BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Шеберлігі төмендеген». Бокс маманы Қанат Ислам мен Жанқош Тұраровты сынады

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко қазақ боксшылары Қанат Ислам мен Жанқош Тұраровтың сенбі күні Астанада көрсеткен боксына пікір білдірді деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

9 қыркүйек күні Қанат Ислам канадалық Брендон Кукты тоғызыншы раундта нокаутқа жіберсе, Жанқош Тұраров аргентиналық Бруно Ромейді ұпай санымен жеңген болатын.

Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері Виктор Демьяненконың айтуы бойынша, Қанат ол күні өз мүмкіндігін толық көрсетпеді.

«Бірінші нокдауннан кейін Ислам Кукты бас көтертпей тастауына болар еді, бірақ ол тоғызыншы раундқа дейін бокстасты. Болмайтын соққылар жіберді. Бір тәуірі, жекпе-жек соңына қарай ол қимылдау керектігін түсінді», - деді сарапшы.

Сонымен қатар ол Ислам Қанат өзінің шеберлігін жоғалта бастады деп ойлайтынын айтты.

«Оның жылдамдығы төмендеген, комбинациялармен жұмыс істеуді қойған. Исламның әрі қарайғы дамуы туралы айтар болсақ... Уақыты өтіп бара жатыр, онымен бірге боксқа деген ынта да азаяды - жаттығуда бұрынғыдай фанатизм болмайды. Мұның бәрі жеңіліске апарады. Әуесқой бокста Қанат өте мықты еді. Комбинациялық дайындықтарын жақсы пайдаланатын, позициядан жақсы қимылдайтын, ал қазір белден төмен ұратынды шығарыпты. Оны осылай ұруға үйреткен, менің оған еш күмәнім жоқ. Жаттығуларын қараңызшы. Бапкері лапаны бауырдан көп төмен ұстайды, ал Ислам жекпе-жек кезінде белден төмен ұрып жатқанын өзі де білмей қалады. Өкінішті», - деді Демьяненко.

Маман сол кеште рингке шыққан тағы бір боксшыны сынады.

«Тұраровтың боксына көрермен ысқырып, наразылық білдірді. Оның класы төмендеген. Деңгейі жоғары боксшыларды ол ненің арқасында жеңгелі жүр, мен түсінбеймін. Тұраров алдыңғы қолымен түртеді, ол соққы көрініп тұрады. Қолын көтермейді, неге екені белгісіз, басын соққыға төсейді. Әрекетінен ештеңе шықпағанын көрген соң, мақтаншақтық жасап екі қолын түсіреді, боксты цирк шоуына айналдырғысы келеді. Мұндай көргің келмейді», - деді Демьяненко.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер