«Мастерс» турниріне қатысатын 7 дзюдошының әлеуеті қандай? - Спорт|10 Желтоқсан 2018, 08:35
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

«Мастерс» турниріне қатысатын 7 дзюдошының әлеуеті қандай? Сараптама

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы 15-16 желтоқсан күндері Гуанчжоуда (ҚХР) дзюдодан жылдың ең соңғы жарысы әлемдік «Мастерс» турнирі өтеді. Оған Қазақстан балуандары да қатысады.

Халықаралық дзюдо федерациясының баспасөз қызметі биылғы жылы жазда (IJF) «Мастерс» турнирі 2018, 2019, 2021 және 2022 жылдары Қытайда өтеді деп хабарлады. Өйткені, халықаралық ұйымның басшылығына Аспанасты елінің Хух-Хотода өткізген Гран-при турнирі көңілдерінен шыққан. Содан кейін бірден 4 жыл қатарынан жылдың қорытынды турнирі Қытайда ұйымдастыру туралы шешім қабылдайды.

«2018 жылдың наурыз айында IJF президенті Мариус Визермен Будапештте кездестім. Сол кезде Қытай жоғары деңгейлі жарыстарды ұйымдастыруға құлықты екенін жеткіздім. Біздің елдің аумағы өте үлкен. Солтүстіктегі Хух-Хотода Гран-при өткізсек, енді оңтүстіктегі Гуанчжоуда «Мастерс» додасын ұйымдастырмақшымыз. Гуанчжоу – қарыштап дамып келе жатқан, керемет инфрақұрылымы бар ірі қала. Біз «Мастерс» турнирін жоғары деңгейде өткіземіз деп айта аламын», – дейді Қытай дзюдо қауымдастығының президенті Сянь Дунмей.

Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесінде «Мастерс» турнирі маңыздылығы жағынан Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатынан кейінгі үшінші орында тұр. Себебі, мұнда әлем рейтингінде көш бастаған үздік 16 дзюдошы ғана қатыстырылады. Оны турнир жеңімпаздарына үлестірілетін рейтингтік ұпайлардан-ақ аңғаруға болады. Мысалы алтын алған спортшы 1800 ұпайға, күміс жүлдегер – 1260, қола жүлдегер – 900 ұпайға қол жеткізеді.

Алматы қаласында да өткен

«Мастерс» турнирі соңғы жылдары Сувон (Корея, 2010), Баку (Әзербайжан, 2011), Алматы (Қазақстан, 2012), Түмен (Ресей, 2013), Рабат (Марокко, 2015), Гвадалахара (Мексика, 2016) және Санкт-Петербург (Ресей, 2017) қалаларында өтіп келді.

2012 жылы Алматы қаласы да ұйымдастырған болатын. Лондон Олимпиадасының қарсаңында өткен турнирге талай мықтылар келді. Алатау баурайында сол кезде 9 Олимпиада чемпионы, 30-дан астам әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты. Ел намысын қорғаған спортшылардың арасында 2009 жылғы әлем чемпионы Максим Раков сенімді ақтаған болатын.

Алатау баурайында қарағандылық балуан жартылай финалда 2010 жылғы әлем чемпионы Такамас Ананды, шешуші сынды голландиялық Хенрик Гролдың жауырын жер иіскетті. Әлем чемпионаты мен «Мастерс» турнирінде жинаған ұпайларының арқасында Раков Лондон Олимпиадасына 100 келі салмақта рейтингте бірінші орынмен барды. Қыздардан Гүлжан Исанова қола жүлде жеңіп алғаны бар.

Қытайда Қазақстан намысын қорғайтындар

Қытайдағы «Мастерс» турнирінде ел намысын 7 балуан қорғайды. Жоғары да айтқанымыздай, жетеуі әлемдік рейтингте алғашқы 16 спортшының қатарында тұр. Сондықтан жылдың қорытынды жарысына қатысуға мүмкіндік алып отыр. Олар:

60 келі: Ғұсман Қырғызбаев – 7-орын (3881 ұпай)

60 келі: Елдос Сметов –13-орын (2765)

66 келі: Ерлан Серікжанов – 10-орын (3200)

73 келі: Елдос Жұмақанов – 11-орын (3067)

73 келі:Жансай Смағұлов – 10-орын (3044)

81 келі:Дидар Хамза – 15-орын (2446)

90 келі:Ислам Бозбаев –15-орын (2718).

Ең жеңіл салмақта екі үздігімізге үміт артамыз

Енді, осы жарысқа қатысатын балуандарға тоқталып өтсек, ең жеңіл салмақта екі балуан өнер көрсетеді. Жалпы, Қазақстан балуандарының арасында Ғұсман Қырғызбаевтың рейтингтегі көрсеткіші жоғары. Ол 60 келіге дейінгі салмақтағы спортшылар арасында 3881 ұпаймен рейтингте 7-орында тұр. Ғұсман биылғы жылы қаңтар айында Тунисте өткен әлемдік Гран-приде қола жүлдеге ие болды. Бұл жарысқа 46 елден 334 дзюдошы қатысқан еді. Одан кейін наурыз айында Мароккодағы (Агадир) Гран-приде жанкүйерлерін қуантты. Финалда түрік балуаны Озлу Бекирді жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды.

Мамыр айында Қытайдың Хух-Хото қаласында рейтингтік ұпай беретін Гран-при өтті. Осы сайыста 60 келінің финалы тек қазақстандық балуандардың қатысуымен өтті. Шешуші сында Сметов пен Қырғызбаев кездесіп, бас жүлде алғашқысының қанжығасына майланды. Ғұсманның қоржынында сондай-ақ осы жылы Еуропа кубогының күміс жүлдесі мен Әбу-Дабидегі Гран-придің қола жүлдесі бар.

Ал дәл осы салмақта бірнеше жылдан бері құрама көшбасшысы болып келе жатқан, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов соңғы кездері жарақатына байланысты көсіле алмай жүр. Дегенмен, биыл ол екі халықаралық додада топ жарды. Алдымен, наурызда Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен «Үлкен дулыға» санатындағы «Grand Slam» жарысында жеңімпаз атанды. Финалда жергілікті балуан Ислам Яшуевті уақытынан бұрын жеңді. Ол небары 1 минут 20 секундта қарсыласын тізе бүктірді. Екіншісі, жоғарыда жазған Қытайдың Хух-Хото қаласында өткен әлемдік Гран-при. Финалда Ғұсман Қырғызбаевты иппонға түсірді. Өкінішке қарай, Азия ойындарында жарақат алып, жүлдеге іліге алмады.

«Денсаулығым жақсы. Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында жарақат алғаннан кейін бір ай жаттығу жасамай, ем алып жүрдім. Қазір толық айықтым десем де болады. Жарақатым қазір жаттығуыма кедергісін келтіріп жатқан жоқ. Азия ойындарынан кейін қатысқан алғашқы жарысым Әбу-Дабидегі «Grand Slam» жарысы болды. Жоғарыда айтып кеткенімдей, жарақатыма байланысты бір ай көлемінде жаттығу жасамадым. Жаттығу аз болғандықтан көрсеткіш төмен болды деп ойлаймын. Жарыс барысында аз жаттығудың кесірінен шаршап қалатынымды сездім. Қазір бәрі жақсы. Алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалып жатырмыз», – дейді Елдос Сметов ҚР Дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

«Жыл жаңалығы» Серікжановқа сенеміз!

«2018 жылдың жаңалығы» деп Ерлан Серікжановты айтуға болатын шығар. Биыл ол Бакуде өткен әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошылар арасында жалғыз өзі финалға күресті. Әзірбайжандағы татамиде 66 келіде белдескен Серікжанов алғашқы айналымда Мозамбик спортшысын жеңді. Одан кейін Израильден келген Барух Шмайловты, үшінші белдесуінде молдовалық Вадим Бунесконы ұтты.

Ширек финалда Моңғолияның даңқты балуаны Ганболт Херленді қапы қалдырды. Жартылай финалда тағы бір Израиль балуаны Тал Фликермен жолығып, қосымша уақытта оны иппонға түсірді. Өкінішке қарай, финалда жапониялық әлем чемпионы Абе Хифумиге есе жіберді. Әлем чемпионатынан бөлек, Ерлан биыл Тунистегі Гран-придің қола жүлдесін, Әбу-Дабидегі Гран-придің күміс жүлдесін еншілеген болатын. Қазіргі кезде рейтингте Серікжанов өз салмағында оныншы орында тұр. Бұл салмақтың көшбасына жапониялық, екі дүркін әлем чемпионы Абе орналасқан.

Бұл салмақта «Мастерске» баратын балуандардың арасында Елдос Жұмақанов та бар. Ол биыл Джакартадағы Азия ойындарында қола жүлде еншілеген. Шығыстың шымыр балуаны Индонезияда жартылай финалға дейін қарсыластарын қоғадай жапырып келген. Тек финалға шығатын тұста жапониялық Иошира Маруямиден таза жеңілді. Күншығыс елінің спортшысы Жұмақановтың оң қолын тартып жатып алды. Қолы ауырып кеткен Елдос жеңілгенін мойындады. Ал қола жүлде үшін тартыста Аюи әл-Идрисиді (Катар) иппонға түсірді.

Одан бөлек, Жұмақанов биыл Қытайдың Хух-Хото қаласында өткен әлемдік Гран-приде де үшінші орыннан көрінген. Сол жарыста ол 350 ұпайға ие болды. Елдос рейтингте құрамадағы әріптесі Ерлан Серікжановтан кейінгі 11-орынға жайғасқан. 73 келіде дәл қазір Қазақстанда Жансай Смағұловтың шоқтығы биік. Бірақ биыл отау құрған қарағандылық балуан көптеген жарыста жүлдеге сынық сүйем қалғанда ұтылып қалып жүрді. Әйтпесе, әлем чемпионатында да мүмкіндігі болған. Бакуде ол 7-орынға табан тіреді.

Смағұлов биылғы жылдың алғашқы Гран-приінде топ жарған спортшы. Тунисте 26 жастағы балуан ширек финалда француз спортшысы Акус Бенджаменді, жартылай финалда иран спортшысы Мохаммед Мохаммедиді иппонмен жеңді. Шешуші сында косовалық Акил Кгожаковты ұтты. Бұл салмақта қазіргі кезде Жапония мен Оңтүстік Корея балуандарының қарқыны қатты. Көбінесе, отандасымыз соларға ұтылып жүр.

«2010 жылдан бері 73 келіде сары құрлық дзюдошылары дес бермей келеді. Енді Токиоға жан-жақты дайын болып баруға тиіспін. Мұндай аламандардың алдында қарсылас туралы ойлай берудің қажеті жоқ. Жарыс алдында көңілімді спорттан бөлек дүниелермен аулауға тырысамын. Оқу-жаттығу жиындарынан тыс уақытта ауылға кетемін. Себебі шаһар өмірі адамның бойындағы энергия­ны сорып алады. Қарағанды облысының Шет ауданының тумасымын. Туған жерге барып атпен серуендеп, достарыммен кездесемін. Ауылдағы дзюдо залына барып, балалардың жаттығуына қатысамын», – дейді «Қазақ спорты» газетіне берген сұхбатында Жансай.

Жансай Смағұлов 73 келіге дейін салмақта әлемдік рейтингте 10-орында орналасқан.

Дидар Хамза – сары құрлықта сәтті күреседі

Биылғы жылы жанкүйерлерді ерекше қуантқан балуанның бірі – Дидар Хамза. Қазақстанның дзюдо құрамасы 1994-2014 жылдар аралығында Азия ойындарынан бас жүлдеге қол жеткізе алмай жүрді. Сол серияны 2014 жылы Инчхонда Елдос Сметов бұзды. Биыл Дидар Хамза қайталады. Киелі Түркістанның жас балуаны 81 келіде сайысқа түсіп, чемпион атанды.

Ол Индонезия татамиіндегі алғашқы белдесуде Таиланд дзюдошысы Масаюки Тераданы, ширек финалда моңғолиялық Уганбаатар Отгонбаатарды жеңіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда жапон жампозы Такеши Сасакиді уақытынан бұрын иппонмен жеңді. Сөйтіп, алғашқы сенсацияны жасады. Одан кейін финалда әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған Иран спортшысы Саид Моллоиден айласын асырып, Азия ойындарының болды.

Негізі финалда Моллои бір ұпаймен кездесу соңына дейін алда тұрды. Бірақ төрешілер белдесу біткен соң, жеңімпазды жарияламай шағын жиын өткізді. Кейін қазылар парсы балуанына күреспей татамиге жатып алғаны үшін үшінші ескерту берді. Дзюдо ережесіне сай, үшінші ескерту алған дзюдошы бірден жеңіліс табады.

«Азия ойындарында жеңіске жетеді деп ешкім сенген жоқ. Бастапқыда өзге тұрмақ өзім де сенбедім. Жүлде аламын деп келдім, бірақ ол жүлде алтын болады деп ойлаған жоқпын. Финалға шыққан соң ғана бас жүлде үшін аянып қалмау керектігін түсіндім. Себебі күміс онсыз да қоржында еді. Екінші орынға қанағаттанып қана қоймай, жеңіске жету керек деп шештім», – дейді «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында спортшы.

Азия ойындарынан кейін Дидар Ташкенттегі Гран-приде топ жарды. Финалда қазақстандық дзюдошы моңғолиялық спортшы Дагвасурен Ниямсуренмен тартысты кездесу өткізді. Алдымен қарсыласы вазаримен алға шықса, белдесу аяқталуға санаулы секундтар қалғанда, Дидар таразы басын теңестіріп үлгерді. Қосымша уақытта Д.Хамза жеңіске жетті. Осылайша 21 жастағы Дидар Хамза Гран-при турнирінде алғаш рет чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ташкенттегі жеңісі үшін 700 ұпайға ие болды.

Түркістан облысының балуаны сондай-ақ Әбу-Дабидегі «Grand Slam» турнирінің қола жүлдегері. Қазіргі кезде әлемдік рейтингте 15-орында. Қарап отырсақ, Дидар биыл барлық жүлдесін Азия құрлығында өткен жарыстардан алған. Ендеше, Қытай татамиі де ол үшін сәтті болады деп үміттенеміз. Ал 90 келіде ел намысын Ислам Бозбаев қорғайды. Теміртау қаласының тумасы биылғы жылды сәтті бастаған еді. Тунистегі әлемдік Гран-приде жеңіске жетті. Финалда венгриялық Тот Кристианды иппонға түсірген болатын.

«Ислам берерін беріп болды деп, кесіп айту дұрыс емес. Ислам бүгінгі таңда өте жақсы дайындалып жатыр. Оның салмағы 90 келіде әлемде бәсекелестік жоғары. Ол өзі елімізде бұл салмақтың көшбасшысы. Егер Олимпиадаға барып жатса, жүлде әкеледі деп ойлаймын. Одан бөлек, осы салмақта Дәулетхан Жақыпов пен Сұңғат Закарияев күресіп жүр. Сондай-ақ 81 келідегі Әзиз Қалқаманұлы да аталған салмаққа ауысып жатыр», – дейді ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында.

Доржсурен рекорд жаңарта ма?

«Мастерс» турниріне қатысты қызықты дерек көп. Әлемде осы жылдың қорытынды турнирін 4 рет ұтқан бір ғана балуан бар. Ол – моңғолиялық Сумия Доржсурен. Биыл тағы да қатысады. Рекордың жаңартуы мүмкін? Әзірге «Мастерс» турнирін төрт рет жеңуге үмітті саналатын Мику Таширо, Мисато Накамура, Тедди Ринер және Ким Поллинг турнирге қатысатындардың тізімінде жоқ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер