Фото: «Дидар» газеті
Газетіміздің өткен сандарында қаһарман жерлесіміз Қасым Қайсеновтің әр жылдары туған жеріне сапарлай келгенінде қасында жүріп ілтипат көрсеткен, бұрын-соңды көпшілікке айтылмаған әңгімелерін тыңдаған інілерінің естеліктерін газет оқырмандарына ұсынуды бастағанбыз. Бүгін батыр ағамыз жайындағы естелік әңгіменің тізгінін Ұлан ауданының тумасы, ұзақ жылдар туған ауданында жауапты қызметтер атқарған Аймұхамбет Ескенұлына ұсынып отырмыз, деп жазады «Дидар» Шығыс Қазақстан облыстық газеті.
«Сендер осы, мені кім, – деп ойлайсыңдар...?»
- Біз Қасым Қайсенов дейтін партизан-жазушының бар екендігін, оның соғыс жылдарында көрсеткен, екінің-бірінің қолынан келе бермейтін көзсіз ерліктері жайында алғаш өзіміз-өз боп кітап оқи бастағанда-ақ, естіп-білгенбіз. Ағамыздың сол кездегі бала біткенді, баланы қойып ересектердің өзін елең еткізген «Жау тылындағы бала», «Партизан соқпақтары» деп аталатын және басқа да туындылары қолдан-қолға тимей оқылатын. Ол кезде қазіргідей күндіз-түні көрсетіліп жататын телевизор жоқ. Әр оқырманның қиялында өзі сайлап, өзі суреттеп алған керемет кейіпкері бар. Олар кәдімгі қиял-ғажайып ертегілерде ғана кездесетін, суға салса, батпайтын, отқа салса, жанбайтын кейіпкерлер болатын. «Болмасаң да, ұқсап бақ» - демей ме, әлгі кейіпкерімізге еліктейміз кеп. Сол секілді бір ерліктер жасағымыз келетін.
Бала қиялымыз шығандарға шарықтап кеткенде: «Шіркін, мына батыр кісіні бір көрсек қой!», – деп армандайтынбыз. Ал енді ол кісінің өзіміздің жерлесіміз екендігін естігенде, мүлдем есіміз шыққаны бар.

Содан ер жетіп, білім алып дегендей, қызметке араласа бастадық. Қазіргі Тарғын совхозында жас маман боп жүрген кезім. Бір күні: «Аты аңызға айналған атақты партизан-жазушы Қасым Қайсенов Ұлан ауданына келе жатыр екен!» - деген хабар алдық. Аудан басшылары, совхоз директорлары үсті-үстіне тапсырмаларын беріп, меймандарға арналып киіз үйлер тігіліп, мал сойылып, қымыз алдырылып дегендей, қызу дайындық жұмыстары басталып кетті.
Айтылған күні «Бала күнімізден бір көрсек!», - деп армандап жүретін батыр ағамыз салып-ұрып аппақ Волгасымен жетіп келді. Рөлде өзі екен. Үстіне жол жүргенге ыңғайлы спорттық костюм киіпті. Тым жақындамай, әріректен қарап тұрмыз. Машинасынан түсіп жатқан батыр ағамыздың түсі аса сұсты көрінді. Бозқыраудай бұйра-бұйра қалың шашын шалқайта қайырып тарайды екен. Дауысы күндей күркіреп, күтіп алушыларға әлденені айтып күлдіріп жатыр. Екі иығына екі кісі мінгендей, дене бітімі де зор адам екен. Сол жолы аса жақындап араласудың сәті түспесе де, бір байқағаным, ағамыздың белінде әшекейленген қыны бар, әдемі кездік болды. Осы кездігін одан кейін де қаншама рет жолықсақ та, белінен бір тастамайтын.
- Біреудің берген сыйы ма екен?
- Болса-болар, онысын сұрамаппын. Тағы бір келгенінде, Шыбындыкөлге киіз үй тігіп қарсы алдық. Күн жаз айы болатын. Содан күтпеген жерден жаңбыр жауып, күн суытып кетті. Жаз айында мұндай суық болады деп кім ойлаған. Қанша дегенмен Тарғын, Тайынты жерлері жайлау ғой. Біз енді «Ағамыздың мазасы кетіп, суық тиіп сырқаттанып қалып жүрмесе игі еді», - деп қипақтай бастадық. Табағын тартып, арақ-шарабын құйып мейілінше күтіп жатырмыз.
Сөздің реті келгенде жігіттердің бірі: «Аға мына жер түнде салқын болар. Мүмкін бізбен бірге қалаға барып, қонақүйге орналастырармыз?», - деді алаңдаушылық білдіріп.
Сонда ағамыз әлгі жанашыр інісіне ажырая бір қарап алып, аспай-саспай қолындағысын қағып салды да: - Әй, жігіттер! - деді күректей алақанымен аузын сүртіп жатып. - Сендер осы мені кім деп ойлайсыңдар, ә? Бұл Қасым – нені көрмеген Қасым? Партизан боп жүрген кездерде бір емес, бірнеше күндеп қар жамылып, мұз жастанып жататынбыз. Сонда «қыңқ» деп ауырмаған мен, жаз айында, қазақтың киіз үйінде жатып ауырып қалсам, ертең анау Алматыдағы құрбы-құрдастарым «Еліңе барып, әбден еркелеген екенсің», - деп мазақтап күлмей ме. Түк те етпейді, салқын қайтер дейсіңдер. Жарықтық, туған жердің ауасына жетер ауа бар ма? – деп отырғандарды тағы да бір ду күлдіргені бар.
- Күлдіргені бар демекші, Қасым ағамыз отырған жерін қыран-топан күлкіге батырып отыратын қалжыңға жүйрік, сөз тапқыш адам болған дейді, сол рас па?
- Онысы рас енді. Ол кісі сол отырған жерде біреудің шляпасын ба, көзәйнегін бе немесе құлағы мен мұрнын ба, әйтеуір тіліне тиек болар бірдеңе тауып ала қоятын. Сонысымен-ақ отырыстың көркін қыздыратын. Тіпті жоқ дегенде, әлгі қызмет көрсетіп жүрген қыз-келіншектер сорпаның бетіндегі майын қалқып алғалы жатса: - Әй, шырақтарым, құдай үшін андағының майына тиіспеңдерші! – деп күлдіріп отыратын.

Реңі сұсты болғанмен, жүрегі жұмсақ болатын
- Әлгінде арақ-шарап деп қалдыңыз ғой. Ағамыз аздап болса да ішімдік ішкен-ау деймін?
- Аздап емес, бір адамдай алатын. Ол кісінің ішкені де, елден ерекшелеу болатын. Былайғы жұрт кішкентай рюмкемен ішеді ғой. Ол кісі өйтпейтін, жарықтық. Сол кездегі қырлы стақанға, бертіндері кәдімгі шарап ішетін фужерге толтыртып тұрып коньяктан құйғызып алады да: «Ал, жігіттер, сендер маған қарамаңдар», - деп әлгіні тартып салады. Содан біразға дейін ішпей отырады. Ол кезде дастарқан басындағылар бір-біріне үш-төрт рет тілек айтып алдырып жататын. Әлден уақыттан кейін батыр ағамыз: «Ал құйыңдар!», – деп гүж ете қалады. Сырын білетін жігіттер осы кезде, лып еткізіп тағы да құя қоятын.
Бірақ ағамыз қанша ішіп отырса да, артық сөйлеу, орынсыз мақтану, мен білем деп төс қағу деген секілді, ішкен адамдарға тән қылықтарға ешқашан бармайтын. Көріп отырған адам болмаса, ол кісінің ішкен-ішпегенін ажырату қиын болатын.
Ең алғаш көргенімде түрі сұсты екен деп едім ғой. Бір көрген адамға солай көрінгенімен, жүрегі жұмсақ еді ағамыздың. Адамға жаны ашып, қол ұшын бергісі кеп тұратын.

Қайсыбір жерлерде батырмен кездесуге келгендер: «Сіздің негізгі мамандығыңыз кім?», - деп сұрайды ғой.
Сонда ағамыз: «Менің мамандығым кісі өлтіруші. Өйткені мен кісі өлтірудің 121 түрін білем», - деп жауап беретін көрінеді. Ол айтып отырғаны, ағамыз соғыстың алдында барлаушыларды дайындайтын арнайы бөлімде болған ғой.
- Соғыс туралы көп әңгіме айтатын ба еді?
- Әрине, қолқалап сұрасақ, бәлсініп, бұлданбай-ақ айтып беретін. Ал орынсыз мақтанғанын көрмеппін.
- Кейде көңілі шалқып отырғанда інілеріне сыр секілді қып: «Жігіттер жасырып-жабары жоқ, менің қолым қанға көп боялды ғой», – дейтін жарықтық. – Неміс әскерінің сапында жүргендердің бәрі ел ойлағандай қанішер, сұмырай емес. Олар да біреудің баласы, біреудің жары болды ғой. Олар да біз секілді «Барасың!» - деген бір ауыз бұйрықпен келді сол майданға. Ал енді соғыста осының бәрін ойлап, бір-біріңе аяушылықпен қарап тұратын болсақ, соғыс бола ма? Мен оны атып өлтірмесем, ол мені немесе қасымдағы қарулас досымды атып өлтірмей ме. Сондықтан өлтірмейін десең де, өлтіруге мәжбүр болады екенсің.
Қасым ағамыздың ерлігі туралы әңгіме айтыла бастағанда менің ойыма тағы да бір даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының мына бір сөзі орала береді.
– Біз майданда тура қарсы алдымыздағы жаумен ғана шайқастық. Арт жағымызға алаңдап, бұрылып та қараған жоқпыз, – дейтін Баукең. – Ал Қасымдар ше, олар біріншіден жаудың тылында, сыңсыған қалың орманның ішінде жүрді. Жау оларды аңдып тұрып та, ізінен қуып жүріп те, кез келген уақытта алды-артынан немесе оңы мен солынан тап беріп соққы беруі әбден мүмкін болатын. Талай мәрте солай болды да. Сондықтан жаумен бетпе-бет шайқасу бір басқа да, тылда жүріп соғысу мүлдем екі бөлек дүние.
- Тыл демекші, Қасым Қайсенов жау тылына қалайша түсіп жүр? Қоршауда қалып қойған ба, әлде..?
- Жо-жоқ, қоршауда қалып қоймаған. Ағамыз әу баста барлаушылар батальонында арнайы дайындықтан өткен ғой. Сол кездегі жоғарғы әскери қолбасшының (И.Сталин. ред. С.Қ.) бұйрығы бойынша жау тылына төрт мәрте түскен. Әр барғанында түрлі-түрлі тапсырмалармен барып отырған. Бірінде фашистердің қару-жарақ сақтайтын қоймаларын жарып жіберсе, енді бірінде Германиядан азық-түлік, қару-жарақ әкеле жатқан составтың жолын кескен көрінеді.
Серік Құсанбаев
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!