Қазақстан футболдан Андорраны да ұта алмады. Станимир Стойлов жаттықтыратын құрама командамыз Ұлттар лигасында екі ойында бар-жоғы бір ұпай жинады.
Қазақстан футболдан Андорраны да ұта алмады. Станимир Стойлов жаттықтыратын құрама командамыз Ұлттар лигасында екі ойында бар-жоғы бір ұпай жинады.
УЕФА-ның жаңа турнирі басталмас бұрын өз тобымызда бірінші орын алып, Еуропа чемпионатының финалына шығатын мүмкіндігіміз арта түседі дегендер көп болған. Ал қазір жағдайымыз қиындап кетті. Өз алаңымызда Грузиядан жеңілдік, енді Андоррадан айламызды асыра алмадық.
Әрине, жанкүйерлер мен мамандардың сенімділігінің артуына Станимир Стойловтың бас бапкер болып тағайындалуы, соңғы жолдастық кездесулердегі жеңістеріміз себепші болды деп ойлаймын.
Грузиядан ұтылған соң, міндетті түрде Андоррадан үш ұпай алуға міндетті едік.Бұған дейін екі елдің құрамасы екі рет кездескен. Екі ойын да 2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өткен. Алдымен, осыдан 10 жыл бұрын 20 тамыз күні Алматының Орталық стадионында жолымыз түйісті. Шабуылшы Сергей Остапенко дубль жасады.Бір голды сол кездері «Атырау» сапында ойнаған Роман Узденов енгізді. Қорытынды есеп 3:0.
Одан кейін 2009 жылы 9 қыркүйекте Андоррада кездескен. Ол кезде де 17 жастағы Сергей Хижниченко дубль жасаған болатын. Бір голды пенальтиден Руслан Балтиев соқты. Екінші таймда қарсылас сапынан Сонезе есеп айырмасын бір допқа қысқарта алды.
Сондай-ақ матч алдында Андорраның бас бапкері Кольдо Альварес Қазақстан Грузиядан әлдеқайда мықты деп жерлестеріміз бір мақтап қойды:
«Грузия мен Қазақстан құрамаларының арасындағы ойынды тамашаладық.Ол матчта Қазақстанның ойыны тәуір болды. Алайда, Грузия жеңіске жетті. Менің ойымша бұл матчтағы есеп алдамшы. Өйткені, Қазақстан Грузиядан мықтырақ. Қос қапталдағы және орталық жартылай қорғаушысының деңгейі жоғары».
Осыдан соң, Қазақстанның жеңіске жететіне ешкімнің де күмәні болған жоқ-ау. Тіпті, букмекерлік кеңселердің өзі сенімді болды. Бірақ ойын нәтижесі біз күткендей болмады.
Жеңісті өз қолымызбен беріп қойдық...
Андорраның «Естади Насьональ» стадионында өткен ойында Станимир Стойлов Грузиямен салыстырғанда негізгі құрамға екі өзгеріс жасады. Бұл жолы Георгий Жуков пен Сергей Малый қосалқы құрамда қалды. Олардың орындарын Еркебұлан Тұңғышбаев пен Юрий Логвиненко басты.
Құраманың ойынына қарап отырып, қарның ашады. Андорра допты біздің жігіттерге беріп қойып, қорғаныста жатып алды. Тіпті, қысым көрсетіп, прессинг те жасаған жоқ. Соған қарамастан Қазақстан футболшылары қарапайым пас берудің өзінде жиі қателесіп жатты. Бірінші таймда таблода еш өзгеріс болмады.
Екінші таймның алғашқы минуттары да дәл осылай жалғасып жатты. Стойлов шәкірттері алға атойлап шабуылдады. Алайда ешқайсысына дәлдік жетіскен жоқ. Қарсыластың қорғаушыларының екі аяғын бір етікке тығады деген Щеткин де түк бітірген жоқ. Әйтеуір, матчтың 68-минутында Бауыржан Исламханның бұрыштамада көтерген добын қорғаушы Юрий Логвиненко баспен ұрып, қақпа торына тулатты.
Екі ойында әзер соққан жалғыз голымыз матч соңына дейін сақталып қалса деп отырдық. Өйткені, алаңға әріптесін ауыстырып кірген шабуылшы Бауыржан Тұрысбек те түк бітірген жоқ. Сондықтан ең болмаса осы есепті ұстап, үш ұпай еншілесек деп үміттеніп едік. Бірақ жеңісті өз қолымызбен қарсылас ұстатып бере салдық.
Алдымен, 76-минутта Серікжан Мұжықов екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Яғни біздің құрама 10 ойыншымен қалды. Арада 10 минут өткенде команда капитаны Дмитирий Шомко күтпеген жерден қателесті. Сол қапталдағы қорғаушымыз болмашы жерден жаза басып, допты қарсыласының аяғына салып берді. Өз кезегінде Андорра футболшысы Жорд Алаэс допты іліп әкетіп, алдынан жүгіріп шыққан Ненад Эричті де сан соқтырып кетті. Сөйтіп, қолда тұрған жеңістен айырылып қалдық.
«Қайраттың» атақты қақпашысы болған, ардагер футболшы Құралбек Ордабаев та, жеңісті өз қолымызбен бердік деген пікірде. Футбол сарапшысы Vesti.kz сайтына берген сұхбатында осыны айтыпты.
«Ұлттар лигасының екі турын өткіздік. Андоррамен тең түсуіміз біз үшін жеңіліспен пара-пар. Андорра футболшыларының жеңіске деген құлшынысы өте жоғары болды. Соңына дейін ойнады. Гол соққанша тыным таппады. Үміттері ақталып, өздері қалаған нәтижеге қол жеткізді. Соған қарамастан турнирдегі жағдайымызды жақсартуға әлі де мүмкіндік бар. Енді өзімізге деген сенімділікті арттырып, қалған ойындарға дайындалу керек. Әрине, Грузия турнир кестесінде бізден 5 ұпайға озып кетті. Бірақ олар босаңдық танытуы мүмкін. Ондай кезде қайта жиналу қиынға соғады. Әсіресе, психологиялық тұрғыдан. Сондықтан рухымызды түсіріп, өз-өзімізді төмендете берген дұрыс емес. Оның үстіне, біздің құраманы қазір өте ақылды бапкер жаттықтырады. Әзірге ойынымыз жүріп жатқан жоқ. Бірақ уақыты келгенде өзіміздің жақсы жақтарымызды көрсететін боламыз. Грузиямен кездесуде сенімділік, шеберлік және командалық түсіністік жетіспеді. Андоррамен ойында допқа толықтай иелік еттік, алайда 90 минуттың ішінде бір мәрте ғана қарсыластың қақпасының саңылауын таптық. Бұл әрине минус. Шомко дәл осындай пас берген дұрыс емес. Осындай кәсіби футболшы үшін бұл үлкен қателік. Премьер-лигада мұндай пастар өтетін шығар, ал халықаралық ойындарда ондайды ешкім кешірмейді. Дегенмен, футболшы өз қатесін жақсы түсінеді деп ойлаймын. Сол себепті қайта-қайта оны қайталай берудің қажеті жоқ. Ал, жалпы жеңісті өз қолымызбен беріп қойдық. Егер жеңіске деген құлшынымыз артса, нәтиже де көп күттірмесі анық. Осындай қиын жағдай құраманы қолдау керек», - дейді Құралбек Ордабаев.
Ойынның статистикасына назар аударатын болсақ, Қазақстанның басымдылығы айқын байқалады. Бірақ шабуыл шебінде допты қақпаға кіргізетін ешкімнің жоқтығы да қынжылтады.
Андорра мен Қазақстан кездесуінің қысқаша статистикасы:
Соққы:2 – 13
Тура соққы: 1– 4
Қиыс кеткені:1– 7
Бұрыштама соққылар: 0 – 11
Офсайдтар: 1 –1
Допқа иелік ету: 29 – 71
Ескерту (сары қағаз): 2 – 5
Ойыннан қуылды (қызыл қағаз): 0 – 1
Ереже бұзу: 18 – 13
Андорра – Қазақстан –1:1
Голдар: Логвиненко, 68 (0:1).Алаэс, 86 (1:1).
Алаңнан қуылды: Мұжықов, 76 (екінші сары қағаз).
Андорра: Гомес, Мартинез, Велес, Ребес, Лима (к), Клементе (Алаэс, 69), Вийера, Сан Николас, Рубио (Гомес, 80), Червос, Лловера.
Қазақстан: Эрич, Постников, Қуат, Мұжықов, Исламхан, Тұңғышбаев (Зайнутдинов, 66), Щеткин, Мұртазаев (Тұрысбек, 59), Шомко (к), Бейсебеков (Сейдахмет, 90), Логвиненко.
Төрешілер: Тораринссон, Гудмундссон, Сигурдарсон (бәрі де – Исландия).
Гол соғатын шабуылшы жоқ
Матчан кейін баспасөз мәслихатында Станимир Стойлов көп ештеңе айтқан жоқ. Болгариялық бапкер гол соғатын шабуылшы жоқ деген пікір білдірді.
«Өкінішке қарай, бүгін біз күткен нәтиже болмады. Тоқсан минут бойы гол соғу үшін ойнадық. Шабуыл шебінде мәселе көп. Екі ойында бір гол соқтық.Ойын соңында қателік жіберіп, қақпаға гол өткізіп алдық. Ең негізгі мәселе - шабуылды түйіндей алмау», - дейді Стойлов.
Осы ойынның алдында Қазақстанды әбден мақтаған Андорра бапкері Кольде Альварес кездесуден кейін қарапайымдылығынан тайған жоқ. Ол Серікжан Мұжықовтың алаңнан қуылуы Андорраның бір ұпайы еншілеуіне көмектесті деп отыр.
«Жеңіске жеттік деп айта алмаймын. Бір ұпай алғанымызға қуаныштымыз. Ойынның алғашқы және екінші бөлігі қиын болды. Андорра қорғаныста ойнады. Қазақстан құрамасының бір ойыншысыныңалаңнан қуылуы бізге көмектесті. Біздің команда өсіп келеді. Ойыншыларымды құттықтаймын!Олар бүгін жақсы ойнады.Біздің құрама үшін тең нәтиже - үлкен табыс.Жасыл алаңға шыққан және қосалқы құрамда қалған футболшыларға да көңілім толады. Олардың барлығы бүгінгі ойында көмектесті. Біздің команда екі ойында екі ұпай жинады. Латвиямен ойыннан кейін УЕФА Ұлттар лигасының ойындары ұнайтынын айтқанмын. Рейтингтің төменгі жағында орналасқан 16 команданың ішінде лайықты нәтижеге ие бола аламыз деп үміттенемін», - дейді Кольде Альварес.
Жеңіске жетпегенімізге үш жыл
Қазақстан құрамасының ресми ойында жеңіске жетпегенімізге де үш жыл болды. Соңғы рет құрама 2015 жылы Еуро-2016 додасының іріктеу аясында түзде Латвияны ұтқан. Сол кезде Исламбек Қуаттың жалғыз голының арқасында үш ұпай еншілегенбіз.
Бір қызығы, Қазақстан келесі ойынын 13 қазанда сырт алаңда Латвиямен өткізеді. Соңғы рет дәл осы күні яғни 2015 жылдың 13 қазанында жеңіске жетіппіз.
Стойлов та сиқыршы емес
Александр Бородюктан кейін Станимир Стойлов келгенде жанкүйерлердің көбісі қуанған. Әрине, «Астанамен» жеткен жетістігі тарих бетінде жазылып тұр. Бірақ барлығы бапкерге де байланысты емес. Алаңда ойнайтын негізінен футболшылар. Команда капитаны Дмитрий Шомконың өзі осындай қателік жасап жатса, алаң сыртында тұрған бас бапкер не істей алар?
«Шынымды айтсақ, матчтың алдында-ақ бізге қиын болатынын білдім. Андорра сияқты командаға бірінші таймның өзінде 2 гол соғу керекпіз. Әрине, Шомко өрескел қателік жасап, команданы ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Бапкерлер үнемі мұндай қателіктер үшін футболшыны кінәлауға болмайды, ондай жағдай кез келгеннің басында болады деп айтады. Бірақ кешіріп қойсың, біздің қарсылас Андорра болғанын ұмытпайық. Егер Германия немесе Франциямен ойнап, қобалжығаннан баланың қателігін жасап жатса түсінемін. Көктемдегі жолдастық кездесулерден кейін ұлттық құраманың мекенжайына қаншама мақтау сөздер айтылды. Бірақ Стойловтың да сиқыршы емес екенін көріп отырмыз. Барлығы да қолдағы материалға байланысты. Ондай жағдай қазір Стойлов та жоқ. Құраманың тең жартысы өз командаларында қосалқы құрамда отыр. Ойын тәжірибесі жоқ. Негізгі себеп осы деп ойлаймын. Сондықтан легионерлерге қатысты бір шешім қабылдау керек. Олардың санын қысқартпаса болмайды. Қазір Жапония және Қытай чемпионаттарында 2-3 легионерге ғана мүмкіндік беріледі. Олар тек сапалыларын шақырады. Ал біздің командаларда әрі кетсе үш-төрт қазақстандық ғана ойнап жүр. Қалғаны легионерлер немесе Қазақстан азаматтығын алған келімсектер. Мәселе қайда жатқанын түсініп отырған боларсыздар. Футбол академияларына көбірек назар аударып, балалар бапкерінің айлығын көтеру керек. Мемлекет тарапынан балалар бапкеріне қолдау болса, жағдай өзгері анық», – дейді белгілі футбол функционері Халимжан Ержанов Sports.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Ернұр ҚОЖАГЕЛДІ
Турнир кестесі.
УЕФА, Ұлттар лигасы. D лигасы, бірінші топ:
Орын |
Құрама |
Ойын |
Жеңіс |
Тең |
Жеңіліс |
Д-а |
Ұпай |
1 |
Грузия |
2 |
2 |
0 |
0 |
3-0 |
6 |
2 |
Андорра |
2 |
0 |
2 |
0 |
1-1 |
2 |
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!