BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

73 ақмолалыққа мемлекеттік наградалар тапсырылды

Фото: автор

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Мерекелік шарада облыс әкімі Сергей Кулагин өңір жұртшылығын мемлекетіміздің басты мерекесі – Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Біздің тәуелсіздігіміз бұл тек қоғамдық-саяси қайта құру емес, бұл – елеулі деңгейде біздің әрқайсысымыздың толысуымыз, бұл өмірлік құндылықтарды, тіптен өмірдің өз мәнін саналы түрде қайта парақтау. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ Елбасы әлеуметтік өзгерістердің халық үшін, халық қолдауымен ғана іске асырылатынын атап келеді. Елімізде жүргізіліп келе жатқан реформалар өңірімізді әлеуметтік-экономикалық дамытуға жаңаша серпін берді. Үдемелі индустриялдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асырылу үстінде, өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп кешенінде және өзге де салаларда ірі жобалар іске қосылып жатыр. Дегенмен, бүгінгі күні Мемлекет басшысы индустриялдық-инновациялық даму және әлеуметтік жаңғырту бойынша бұрынғыдан да ауқымды міндеттерді алға қойып отыр. Оларды жемісті жүзеге асыру Қазақстанның әлемнің барынша дамыған мемлекеттері қатарына кіруін қамтамасыз ететін болады», – деп атап өтті облыс әкімі.

Жиын барысында мемлекетке және қоғамға сіңірген еңбегі, елінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін 73 ақмолалық мемлекеттік наградаларға ие болды. Өңір басшысы бір топ өңір азаматтары мен азаматшаларына «ІІІ дәрежелі Барыс», «ІІ дәрежелі Достық» ордендерін және Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарын тапсырды. Марапатталғандардың арасында өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметкерлері, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау мәкемелерінің, мемлекеттік қызметкерлер, еңбек адамдары бар.

«Бізді қоршап отырғанның бәрі әрбір адамның күнделікті, кейде көзге байқалмайтын, бірақ өте маңызды және орнын ауыстыруға болмайтын еңбегінің жемісі. Мереке қарсаңында халық пен мемлекет игілігі үшін еңбек еткен және жұмыс істеп отырған барлық адамдарға үлкен алғысымызды білдіріп, құрмет көрсету мүмкіндігіне ие болып отырмыз», – деді өңір басшысы.

Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың ән-шашуымен жалғасты.

Ақмарал АЙҒАРА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер