BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бүгін еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Осыдан тура 25 жыл бұрын еліміз КСРО құрамынан бөлініп шығып, өз Тәуелсіздігін жариялады, деп хабарлайды Baq.kz.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылдады. Сол күннен бастап Қазақ елі өз конституциясы, валютасы мен ішкі және сыртқы саясаттағы даму бағыты бар егеменді мемлекет ретінде қалыптаса бастады.
Міне, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалып, ешкімге тәуелсіз өмір сүріп жатқанымызға да ширек ғасыр болыпты. Осы уақыт ішінде еліміз ұлттық тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтап, өз бастамалары мен ерекшеліктерін жаңғыртты.

Тарих үшін соншалықты зор кезең болмағанымен, 25 жылда ғасырларға бергісіз қыруар іс атқарылды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық, өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымын паш ете алатын егемен мемлекет бола алатынымызды дүниежүзіне мойындаттық.

Кеше Тәуелсіздік күніне орай өткізілген салтанатты жиында Елбасымыз атап өткендей, алдымен көне түріктің бөрлі байрағының мұрагері Көк туымызды БҰҰ-ның төрінде желбіреттік. Әнұранымызды әлем төрінде қалықтатып, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық. Төл теңгемізді енгізіп, Ата-заңымызды қабылдадық. Шекарамызды шегендеттік. Мемлекеттік тілімізді әлемнің ең биік мінбесінен сөйлеткіздік.
Түйіндей айтқанда, Қазақстан халқы 1500 жыл бұрын «Күлтегінде» жазылған «Мәңгілік ел» ұғымын жалпы ұлттық идеяға айналдырып, еліміздің 15 ғасырлық тамырына нәр берді. Бүгінде халқымыз қастерлі мерекені жер-жерде ерекше көтеріңкі көңіл-күймен тойлап жатыр.

Baq.kz ұжымы барша қазақстандықты ұлтымыз үшін ең ұлық мерекемен шын жүректен құттықтайды! Ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер