BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

"Тұлғалар тұғыры" мемориалдық кешені ашылды

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Кенен ауылдық округінде «Тұлғалар тұғыры» атты мемориал ашылды. Салтанатты рәсімге еңбек ардагерлері, зиялы қауым, көрнекті қоғам қайраткерлері, депутаттар, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты.

Қордай жері ежелден құт қонған, қасиет дарыған киелі өлке саналады. Елін, жерін жаудан қорғаған атақты батырдың есімімен аталатын өңірдің тарихы тым тереңнен тартылады. «Тұлғалар тұғыры» ескерткіші Қордай жерінен шыққан белгілі тұлғалар Өтеген батыр, Кебекбай шешен, Ноғайбай би және Кенен Әзірбаевқа арналып тұрғызылды. Өтеген Өтеғұлұлы 1699 жылы Шу өзенінің бойында қазіргі Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Өтеген қазіргі Қапшағай су қоймасының орнында, Шеңгелді деген жерде, Іле өзені жағасына жерленген. Батырдың сүйегін 1973 жылы оның ұрпақтары Қордай ауданы территориясына Кеңес ауылына қайта жерлеген. Батырдың сүйегі жерленген жерге кесене тұрғызылған. Кесене батырдың 300 жылдығына орай салынған. Кебекбай Байторыұлы 1800 жылы Мәтібұлақ басында туып, 1887 жылы дүниеден озған. Кебекбай шешен ел арасындағы күрделі даулы мәселелерді бір ауыз сөзбен түйіндеп шешетін болған. Оның шешендігі мен әділ биліктері аңыз болып таралып, қазақтың шешендік өнері туралы кітаптарға енген. Ноғайбай би 1834 жылы Қордай ауданында дүниеге келген. Талас, Қордай өңірлеріндегі Қоқан ханына қарсы көтерілген қазақ руларын басқарған. Қордай ауданы Ноғайбай ауылында Ноғайбайдың күмбезі бар. Кенен Әзірбаев (1884-1976) ғасырға жуық ғұмыр кешкен. Кенен тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Тарихта өшпес іс қалдырған осындай ұлы бабаларды ардақтап, рухына тәу ету-парыз. Төрт тұлғаға арналған сәулеттік нұсқасы ерекше есткерткіш- монумент сонадайдан көзге түседі.

Күре жолдың бойындағы төбешікте бой көтерген төрт биік діңгектің ортасына үлкен тайқазан қойылып, үстіне шаңырақ орнатылған. Яғни, төрт құбылаң тең, шаңырағың биікте болсын, қазаның оттан түспесін дегенді бідіреді. Ал төрт діңгектің әрбіріне жоғарыда айтылған төрт тұлғаның бейнелері бедерленген. Төңірегі көгалдандырылып, электор жарығы орнатылып, баспалдақтар жасалған. Мемориал құрылысы ағымдағы жылдың шілде айында басталды. Құны 62 миллион теңге болатын ескерткіш жеке кәсіпкер Қайрат Қаймолдаұлының қаражатына салынды. Монументтің құрылысын жүргізен іскер азамат Көшкінбаев Құлманбет басқаратын «Жаңакемер құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, ал сәулеттік сызбасын әзірлеген – Тараздағы «Бақ-проект» ЖШС құрылтайшысы Бақыт Сегізбаев. Сондай-ақ, қордайлық кәсіпкер Асқар Жұмабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұратбай Жолдасбаев, жазушы Несіпбек Даутаев та бабалар рухының алдындағы парызын өтеуге уақыт тауып, барлық істің баянды өтуіне белсене атсалысты. Салтанатты рәсімнен соң есткерткіштің алды әп-сәтте гүл шоқтарымен көмкерілді. Бұдан соң Кенен ауылындағы ақын бейіті басында бабалар әруағына Құран бағышталып, құдайы мал шалынды. Отар ауылындағы Кебекбай шешеннің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Төрт тұлға туралы жазба деректер жинақталып, «Қазақпарт» баспа корпорациясынан арнайы шығарылған «Тұлғалар тұғыры» атты кітап көпшілікке таратылды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер