BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«...Анасы немiс, әкесi орыс, ал баласы қазақ...» Эксклюзив

Халық бірлігі мен ынтымағы– Қазақстан Тәуелсіздігінің басты жетістігі десек қателеспейміз. Осы байлығымыздың арқасында бүгінде біраз биік асуларды бағындырдық. Бірақ сонау тоқсаныншы жылдары елдегі ұлтаралық жағдай оңай болған жоқ. Тәуелсіздіктің арайлы таңындағы осы оқиғалардың куәсі болған, қонақжайлылық пен бауырмалдық қанына сіңген қазақтың бұл қасиетін ерекше құрметтейтін азаматтардың бірі – ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, ҚХА мүшесi, Қазақстандағы шешендер мен ингуштар диаспорасының басшысы Ахмед Мұрадов. Оның тағылымы мол парасатты әңгімесін тыңдаудың сәті түсті.

«...Анасы немiс, әкесi орыс, ал баласы қазақ болып жазылмақшы. Мұны қалай iстеуге болатынын менен сұрайды. Ата-анасына «Қазақ болғысы келсе, болсын. Бұған қуаныңдар» дедiм».

Ахмет Сейдарахманұлының бұл сөзі көпті аңғартқандай...

Депутат Ахмедовтың ұлты шешен. Жұрт алдында көсіліп сөйлейтіндей деңгейде болмаса да, қазақ тілін біледі. Екінші Отаны болып кеткен елдің тілін білу парыз деп санайды. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдары тілді кикілжіңнің себебіне емес, керісінше біріктіруші күшке айналдырдық. Өзге ұлт өкілдері қазақтың салтына да тәнті. Мәселен Ахмет Сейдарахманұлы кеңпейіл қазақтың үйіне келген мейманға көрсететін құрметін ерекше бағалайды. Ол: «Бар ұлттың сый-құрметіне бөленіп келе жатқан ізгі дәстүр» дейді.

«Қазақтың салт-дәстүрлерінің ішінде айтыс өнері қатты ұнайды. Айтыскерлер өзекті мәселелерді қаузайды. Осындай диалог түрінің болуы көптеген дауларға жол бермеуге көмектесетіні анық», - дейді депутат.

Ахмет Сейдарахманұлының қазақ ұлтына деген бұл ерекше ықыласы мен сый-құрметі бекер емес. Өйткені Мұрадовтар отбасы - соғыс жылдары туған жерінен еріксіз көшіріліп, Қазақстанға қоныс аударылғандардың бірі. Депутаттың ата-анасы қазақ жерінде танысып, ол Қостанай облысында дүниеге келеді. Олар тұрған селода Кеңес одағының түкпір-түкпірінен депортацияланған түрлі ұлт өкілдері көп болған. Ежелден бауырмалдығымен, қонақжайлылығымен белгілі қазақ халқының жер ауған ұлттардың бәрін бауырына басып, қолындағы нанын бөлісіп жегенін көзімен көрген. «Қазақтың кеңпейілдігінің арқасында қаншама халық аштықтан, суықтан, аурудан аман қалды» - деп еске алады Ахмет Мұрадов. Қиын кезде қамқорлық көрсеткен қазақ халқына қоныс аударған ұлттардың алғысы шексіз. Ахмет Сейдарахманұлы олардың рахметін өмір бойы естіп келе жатқанын айтады.

«Әкемнің інілері қазақ мектебін бітірген. 1957 жылы олар Кавказға қайта көшіп кеткенімен, ешқашан қазақ жерімен рухани байланысын үзген емес. Мен оларға қазақ тіліндегі кітаптар, газет-журналдарды Грозныйға жіберіп тұратынмын. Қарағандыда тұрған немере інім болса Қазақстан уақытымен өмір сүріп дағдыланып қалғандықтан, сағатын Мәскеу уақытына ауыстырмады. Қазақ жері олар үшін ерекше ыстық. Көптеген шешендер мен қазақтар достасып кетті. Әлі күнге дейін бірін-бірі іздейді», - деп әңгімеледі Ахмет Мұрадов.

Осылайша, елімізге бірнеше кезеңде тұтас халықтар көшірілді. Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандардың саны 2 миллион. Тағы да 2 миллиондай адам тың көтеруге жіберілді. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен көпұлтты елге айналдық. 1991 жылы Тәуелсіздігімізді жариялаған уақытта елімізде 140-тан астам түрлі ұлт өкілі тұрып жатты. Ахмет Мұрадовтың айтуынша, Кеңес одағы ыдыраған тұста елде жағдай өте күрделі еді. Экономика тұралап, ел күйзеліске ұшырап, халық абдырап қалды. Содан кезінде Қазақстанға жер ауған халықтар атажұртқа көше бастады.

«Германия мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, Кеңес одағындағы елдерде тұрып жатқан немістерді қайтарды. Біздің елдегі бір миллион немістің 800 мыңы отанына оралды. Поляктар, болгарлар, гректер, орыстардың да көші басталып кетті. Кавказда соғыс басталғандықтан шешендер мен ингуштар керісінше Қазақстанға қайта бет бұрды», - деп сөзін жалғады депутат.

Халықтың ұнжырғасы түсіп, жұртты үрей билеген тұста елді ұйыстыру оңайға түспесі анық. Осындай жағдайда 1992 жылы Президент елде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің басын Алматыда қосып, Қазақстан халықтарының форумын өткізеді. Осы жиында Мемлекет басшысы ел болашағы үшін бар жауапкершілікті мойнына алады әрі Тәуелсіз Қазақстанда бүкіл азаматтардың құқықтары сақталатынына кепілдік етеді. Сол кезді Ахмет Сейдарахманұлы былай еске алады:

«Елде бір адам осындай зор жауапкершілікті мойнына алған кезде адамдар да ойлана бастайды ғой. Осыдан кейін ұлттардың көші тоқтайды».

Енді сыртта жүрген қазақтарды атажұртқа қайтару керек. Әлемнің 50-ге жуық елінде 5 миллионнан астам қазақ тұрып жатты. Өз тәуелсіздігіне қолы жеткен Қазақстан, ең алдымен, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын шақырып, жер шарында тарыдай шашылған өз қандастарын ата-баба жеріне жинайды. Осылайша бүкіл әлем егемен Қазақстанның қай жерде жүрсе де өз қазағына қамқор болатынын көрді. Осы күнге дейін бір миллион қазақтың тарихи отанына оралғаны белгілі.

Алғашқы жылдары елде ұлттық-мәдени орталықтар ашыла бастады. Олар өз тілі, тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртумен қатар, ұлттар арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайтуы қажет еді. Басты міндеттерді бұл орталықтар орындады.

«Қазақстан - біздің Отанымыз, біз - қазақстандықтармыз, бірге тату-тәтті өмір сүреміз» деген ортақ ойға келдік. Осылайша, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Өткен жылы бұл бірегей институттың 20 жылдығын атап өттік. Сөйтіп, халық әу баста таңдаудың дұрыс болғанын түсінді. Ассамблея ел басшылығы елдегі этникалық топтардың қалай өмір сүріп жатқанынан хабардар болуы үшін құрылды. Бұл тетік толығымен жүзеге асты», - дейді депутат.

Оның айтуынша, әлі күнге дейін Ассамблеяны мәдени іс-шаралар ғана өткізетін құрылым деп білетін адамдар бар. Әуелде әр ұлттың өзінің тарихы мен әдеп-ғұрпын сақтап қалуға күш салғаны рас. Бірақ кейін халық өз мүддесін ойлап қана өмір сүруге болмайтынын түсінді. Ең дұрысы – тек бір ұлттың емес, бүкіл елдің қамын жеу, қиыншылықтарды бірлесе жеңу. Осындай даму жолынан өткен Қазақстан халқы Ассамблеясына 2007 жылы конституциялық мәртебе берілді, ол Мәжіліске тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осылайша Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі артты.

«Үш шақырылым бойы Мәжілісте Ассамблея депутаттары жұмыс істеп жатыр. Ассамблея саяси позицияларға ұмтылмайды, бірақ бұл жалпыхалықтық ұйым. Мәжілістегі біздің тоғыз депутат ҚХА-ның депутаттық тобының өзегі. Бұл топқа 31 адам кіреді, олар түрлі партия фракцияларының өкілдері. Осы топта ешқандай саяси көзқарас қайшылығы жоқ. Тоғыз депутат қоғамдық толқуларға жол бермеу үшін заңдарға мониторинг жүргізеді. Өйткені заң жобаларында экономикалық, әлеуметтік, діни сипаттағы қарама-қайшылықтар болуы мүмкін», - дейді Ахмет Мұрадов.

Ассамблея мүшесі бүгінде барша қазақстандықтардың алдында Тәуелсiздiктiң 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мiндетi тұрғанын айтады. Оның сөзінше, Тәуелсiздiкті мәңгiлiк категориясы тұрғысынан қарастыру керек. Өйткені оны бір сәт ұмытатын болсақ, тарихта егемендi ел ретiнде жоқ боламыз. Ата-баба қаны мен жасымен келген Тәуелсiздiкті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу әркімнің асыл парызы.

«Қазiргi уақытта қиын кезеңдi бастан кешiрiп жатырмыз. Әлемдегi экономикалық дағдарыс, айналамыздағы әскери-саяси жағдайлар бiзге ықпалын тигiзбей қоймайды. Қазiр бiзге бірігіп, Елбасы айқындаған алдағы даму жолымыздан таймауымыз қажет. Болашаққа көз жүгірте отырып, идеологиямызды қалыптастыратын құндылықтарды анықтағанымыз жөн. «Мәңгiлiк Ел» патриоттық актiсiнде бiздiң барлық базалық қағидаларымыз айқындалған. Ұлт бiрлiгi, қоғамдық келiсiмнің маңызы өте зор екенін сөзсіз. Ассамблея осы мақсатта құрылды және әрi қарай осылай жұмыс iстей бермек», - деп әңгімесін түйіндеді Ахмет Сейдарахманұлы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер