ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, Астана қаласы «Қазанат» атшабарында республикалық «Ұлы дала рухы» фестивалінің 4 аймақ өңірлерінің жеңімпаз командалары арасында теңге ілу мен жамбы ату спорт түрлерінен финалдық бәсекелер өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Жамбы ату спорт түрінен Түркістандық сұр мергендер жеңіске жетті.
Түркістан облысының атынан сынға түскен халықаралық «Алтын жебе» турнирінің жүлдегерлері - ҚР чемпионатының жеңімпаздары Сарыбай Айтбек, Ералхан Айкөз бабында екенін тағы бір дәлелдеді.
Екінші орын Шығыс Қазақстаннан келген мергендердің еншісінде.
Қола жүлде Ақтөбе облысына бұйырса, үздік төрттікті Ақмола облысы қорытындылады.
Теңге ілу сайысында да Түркістан облысының спортшылары жеңімпаз атанды. Түркістан облысының атынан сыңға түскен теңге ілуден Азия чемпионы Ізжанов Ғалымжан және Қамбаров Рахат, Садуақас Нұрбағлан барлық қарсыластарынан басым түсті.
Екінші орын БҚО, үшінші орын Ақмола облысы, төртінші орын Қарағанды облысына бұйырды.
"Ұлы дала рухы" фестивалінің өзге жарыс түрінен ерекшелігі туралы Ұлттық және ат спорт орталығының директоры Нұрсұлтан Ибраһимов тарқатып берді.
Аталған фестиваль Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған. 15-16 қыркүйек күндері көкпар мен аламан бәйге және жеңімпаздарды марапаттау салатанаты өтеді.