BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шорт-тректі дамытатын мамандар аз – бас жаттықтырушы

Астана, BAQ.KZ. Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков осы спорттың Қазақстандағы ахуалы туралы Алматыда алғаш рет өткен әлем кубогы кезеңінен соң Olympic.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.

«Көптеген шетелдік қонақтар мен бапкерлер Медеу мұз айдынын көріп, таң-тамаша болды. Конькишілердің ішінде өмір бойы Медеуді көруді армандағандар да бар екен. Шымбұлақтың кереметін де көрді. Осылардан соң біздің қысқы Олимпиаданы өткізуге мүмкіндігіміз бар екені ойға оралды. Бізде әлем чемпионатын өткізетін мүмкіндік бар. Бұл жарысқа бәрі риза болып жатыр. Астанада өткізуге де болады», - деді бас жаттықтырушы.

Алматыдағы әлем кубогы кезеңінде спортшылардың нәтижелеріне баға берді.

«Біз алға қойған мақсаттың аз ғана бөлігін орындадық. Қола медаль иелендік. Екі жүлде алуға да болатын еді. Әлемдік спортшылармен бәсекелесе алатынымыз байқалады. Әрине, кемшілік те жоқ емес. Бірақ алға жылжу бар екенін де мойындау керек. Менің болжамым бойынша, келесі жылы нәтиже бұдан да жоғары болады. Қазір біздің жүйеміз де, командамыз да өзгеріс үстінде. Спортшылар бейімделіп жатыр. Енді бір жылда бәрі реттеледі деп ойлаймын. Тактикалық тұрғыдан қателіктер кетіп жатыр. Үнемі болмаса да, ішінара байқалады. Мәреге жақын тұста көп күш салу керек. Бұл тұрғыда кореялықтар мен венгрлер мықты. Олар бірнеше метрге қалып келе жатса да, жеңіп кетуі мүмкін. Алда әлем кубогінің әлі бірнеше кезеңі бар. Содан соң ұпай санау басталады. Сол кезде кімнің әлем чемпионатына қатысатыны да белгілі болмақ. Әлемдік сын наурыз айының ортасында Софияда өтеді», - деді ол.

Биылғы маусымда қыздар командасының деңгейі айтарлықтай өскенін атап өтті.

«Әлем кубогы кезеңдерінің бірінде эстафетадан бесінші орын алды. Олар жүлдеге үміткерлер қатарында. Ерлеріміз де эстафетадан көтеріліп келеді. Енді әлем кубогының Дрезден мен Туринде өтетін екі кезеңі қалды. Ұпай жинау үшін дайындаламыз. Эстафетадан әлем чемпионатына міндетті түрде жолдама алу қажет. Елдегі шорт-тректің деңгейі тап осы эстафетада білінеді», - деді Мәдіғали Қарсыбеков.

Ол Қазақстанда шорт-трек спорты кәсіби мамандардың аздығынан жоғары деңгейде дамымай отырғанын айтты.

«Әлемнің үздік командаларына қарап, олардың толық штабпен жүретінін байқаймын. Бапкерден бастап механикке дейін бар. Мамандардың аздығынан біз бұл деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Кәсіби мамандар саусақпен санарлық қана. Жас мамандар дайындық жүйесінің барлық қыр-сырын біле бермейді. Ал шетелден шақыратын маманға көп ақша төлеу қажет. Біздің механикті де шетелге шақырған. Бірақ мен оны тоқтатып, елімізде шорт-тректі дамытатын адам керек дедім. Ақшаның соңына түспеу керек. Оралда спорттың бұл түрін дамыту үшін маған 12 мың теңге төлейтін. Киім ауыстыратын бөлмеде ұйықтадым. Бірақ команданы жасақтай алдым. Мен басқа жаққа кетіп қалмау үшін балалар тамақ әкеліп, қолдау көрсететін. Егер мені ақша қызықтырса, баяғыда шетел асатын едім ғой. Шыдадым. Бәріне көндім. Нәтижесінде әлем үздіктерімен тайталаса алатын қыз-жігіттерді өсірдім. Мұның бәрі маған деген сенімнің арқасында... Маған ҰОК-те, спорт министрлігі де сенді», - деді шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер