Уәлибек Әбдірайымов: «Шаншар» болмағанда біз кім едік?.. - Қоғам|15 Тамыз 2011, 17:49
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Уәлибек Әбдірайымов: «Шаншар» болмағанда біз кім едік?..

– Уәлибек, ердің жасы елуге келгеніңіз құтты болсын! Мерейтой аясында Алматы қаласында «Шаншар» театрының 15 жылдығын атап өтіпті деп есітіп, қуанып жатырмыз. Ендеше, той қалай өтті, елдің ықыласы қалай болды? Сол жөнінде пікір бөлісе отырыңыз?
– Мерейтойды атап өту театрымыздың дәстүрінде жоқ. Әйтпесе, өткен жылдың соңында Жүсіп те елуге келген, бірақ атап өтпеді. Өзім ел-жұртты шақырып, туған күнін тойлайтындарды түсіне алмаймын. Себебі, туған күн жасайтындар жұртты тойына шақырып, қинап жатады. Егер бара алмайтыныңды айтсаң, өкпесі қара қазандай болады. Әрбіріміздің өмірге келуімізге Алла тағаладан нәсіп болып, ата-анамыз тапқан. Егер өмірге келгеніне риза болса, қой сойып, құран оқытсын. Дүниесі артылып жатса, ата-анасына сый-сияпат жасасын. Қырыққа толып, қыр асқанымда «Ерен еңбегі үшін» медалін алдым. Өзімнің ниетім болмаса да достарымның қолқалауымен дастарқан жайғанмын. Тойдың шығынынан артылған қаржыға Жүсіпке пәтер әперіп, мәре-сәре болғанбыз сол жолы.
«Шаншардың» 15-альбомы шыққан соң Жүсіп екеуміз ақылдасып «Осы «Шаншар» болмағанда біз кім едік? Екеуміздің елуіміз аталмаса аталмай-ақ қойсын, бірақ театрдың мерейтойын тойлайық» деген шешімге келдік. Осылайша, Алматыдағы Студенттер сара-йында екі мыңға жуық өнерсүйер қауыммен бірге театрымыздың тойын атап өттік. Әйтпесе «Мәдени іс-шаралармыз осылардың арқасында өтіп жүр ғой, 15 жылдығын тойлап берейік» деген сала басшысын көрмедік. Сәбит Әбдіхалықов пен Жанатбек Байтеков Жүсіп екеумізді бөліп алып сахнаға кезегімен шығарып, көрерменді күлкіге көмді. «НұрМұқасан», «МузАрт» және «Каспий» топтары біздің қойылымдарымызды өз мәнерімен сахналап шықты. Мейрамбек Беспаев Қошан-ауғанның образын бейнелегенде жұрттың бәрі күлкіге қарық болды. «Өнер қырандары» тобы бізге пародия жасады. Аманғали мен Дәркен Жүсіп екеумізді бейнеледі. О баста көрерменге біздің театр арқылы танылған Жұбаныш, Заттыбек, Сәкен Майғазиев, Меруерт Түсіпбаева да кешті өнерлерімен әрледі. Кеш барысында Сәбит: «Шашыңыз неліктен сиреп, ағарып кеткен?» – деп, 50-ге келгенімді астарлап жеткізді. Мен «Жүсіптің қасында 15 жыл емес, 22 жыл жүріп көр алдымен, жып-жылтыр таз боласың» дедім.
– Наурыз айынан бастап, облыстық сатира театрының тізгінін әріптесіңіз Марат Оразметовке тапсырыпсыз. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегеннен қорықтыңыз ба, мұндай қадамға не үшін бардыңыз?
– О баста облыстық әзіл-сықақ және сатира театры құрылған кезде «іс тәжірибеңіз бар ғой, мемлекеттік театрдың жұмысын жолға қойып беріңіз» деп әкімшілік шақырған соң осы жұмысқа келген едім. Біріншіден, бүгінде театр жұмысы жолға қойылды, өзінің бағытын айқындап алды. Әрине, кем-кетік жоқ деп айта алмаймын. Өзге облыстар бір театрдың өзін қалт-құлт етіп әрең игеріп жатқанда, біздің облыстық мәдениет басқармасы сегіз бірдей кәсіби театрды қаржыландырып отыр. Құдайға шүкір, осы үш жылдың ішінде кіріс бойынша жоспарды үнемі асыра орындадық. Екіншіден, «Шаншар» театрының директоры екенмін деп лауазым, мансап қуған жан емеспін. Мен шығармашылық адамымын. Сахналанатын қойылымдардың авторымын. Сатира театрына директор боламын деп үш жылдан бері шығармашылығым тоқырау үстінде. Өйткені, басшылық қызмет өнер адамының алтын уақытын ұрлайды. Сондықтан, сол өнер ұжымында қатардағы актер болып-ақ, шығармашылықпен біржола айналысуды жөн көрдім. Кезінде «Хабар», «Қазақстан» телеарналарында көптеген жобаларға қатысқанмын. Олар талай рет шақырғанымен, қызметтен мойын бұра алмай жүрдім. Әйтпесе, «Таң қалмаңыз» бағдарламасының «Дәм-думанында» төрт жыл бойы тапжылмай мен сияқты тамақ әзірлеген ешкім болған емес.
– Ендеше, өзіңізді сол телеарналардан қайта көреміз ғой?
– Дұрыс айтасыз, сәуір айында гастрольдік сапармен барғанымда «Хабардың» басшыларына жолығып, «Әзіл кеш» деген жаңа жобамды ұсынып едім, қуана келісті. Себебі, телеарнада «Дударайдан» өзге көңілді жоба қалмапты. Оның үстіне әрі автор, әрі режиссер, әрі жүргізушілік мамандық бір басына тоғысқан әмбебап маманға зәру екен. Уақыттың тығыздығына қарамай Жүсіп екеуміз қосақталып жүріп алғашқы бір-екі тақырыпты түсіріп үлгердік. Бұрынғы «Қымызхана» ойын-сауық отауы сияқты «Әзілханада» түрлі тақырыпты қаузап, ара-арасында қоғамдағы кем-кетікті сын садағына іліп отырамыз. Көрермендер Гүлбаушанмен, «Бауыржан-шоудағы» Бақыт құдағимен осы бағдарламада қайта қауышады.
– «Тамаша», «Бауыржан-шоу» сияқты сатиралық театрлар «пенсияға» шығып кетті ме деп жүргенімізде Тұрсынбектің «Базар жоқ» сатира отауының өзгеше қырынан жарқырап көрінуі өнерсүйер қауым үшін үлкен жаңалық болды. Бұл құбылыс сатира театрларының уақыт ағымына сай жаңарып, жаңғырып жатқанын білдіре ме?
– Жаңадан өмірге келген өнер ұжымдарының ішінен «Базар жоқ» пен «Өнер қырандары» атты сатиралық театрларды ерекше бөліп айтқан дұрыс. «Өнер қырандарының» стилі де, бағыты мен бітім-болмысы да бөлек, ешкімді қайталамайды. Әсіресе, әртістерінің жанкешті еңбекқорлығын бағалаймын. Өзіңіз де дұрыс байқаған екенсіз, сатиралық театрларда даму, жаңару, жаңғыру бар. Соңымыздан өнері ерек, екпіні бөлек жастардың ілескеніне қол соғып қуануымыз керек. Ал, «Шаншар» театры «Тамаша» мен «Бауыржан-шоудың» алдында ешқашан мақтана алмайды, өзінің інілік жолын біледі. Біз бар болғаны солар көтерген тақырыпты қаузап жүрміз.
– «Шаншардың» өз бағыты, өзіндік стилі болды емес пе?
– Иә, біздің бағытымыз Оңтүстік менталитетінде құрылған, Жарылқасын Дәулет айтпақшы, кино мен театрдың ортасынан шыққан дүние ғой.
– Алдағы уақытта қандай қырларыңыздан көрінбекшісіздер?
– Жүсіп екеуміз өгіздей сүйреп келген театрдың шығармашылық жұмысын жастарға сеніп тапсырайық, олар бізге қарағанда эстрада жанрына жақындау ғой, ескі сүрлеуді таптай бергенше жаңалық енгізсек бағыт-бағдарымыз айқындалар дегенбіз. Әттеген-айы, жастар қазақтың, қазақ болғанда да Оңтүстік Қазақстан облысының қазағының мінезіне салды да жіберді. Кеше «Таразы» бағдарламасының журналистері сұхбат алғанда Солтүстік пен Оңтүстік халқының менталитетіндегі айырмашылықты сұрады. Сонда мен: «Екі жағының да жақсысы мен жаманы бар. Мысалы, Солтүстікте қазақы мінез жоқ, олардыкі «орыси» мінез, ұлттық салт-дәстүрден ада. Жақсы қасиеті – әкімі жұмыс кезінде ғана шенеунік, басқа уақытта қарапайым адам. Ал, Оңтүстіктің халқы еңбекқор, ұлттық салт-дәстүрді сақтаған, бірақ… алдыңызды орап кетеді. Егер біреуге жаныңыз ашып жұмысқа алсаңыз, біраз уақыт өткен соң ол міндетті түрде өзіңізге бастық болғысы келеді. Керек десеңіз, үстіңізден арыз жазудан тайынбайды. Мафияның бәрі Оңтүстіктен шығады ғой өзі», – деп жауап бердім. Сол сияқты өткен жылы біраз жастарымыз жұмыстан кетіп, «Шаншардың» сәл еңсесі түскенін мен жасырғаныммен, құлағы түрік ел біледі. Жұмысқа жаңадан қабылдаған жас әртістер біздің стилімізді меңгере алмағандықтан, амал жоқ, Жүсіп екеумізге атқа қамшы басуға тура келді. Осындай мақсатпен екеуміз сахналаған соңғы қойылымдарымызды көрермен дұрыс қабылдаған сияқты. Ендігі мақсатымыз – сахнаға өзгеше өрнегі бар жастарды шығару.
– Қойылымдарыңызға осы кезге дейін әзіл-әжуасы жеңіл, қоғамның өзегіне түскен дертті астарлап, уытты сөзбен жеткізе алмай келеді дегендей сындар айтылып келді. Бұған қандай уәж айтасыз?
– Мұндай сынды аз естіп жүрген жоқпыз. Жаңағы мен мақтаған екі сатиралық театр әртістері де әзілді бетінен қалқып өтеді, түбіне тереңдемейді. «Әзіл неғып арзандап кетті?» деген сұрақ үнемі қабырғасынан қойылып жүр. Рас, күлдіріп отырып жылататын, жылатып тұрып күлдіретін әзіл, юмор қоюға болады. Алайда, көрермен сол әзілдің астарын түсінбесе ше? Өйткені, қазір қазақ тілі дамудан қалып барады. Айтыңызшы, Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Иманғали Тасмағамбетовтен өзге қайсы шенеунік қазақ тілін еркін меңгерген? Баласының шетелге барып бір жылдың ішінде ағылшын тілін үйренгенін мақтан көретін Премьер-Министріңіз анау. Менің балам да қызметіне қажет болғандықтан Германияға барып, бір жылдың ішінде неміс тілін үйреніп алды. Нанын жеп жүрмеген соң, өз басым о баста маманданған араб тілін бүгінде керек етпеймін де. Өйткені, несібе өзге саладан бұйырды. Сондықтан біздің барлығымызға да бірінші кезекте қазақ тілі қажет! Кез келген дүкенде, дүңгіршекте, телефон құлағында отырған адамдар қазақша сөйлеуі керек. Қазақша сөйлемейтіндерді жұмысқа қабылдамаса, адамдар өзі үшін тіл үйренеді. Қазақтың тілі дамыған кезде біздің әзіліміз де дамиды, астарлап айтқан ойымызды көрермен түсіне алатын дәрежеге жетеді. Әзіл-оспақ тілдің дамыған жерінде ғана өркен жайып, өрістейді.
Жасыратыны жоқ, біз Петропавлға, Қостанайға, Павлодарға гастрольге бармайтын болдық. Бір жолы барғанымызда қазақ тілінде бір ауыз сөз білмейтін мәңгүрттерге қор болғанбыз. Өйткені, ол жердің қазағына «сен қазақсың» деп айтып дәлелдей алмайсыз. Қостанай мен Павлодарда сахнада тұрғанымда осы әңгімені айтып едім, жергілікті қаламгерлері қапа болды. Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров шыққан өлкенің қауымы ана тілін білмейді, қазақша әзілдесең түсінбейді. Қостанайда пәтер жалдап тұрғанымда түнде жарық өшіп қалып, теледидардан футбол матчын көре алмай жүйкем жұқарды. Таңертең пәтершінің қызы мен баласы келіп еді, соларға жарықтың өшкенін қазақша түсіндіре алмадым. Онысымен тұрмай бетіме қарап «вот, казахи!» дейді кемсітіп. «Әй, сен сонда қазақ емессің бе?!» деп одан сайын намысым қозды. Анау-мынауға көтеріле қоймайтын Жүсіптің өзі қалшылдап кетті. Содан анасын шақырттық. Сөйтсек, ол да шала қазақ біреу екен. Одан сайын жүйкеміз жұқарып «сіздің анаңыз бар ма?» деуге мәжбүр болдық. Бірінен бірі өткен мәңгүрттер қазақша бір ауыз сөз білмейді. Ана тілін білмегеніне намысы қозып отырған ешкім жоқ, тек ақшаңды алып кетсе болды. Сондықтан Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Талдықорған жаққа апталап, айлап гастрольге шығамыз. Ол жақтың қазақтары бізді төбесіне көтеріп, құрметтейді.
– Бұдан былай министрліктер мен департаменттерге қызметке алғанда, тіпті Парламент депутаттығына да қазақ тілінен емтихан тапсырып өтуге ұсыныс жасалды. Реті келгенде бұл бастамаға көзқарасыңызды білдіре кетсеңіз?
– Атай көрмеңіз, Қазақстанға ешқандай да емтихан мен тестің керегі жоқ. Кешегі Президент сайлауында қазақшасы қыңырайған Ғани Қасымов қалай өтіп кетті? Егер осы жолды таңдасақ, ертең депутаттың бәрі Қасымовтың «қасқа жолымен» қасқайып өтіп алады да, сосын ескі әуеніне қайта басады. Іссапармен Қытайға жиі барамыз. Сонда байқағаным, ол жақтың қазақ шенеуніктері ұлтжанды, балалары мен немерелері тегіс ана тілінде сөйлейді. Олардың арасында да перзенттерін хансу тіліндегі балабақшаға, мектепке беріп, ана тілін үйрете алмай жүргендері бар. Баласы қазақша білмегендерді мұқатып, ана тілін меңгергенін үлкен мақтаныш көретін қандастарды көргенде көңіл сүйсінді. Бұған намыстанған әлгі қазақ жазғы демалысында баласын ауылдағы ағайынына жіберіп, тіл үйретіп әуреге түсуде. Олардың арманы – ұл-қызына Қазақстаннан үй әперу. Міне, елжанды, ұлтжанды қазақтың әрекеті! Біздің шенеуніктермен әңгімелесе қалсаңыз, балаларының Нью-Йоркте, Дубайда түпкілікті тұрып жатқанын айтып мақтанады.
Мен сізге бір мысалды айтайын. Ертеде көрші елдің елшісі патшамызға келіп: «Бәйге атыңызды басшымыз ұнатып қалыпты, соны сұратып жіберді», – дейді. Сонда ақсақалдар: «Ат деген пырағымыз, бере алмаймыз», – дегенде, ел басшысы «Елде бейбітшілік болса, мінуге ат табылады» деп айтқандарын екі етпейді. Келесі жолы көрші елден жеткен елшілер қыз-келіншектерін сұратады. «Бала – белде, қатын – жолда» деген оймен патша бұған да келіседі. Үшінші рет қайтара төбе көрсеткен елшілер жер сұрай келеді. Сонда ақсақалдар «Кең байтақ жеріміздің бір пұшпағын берсек, берейік» дегенде, патша: «Тоқтатыңдар! Атақонысымыздың сүйемдей жерін де бере алмаймыз. Ол – ұрпағымыздың еншісі» деп соғысуға бел буған екен. Осы ғибратты әрбір министрдің, директордың, бастықтың, депутаттарымыздың кабинетіне үлкен әріппен жазып іліп қойсақ, жер туралы әңгіме қозғалмас еді. Дәл қазір мені қатты алаңдатып жүрген мәселелер осы.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Үмітхан АЛТАЕВА

http://nurastana.kz/?p=2316


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер