BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Ұлттар лигасындағы сәтсіздікке кім жауапты? Сараптама

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Ұлттар лигасындағы жорығын аяқтады. Алты ойында 6 ұпай жинап, өз тобымызда екінші орында қалып қойдық.

Бізге бұйырған қарсыластар

Қазақстан Ұлттар лигасының D дивизионының А тобына түскен болатын. Біздің топта Қазақстаннан бөлек, Грузия, Латвия, Андорра болды. Ұлттар лигасының басталмас бұрын тамыз айындағы рейтингке көз жүгіртетін болсақ, Грузия ол кезде 96-орында орналасқан. Ал қазан айында гүржілер 4 сатыға жоғарылады. Латвия мен Андорра керсінше төмен сырғыған. Мысалы, Латвия тамызда 129-орында болса, қазан айында 132-орынға жайғасты, Андорра 130-дан 133-ке дейін төмендеген.

Үмітіміз Андоррада үзілген

Қазақстан алғашқы ойынын 6 қыркүйекте Астанада Грузиямен өткізді. Бұл ойында осы топтың фаворитін жеңбесек те, ең кемі тең түсеміз деп ойлаған едік. Оған себеп те жоқ емес болатын. Жолдастық кездесулерде Қазақстанда жақсы ойнап, 3 ойынның екеуін ұтты. Бірақ қазақ футболының ұңғыл-шұңғылын жетік білетін Владимир Вайсс бапкер Астанадан 3 ұпайды еншілеп кетті. Тактикалық тұрғыда Стоилов словакиялық маманға есе жіберді.

Одан кейін Андоррадан үш ұпай алуға міндетті едік. Алайда, олай болмай шықты.Андорраның «Естади Насьональ» стадионында өткен ойында қарсыластарымызбен тең ойнауға мәжбүр болдық. Стоилов қатты сенім артатын «Астана» клубының ойыншылары осы матчта құраманың ұпай жоғалтуына себепкер десек, қателеспейтін шығармыз. 76-минутта Серікжан Мұжықов екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Яғни біздің құрама 10 ойыншымен қалды. Арада 10 минут өткенде команда капитаны Дмитирий Шомко күтпеген жерден қателесті. Сол қапталдағы қорғаушымыз болмашы жерден жаза басып, допты қарсыласының аяғына салып берді. Өз кезегінде Андорра футболшысы Жорд Алаэс допты іліп әкетіп, алдынан жүгіріп шыққан Ненад Эричті де сан соқтырып кетті. Сөйтіп, қолда тұрған жеңістен айырылып қалған болатынбыз. Ал Латвиядағы тең ойын топтағы жағдайымыздың қандай екенін түпкілікті түрде көрсетті. Әріқарай үш кездесудің маңызы да болмай қалды.

19 жастағы Чакветадзені тұсап ұстай алмадық

Қазақстан Грузиямен өткен екі матчта да ұтылды. Осы екі ойында да ойын тағдырын шешкен Бельгияның «Гент» клубында ойнайтын 19 жастағы жартылай қорғаушы Гиорги Чакветадзе. Бұл футболшының соққан голдары бір-бірінен өтеді. Қазіргі кезде Чакветадзеге «Барселона» клубы қызығушылық танытып отыр екен. Ең бастысы, жас футболшыға Грузия құрамасының бас бапкері Владимир Вайсс сенім артады.

Станимир Стоиловтың өзі 19 жастағы футболшының жеке шеберлігін мойындады.

«Грузия құрамасының ондығы екі ойынның тағдырын шешті. Жақсы футболшы. Голдары да әдемі. Қапталдағы қорғаушылар қорғаныста жүктелген міндеттерді атқара алмады. Екінші таймда қарсыластың ондығын ұстай алмадық. Біздің қорғанысты әбден шаршатты. Чакветадзе біздің құрамамен өткізген екі ойында да жеңіске жетті деп санаймын», – деді Станимир Стоилов баспасөз мәжілісінде.

Бір қызығы, Ұлттар лигасының алты матчында да Қазақстан құрамасы сапында барлық ойынға қатысып шыққан футболшының бірі – Абзал Бейсебеков екен. Жоғары да айтқан Чакветадзенің қапталында шабуылдайтын ойыншы. Абзал екі ойында да жас футболшыны тұсап ұстай алмады. Станимир бірінші ойындағы қателіктен сабақ шығармай, тағы да жас грузинге қарсы Бейсбековті шығарды. Неліктен болгариялық бапкер чемпионаттағы өзге ойыншыларды қарастырмайды? Мысалы, «Ақтөбеде» Бағдат Қайыров, «Тобылда» Дмитрий Мирошниченко бар.

«Грузияның біздің мықтырақ екені көрініп тұр. Егер, Бельгияның «Гент» клубында ойнайтын 19 жастағы бала гол соғатын болса, шамамыздың қандай екенін байқауға болады. Үнемі, құраманың деңгейі жоғары болу үшін, ішкі чемпионатты көтеру керек деп айтамыз. Ал Грузияның чемпионаты бізден төмен. Оны еурокубоктан байқап жүрміз. Демек, Грузияның балалар-жасөспірімдер мектебі дұрыс жолға қойылған. Өйткені, осындай шағын ғана аймақтан Гиорги Чакветадзе секілді вундеркиндтер шығып айтса, елдегі футболдың дамуы дұрыс бағытта екенін айғақтайды. Грузия құрамасының барлық футболшысының ойын тәжірибесі бар», – дейді футбол функционері Халимжан Ержанов Sports.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Бас бапкер неге тәуекелге барудан қорқады?

Станимир бас бапкер болғалы негізгі құрамда «Астананың» 7-8 және «Қайраттың» 2-3 футболшысын шығарудан жаңылар емес. Тек соңғы ойындарда ғана өзге клубтардың 1-2 ойыншысына алғашқы минуттан өнер көрсетуге мүмкіндік берді.«Тобыл» клубында ойнайтын Бауыржан Тұрысбек пен Ресейдің «Уфа» клубындағы шабуылшы Еркебұлан Сейдахмет осы турнирде алғаш рет Андоррамен Астанада өткен матчта алаңға негізгі құрамда шықты. Бір қызығы, екеуі де гол соқты.

Биылғы жылы спорттық карьерасын аяқтаған ресейлік футболшы Андрей Аршавин «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Думан Нәрзілдаевты мақтаған болатын. Ол бұл ойыншыны «Қайрат» клубына шақыру керектігін басшылыққа ескерттім деген болатын. Станимир Стоилов Ұлттар лигасы басталғалы Нәрзілдаевты құраманың жиынынан қалдырған емес. Бірақ әлі алаңға шығарған жоқ. 26 жастағы футболшы туралы бас бапкердің пікірі мынандай:

«Думан Нәрзілдаев алғаш рет шақырылған сәтте жанкүйерлердің 90 пайызы ол туралы білмеді. Думан клубтың негізгі құрамында енді ойнай бастады. «Қайсардың» жаттықтырушыларымен көп сөйлесеміз. Бұл – оның алғашқы маусымы. Оның уақыты алда», – дейді Стоилов Латвиямен кездесудің алдындағы баспасөз мәжілісінде.

Думан Нәрзілдаев, Александр Марочкин, Темірлан Ерланов, Дмитрий Мирошниченко секілді ойыншыларды соңғы екі матчта алаңға шығарып тексеруге болар еді? Өйткені, бұл кездесулерде ұтсақ та, ұтылсақ та, ешқандай маңызы жоқ. Есесіне, «Астана» мен «Қайрат» клубының футболшыларынан басқасын да тексеруге мүмкіндік болар еді. Бірақ біздің БОСС ондай тәуекелге барудан қаймыққан секілді.

Жанкүйерлер Щеткиннен шаршады

Ұлттық құраманың негізгі шабуылшысы қазіргі кезде Алексей Щеткин болып тұр. Ол Қазақстанның жейдесін алғаш рет 2013 жылы Грузиямен кездесуде киіп шыққан. Содан бері 27 матчқа қатысты. 2015 жылы Молдавамен жолдастық кездесуде бір гол соққан. Одан соң, оның қанжығасын майланғанын көргеніміз жоқ. Биыл Ұлттар лигасында бес матчқа қатысты. Алаңнан бос кеткеннен басқа ештеңе бітірмеді. Соған қарамастан Стоилов бұл шабуылшыға сенімін әріқарай жалғастырудан танар емес. Жанкүйерлер де әбден шаршады.

Соңғы Грузиямен ойында 87-минутта Роман Мұртазаевты 20 жастағы Қарағанды футболының түлегі Оралхан Өміртаев ауыстырды. Ол алаңға шыға салып, гол соқты. Бұған дейін құрама жейдесін киіп көрмеген футболшы. Сөйтіп, дебюттік кездесуін сәтті бастады. Алдағы уақытта нәтижесі төмен Щеткин секілді шабуылшылардың орнын Оралхан, Еркебұлан секілді жалындап тұрған жастар басады деп үміттенеміз.

Осы ретте Оралхан Өміртаевтың биылғы маусымдағы статистикасын ұсынамыз.

«Шахтер» сапында:

ҚПЛ – 23 ойын, 1027 минут, 4 гол, 3 нәтижелі пас;

Қазақстан кубогы – 2 ойын, 120 минут;

«Шахтер-Болат» сапында:

Бірінші лига – 1 ойын, 90 минут;

«Шахтер-U21» сапында:

Екінші лига – 6 ойын, 465 минут, 8 гол, 2 нәтижелі пас;

Қазақстан жастар құрамасы сапында:

Еуропа чемпионатының іріктеуі – 2 ойын, 96 минут;

Ұлттар құрама сапында:

Ұлттар лигасы – 1 ойын, 3 минут, 1 гол;

2018 жылғы барлық турнирдегі көрсеткіші: 35 ойын, 1801 минут, 13 гол, 5 нәтижелі пас.

Қазақстан азаматтығын алған сегізінші қақпашы

Қазақстан футболындағы өзекті мәселенің бірі шабуылшылар деп айтамыз. Бірақ одан да күрделі мәселе бар секілді. Өйткені, қазіргі кездегі құраманың өзінде өзге елде туған екі қақпашы жүр. Ұлттар лигасы басталғалы қақпаны Сербиядан келген Ненад Эрич күзетіп жүрген болатын. Соңғы Грузиямен ойында украиналық «қазақ» Дмитро Непогодов шықты.

Осылайша, өзге елден келіп, Қазақстан намысын қорғаған қақпашылардың саны сегізге дейін жетті. Бұған дейін өзбек футболының түлегі Владимир Цирин мен Жасур Нарзикулов, Түркіменстаннан келген Виталий Кафанов, ресейлік Андрей Морев пен Андрей Сидельников, украиналық Роман Нестеренко Қазақстан құрамасының қақпасында тұрған болатын. Оған Эрич пен Непогодов қосылып отыр.

Осылардың арасында ең көп ойын өткізген Сидельников. Ол 29 матчқа қатысқан. Одан кейінгі тізімде Эрич (8), Кафанов (6), Нарзикулов (3), Морев (2), Нестеренко (2). Цирин (1), Непогодов (1) тұр.

Сейдахмет жетіспеді

Латвиямен матчтың алдындағы баспасөз мәжілісінде бас бапкер Станимир Стоилов шабуылшы Еркебұлан Сейдахметтің жаттығу кезінде жарақат алғанын және Германияға барып ота жасататынын хабарлады. 18 жастағы футболшыға 3 ай уақыт керек.

Еліміздің футболында айтыла бермейтін құпия ақпараттарды таратып отыратын Сарафанное радионың хабарлауынша, Еркебұланның оқыс жарақат алуына ұлттық құраманың бапкерлерінің бірі Қайрат Нұрдәулетовтің қатысы бар көрінеді. Стоиловтың көмекшісі кездесу алдындағы дайындық кезінде жас шабуылшыдан допты «Рамостің стилінде» тартып алмақ болған. Сол кезде аяғын сындырып алған.

Латвия мен Грузияға қарсы ойында дәл осы Еркебұланның жылдамдығы мен шабуылдағы креативті шешімдері жетіспегендей көрінді. Грузияның ойыны жүрмей жатқанда, Гиорги Чакветадзенің алып шыққан ескерсек, бәлкім, бізде де Сейдахмет өрге сүйрер ме еді?

Соңғы ойындардағы сәтсіздік

Андорраны жеңгеннен кейін аз да болсын ойынымыз түзеліп келе жатыр деп қуанғанбыз. бірақ Латвия және Грузия болған матчтар әлі футболшылардың өз-өздеріне сенімділіктері жетіспейтінін байқатты.

Лативиямен Астанада өткен ойында Қазақстан футболшыларының соққыларының көбісі қонақтардың қорғаушыларына тиіп, кері қайтып отырды. Әйтеуір, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей тебе берді. Әлсіреп қалған Латвияны жеңуге «элиталық жанкүйерлеріміз» амбассадорларымыздың да қолдауы көмек бола алмаған еді.

«Біздің құрамада ойнап жүргендердің көбісі өз клубында қосалқы құрамда отырғандар. Негізгі құрамда шыққандардан Исламхан мен Сүйімбаевтан басқасының жағдайы дәл солай. Қорғаушыларды көрсеңіз, өздеріне сенімді емес. Олар бір-бірін жақсы түсіне алған жоқ. Әрине, чемпионатта алаңға шықпаса, қайдан өзара түсіністік болсын. Сосын біздің құрама допсыз қалай ойнау керектігін білмейді. Заманауи футболда допсыз қалай қимылдауды меңгермесең қиын. Матч бойы тек ортамен шабуылдауға тырысқандарын түсінбедім және әуедегі допқа талас кезінде жиі ұтылып жатты. Сондай-ақ болмашы жерден гол кірді. Мұның бәрі қорғаушылардың бір-бірін түсінбегенін көрсетеді. Қорғаныста мұндай қателік жіберуге болмайды», –дейді белгілі футбол ардагері Юсуп Щадиев Vesti.kz сайтына берген сұхбатында.

Ал Грузиямен ойында Мұртазаевтың гол соғатын керемет мүмкіндігі болған. Ол оны пайдалана алмады. Матч тағдырын жоғары да айтқан Гиорги Чакветадзе шешті. Бізде шабуылда ондай креативті ойыншы болмады.

Қорытынды кесте

Грузия – 16 ұпай

Қазақстан – 6 ұпай

Латвия – 4 ұпай

Андорра – 4 ұпай.

Билет бағасы

Грузия футбол федерациясы Қазақстанмен соңғы ойында жанкүйерлерге сыйлық жасады. Тбилисидегі Бориса Пайчадзе атындағы «Динамо-Аренаға» кіру құнын 1 лари қылды. Біздің теңгеге шаққанда – 138 теңге. Соның арқасында Қазақстан секілді ФИФА рейтингінде жүздікке кірмейтін құраманың ойынын көруге 53 мың адам келді.

Ал бізде билет бағасы қалай болды? Ұлттар лигасының Астанадағы үш ойынында да билет бағасы 500-3000 теңге аралығында болды. Ең болмаса соңғы матчқа жеңілдік жасау керек еді ғой. Федерация билет бағасын УЕФА релгаментіне сәйкес белгілейтінін айтып ақталатын. Грузия ресми ойында осындай баға қойып, көрермен жинаса демек УЕФА жергілікті федерацияның шешіміне қарсы шықпаса керек.

Тақырыпқа тұздық

Қазақстан УЕФА-ға мүше болған 16 жылдың ішінде Германия, Англия, Голландия, Хорватия, Чехия, Бельгия, Түркия секілді әлем, Еуропа чемпионаттарында жүлдегер болған құрамалармен ойнап көрді. Осылардың көбісінен ұтылып, жанкүйерлердің сағы сынды. Ал Ұлттар лигасы құрамамыздың жанкүйерлерінің алдында аз да болсын бедел жинауына берілген тамаша мүмкіндік болатын. Бірақ соны да пайдалана алмадық. Оның үстіне, осы турнир арқылы 2020 жылғы Еуропа чемпионатына қатысуға мүмкіндік бар екенін тағы ұмытуға болмайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер