BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жазғы Азия Пара ойындары: Қазақстан құрамасы сақадай сай

6-13 қазан аралығында Индонезияның Джакарта қаласында өтетін Жазғы Азия Пара ойындарына қатысатын Қазақстанның Паралимпиада құрамасы соңғы оқу-жаттығу жиындарын Алматы қаласында өткізіп жатыр, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

Азия ойындарына спортшылар 4 жыл жоспарлы түрде дайындалды. Бұған дейінгі Азия ойындары мен биылғының арасында 2016 жылы Риода Паралимпиада ойындары, сонымен әр спорт түрінен әлем чемпионаты және кубогы өтті.

Джакартаға Қазақстан атынан спорттың 9 түрінен 91 спортшы аттанады. Бұл – спортшылардың саны жағынан еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Бұрынғы ойындарды спорттың 9 түрінен 82 спортшы қатысқан болатын. Мұндай статистика елдегі параспорттың насихаттала бастағанын, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдардың кәсіби спортқа бет бұра бастағанын айғақтай алады.

"Биыл Ойындарда осыған дейін үлкен жетістікке жеткен спортшылардан үміт зор. Олардың қатарында Зүлфия Ғабидуллина, Раушан Қойшыбаева, Әнуар Ахметов (жүзу, пауэрлифтинг) бар. Сондай-ақ Ойындар жас спортшыларға да өздерін көрсетуге үлкен мүмкіндік береді", - делінген Ұлттық Паралимпиада комитеті таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, Жазғы Азия Пара ойындары – спортшылар үшін алғаш рет халықаралық классификациядан өтуге үлкен мүмкіндік. Ойындарда спортшылар Токиода 2020 жылы өтетін Паралимпиадалық ойындарға жолдама беретін квалификациялық нормативтерді орындай алады.

"Қазақстан құрамасы бұрынғы Ойындарда 7 алтын медаль алды. Биыл жалпыкомандалық орынды да жақсарту үшін барлық күш жұмсалады. Бұған дейін 11-орын алған болатын. Азия Параойындарына қатысу үшін квалификациялық талаптар қатты қиын емес. Сондықтан Ойындарға қатысып жатқан әрбір қазақстандық спортшы үлкен бәсекелестіктен озып шығып, Токио Паралимпиадасына жолдама алуына мүмкіндік бар", - деп хабарлады ҰПК.

Айта кету керек, қазақстандық спортшылар Джакартадағы Ойындарға республикалық және аймақтық бюджет қаржысының есебінен бара жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін алдағы Ойындардың жеңімпаздары мемлекеттен қанша теңге ақшалай сыйлық алатынын ҰПК қызметкері Вaq.kz-ке сұхбатында айтқан болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер