Toyota Ұлттық олимпиада комитетіне 8 автокөлік сыйлады - Спорт|31 Қаңтар 2018, 18:51
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Toyota Ұлттық олимпиада комитетіне 8 автокөлік сыйлады

Toyota Ұлттық олимпиада комитетіне үш Hiace, екі Land Cruiser 200 және үш Camry сыйлады. Автокөліктер Астанадағы және оның Алматыдағы филиалына күнделікті Комитет қызметін ұйымдастыру үшін берілді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Былтыр қазан айында ҰОК мен Toyota серіктестік туралы келісімге қол қойды. Мәмілеге сай Toyota 2024 жылға дейін Олимпиада ойындарында және басқа да халықаралық жарыстарда Қазақстанның ұлттық құрамасына қолдау білдіреді.

«Біз Кореяда өтетін Олимпиада ойындарына дейін Халықаралық олимпиада комитетінің ТОП-серіктестігі Toyota компаниясымен серіктес болу үшін жұмыс істедік. Олимпиада қозғалысына ерекше назар аударатын және спорттың дамуына елеулі үлес қосатын осындай әлемдік серіктестердің бары қуантады. ҰОК атынан Қазақстанның ұлттық құрамасына қолдау білдіргені үшін «Тойота Мотор Қазақстанға» алғыс білдіремін. Осы серіктестіктің арқасында отандық спортшылардың олимпиадалық рухын нығайту, қазақстандықтардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және болашақ еншісіндегі бірлескен жобалардың негізін жасау мүмкін болмақ. Санаулы күннен соң басталатын қысқы Олимпиада ойындарында атлеттерімізді қолдайтын боламыз. Осы Олимпиадада біздің спортшылар спорттың 9 түрінен 57 лицензия жеңіп алды және олардың әрқайсысы елімізді танытатынына сенеміз», - деді ҰОК бас хатшысы Данияр Әбілғазин.

«Тойота Мотор Қазақстан» президенті Кит Мэтью Симмонс болса Toyota қазақстандықтардың сүйікті бренді екенін айтып әрі спортшыларды қолдау олар үшін құрмет екенін жеткізді.

«Олар – Қазақстанның мақтаныштары. Сол себепті халықаралық жарыстарда Қазақстанның туын желбірететін олимпиадашыларды қолдау біз үшін құрмет. Біз автокөліктерімізді қуана-қуана ҰОК табыстаймыз. Пхенчханда өтетін қысқы ойындар алдында беріп отырғанымыз үшін қуаныштымыз. Бұл біздің Қазақстанда олимпиада қозғалысын дамытуға қосқан үлесіміз және спортшыларға білдірген қолдауымыз деп білемін», - деді «Тойота Мотор Қазақстан» президенті Кит Мэтью Симмонс.

Еске сала кетсек, 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХІІІ қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Төрт жылдықтың басты додасында спорттың 9 түрінен 46 қазақстандық спортшы бақ сынайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер