер көмектеспесе, бiз еш нәрсе iстей алмайды екенбiз» деген ойлар болуы мүмкiн едi. Қазiр байқасақ, ондай сөздi ешкiм айтпайды. Жетiстiктерiмiз көп. Ешкiмнен кем емеспiз. Қазақ өзін жiгерлi халық ретiнде сезiнедi. Мұны шетелдiктер үнемі байқап, сiздерде пассионарлық күш пайда болды деп айтады. Бұл әдiлеттi баға, бізде зор күш-жігер, ұмтылыс бар екенiн олар анық көрiп отыр», - деп түйіндеді сөз соңын Мемлекеттік тарих институтының директоры.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер