Жақында футболдан Қазақстан құрамасы Грузиядан жеңілді, Андоррамен тең түсті. Бұл «Ұлттар лигасының» ойындары болатын. Жеңіліске себеп болған фактордың бірі ретінде құрама футболшыларының өз клубтарында алаңға шықпауымен байланыстыратындар да көп. Оны бас бапкер Станимир Стойловтың өзі де айтып отыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Азия алыптарының» тәжірибесін қолдансақ...
Қазақстан футболшылары отандық командалардың өзіңде неге алаңға шықпайды деген сұраққа тоқталсақ, себебі, клубтардың басым бөлігі легионерлерден құралған.Премьер-лигада 8 легионер тіркеуге рұқсат етілген. Кәсіпқой футбол лигасына 70 мың АҚШ долларын төлесеңіз тағы екі легионерге қосуға болады. Біреуіне 35 мың. Оның ішінде алтауы бір мезетте алаңға шығады. Ал еурокубокта шектеу жоқ. Яғни «Астана», «Қайрат» секілді клубтарымыз Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы турнирлерінде бірден 8 легионерін алаңға шығарса да өз еріктерінде. Сондықтан ішкі чемпионатта аз-маз ойнауға мүмкіндік алатын Абзал Бейсбеков, Роман Мұртазаевтар еурокубокта мүлдем қосалқы құрамда қалып қойып жатады.
Біздегі бұл жүйе Ресей премьер-лигасымен ұқсас. Оларда да жағдай дәл осылай.
Соңғы жылдары әлемдегі жұлдыздарды топырлатып сатып алып жатқан Қытайдың өзі легионерлерге шектеу қойып тастаған. Қазіргі кезде Қытайдың командалары әрбір матчқа 4 легионер тіркей алады. Алаңға бір мезетте тек үшеуі шыға алады. Оның ішінде біреуі міндетті түрде Азия құрлығынан болу керек. Одан бөлек, 23 жасқа дейінгі екі футболшы хаттамаға тіркеліп, біреуі міндетті түрде негізгі құрамда ойнауы тиіс.
Жапонияда да жағдай дәл осылай. Күншығыс елінде 5 легионерге тіркеуге рұқсат етілген. Алаңға үш легионердің шығуына болады және Қытайдағыдай біреуі Азия құрлығынан болуы міндеттелген. Жапонияда бұл күндері Андрес Иньеста, Лукас Подольски секілді атақты футболшылар доп теуіп жүр.
«Тобыл», «Ертіс» клубтарын басқарған танымал футбол менеджері Халимжан Ержанов «Sports.kz» порталына берген сұхбатында еліміздегі легионерлердің санын азайту керек деп отыр.
– Чемпионаттағы легионерлердің санын қысқарту қажет. Қазіргі лимит клубтар үшін пайдалы, ал ұлттық құрамаға кері әсерін тигізіп жатыр. «Астананың» жетістігінің басты себепкері – легионерлер. Ұлттық құрамада жүргендердің тең жартысы өз командасында қосалқы құрамда отыр. Ешқайсысында ойын практикасы жоқ. Сондықтан қазіргі кезде легионерлерге қатысты шешім қабылдап, чемпионатта олардың санын азайту керек. Қытай мен Жапонияда алаңға 2-3 легионер шығады. Бізде керсінше алаңда 3-4 қазақстандық қалғаны легионерлер мен келімсектер, – дейді Халимжан Ержанов.
Премьер-лига клубтарында қанша легионер бар?
Премьер-лигадағы клубтардың легионерлерін есептеп көрсек.
«Астанада» 9 легионер бар. Олар: Антонио Рукавина (Сербия), Марин Аничич (Босния және Герцеговина), Ласло Клянхайслер (Венгрия), Педро Энрике (Бразилия), Ричард Алмейда (Әзірбайжан), Иван Маевский (Беларусь), Марин Томасов (Хорватия), Жуниор Кабананга (Конго ДР), Рангело Янга (Кюрасао). Одан бөлек, қақпашы Ненад Эрич (Сербия) мен Евгений Постников (Ресей) Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамада ойнап жүр. Елорда клубында отандық футболдың түлектері өте аз.
«Қайратта» да 9 легионер бар. Олар: Шелдон Бато (Тринидад және Тобаго), Сергей Политевич (Беларусь), Исаэл (Бразилия), Андрей Аршавин (Ресей), Акош Элек (Венгрия), Жуан Фелиппе (Бразилия), Иво Иличевич (Хорватия), Хабиб Эсеола (Украина), Мартон Эппель (Венгрия).
«Ордабасыда» 8 легионер бар. Олар: Пабло Фонтанельо (Аргентина), Кирилл Ковальчук (Украина), Мирзад Механович (Босния және Герцеговина), Абдулай Диакате (Сенегал), Никита Бочаров (Ресей), Хелтон-Джон Дос Рейс (Франция), Лука Муженяк (Хорватия), Неманья Коич (Сербия).
«Ертісте» 8 легионер бар. Олар: Милош Стаменкович (Сербия), Родриго (Бразилия), Адриан Гомес Рамирес (Испания), Карлуш Фонсека (Португалия), Угу Секу (Португалия), Дору Попадюк (Румыния), Джон Чибуике (Нигерия), Абел Камара (Гвинея-Бисау).
«Тобылда» 7 легионер бар. Негізі сегіз болатын. Оған украиналық қақпашы Дмитрий Непогодов жақында Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға шақырылды. Одан өзге 7 легионер мыналар: Фернандо Кассай (ОАР), Йонуц Ларие (Румыния), Марат Быстров (Ресей), Ника Квеквескири (Грузия), Джаба Канкава (Грузия), Артуас Жулпа (Литва), Хуан Лескано (Аргентина).
«Қайсарда» 8 легионер бар. Сондай-ақ кейіннен Қазақстан азаматтығын алған беларусь шабуылшысы Игорь Зенькович ойнайды. Сонымен:Абдель Ламанж (Франция), Иван Граф (Хорватия), Владимир Аржанов (Украина), Пол Вере (Кения), Матиас Курьор (Франция), Джон Камара (Сьерра-Леоне), Братислав Пуношевац (Сербия), Франк Джа Джедже (Франция).
«Шахтерде» легионерлерден – Евгений Ткачук (Украина), Маттео Мужек (Хорватия), Александр Володько (Беларусь), Дамир Кояшевич (Черногория), Сергей Мошников (Эстония), Эгон Вух (Чехия), Лукаш Дроппа (Чехия), Гегам Арутюнян (Армения) ойнайды. Жалпы саны – 8 легионер.
«Жетісуда» легионерлерден – Андрей Лебедев (Беларусь), Лаша Касрадзе (Грузия), Иван Садовничий (Беларусь), Камо Оганесян (Армения), Давид Мавутор (Тәжікстан), Эдгар Малакян (Армения), Сервер Джепаров (Өзбекстан), Мантас Куклис (Литва), Руслан Степанюк (Украина) ойнайды. Жалпы саны – 9 легионер.
«Атырауда» легионерлерден – Томислав Барбарич (Хорватия), Ризван Абилтаров (Украина), Франтишек Кубик (Словакия), Юре Обшивац (Хорватия), Джозеф Нейн (АҚШ), Новица Максимович (Сербия), Бабатунде Адениджи (Нигерия), Предраг Сикимич (Сербия) ойнайды. Жалпы саны – 8 легионер.
«Ақтөбеде» легионерлерден – Виталий Волков (Ресей), Милан Радин (Сербия), Александр Симчевич (Сербия), Саша Марьянович (Сербия), Хрвое Миличевич (Хорватия), Маркос Пиззели (Армения), Рейналдо (Бразилия), Жан Эд-Морис (Франция) ойнайды. Жалпы саны – 8 легионер.
«Ақжайықта» легионерлерден – Евгений Боровик (Украина), Денис Главина (Хорватия), Сергей Басов (Украина), Андрей Ткачук (Украина), Игорь Худобяк (Украина), Малик Мане (Сенегал), Амбросий Чачуа (Украина), Артур Карашаускас (Латвия) ойнайды. Жалпы саны – 8 легионер.
«Қызыл-Жарда» легионерлерден – Георгий Попхадзе (Грузия), Адександр Стеценко (Украина), Максим Драченко (Украина), Шота Григашвили (Украина), Фредди Коронель Ортис (Парагвай),Урош Делич (Сербия), Момоду Сиссей (Гамбия), Мирослав Лечич ойнайды. Жалпы саны – 8 легионер.
Премьер-лигада Украина, Хорватия, Сербия, Франция, Армения, Беларусь, Грузия, Ресей секілді елдерден келген ойыншылардың көп екенін байқаймыз. Соңғы жылдары хорват футболшыларының саны артқан. Сосын барлығы 8 легионерлік шектеуді толыққанды қолданып отыр.
Сапалы легионерлер қажет
Легионер деген жергілікті футболшыдан бір бас жоғары болуы тиіс. Мұны танымал футбол ардагері Юсуп Щадиевтің өзі айтып отыр.
– Легионерсіз бүгінгі таңда болмайды. Мысалы, «Астана» сапындағы беларусь Иван Маевскийді алайықшы. Өте ақылшы футболшы, пайдасы көп. Бізге сондай легионерлер қажет. Сондай-ақ Аршавин мен Тимощукті үлгі ете аламын. Бізге қаншама легионер келді. Көбісі құлқынның қамын ойлап жүргендер. Арасында өз клубтарында көзге түсе алмай жүргендер көп. Легионер деген жергілікті футболшыдан мықты болуы тиіс, – дейді Юсуп Щадиев sports.kz сайтына берген сұхбатында.
Ал Қазақстанға келетін легионердің бәрін біздің футболшылардан мықты деп айтуға келмес. Мысалы, «Шахтер» биыл көктемде швейцариялық шабуылшы Даниэль Суботичпен келісімшарқа отырды. Жарты жылға жетпес уақытта онымен қоштасты. Себебі, 9 ойында бірде-бір гол соққан жоқ. Ондай мысалдар өте көп. «Тобыл» қазақстандық шабуылшы Жасұлан Молдақараевты «Ордабасыға» жіберді. Ал оның орына алған аргентиналық Хуан Лескано 7 ойында әлі көзге түспеді. Әйтпесе, Лесканоның жарнамасы керемет. Криштиану Роналдумен бірге жаттығу жасаған. «Ливерпуль» мен «Реалда» ойнағаны еңбек кітапшасында жазылып тұр.
Легионердің көптігінен ұлттық құрама зардап шегеді
Жоғары да Қазақстанның Грузиядан ұтылып, Андоррадан тең түскенін айттық. Сол ойындарға қатысқан футболшылардың көбісі өз клубтарында қосалқы құрамда отыр. Қақпашы Ненад Эричті айтпағанда. «Ұлттар лигасының» алдында Станимир Стойлов баспасөз мәжілісінде бұл туралы мұңын шағып еді.
– Біздегі ең бас проблема футблшылардың ойын тәжірибесінің аздығы. Қүрамаға өздерің жақсы жақтарынан 100 пайыз көрсеткен ойыншылар шақырылды. Оларды қорғанысты және шабуылда ойнайтындар деп бөлуге болмайды. Қорғаныс пен жартылай қорғаныста ойнайтын бірнеше футболшы клубтарында өз орындарын тапқан. Ал шабуылшыларға келетін болсақ, біздің талапқа сай келетін үміткерлер өте аз. Ондай ойыншылар «Астана» тұрмақ, «Қайратта» да жоқ. Бірнеше клубтағы шабуылшылардың деңгейі менің көңілімнен шықпайды. Проблема ашық күйінде қалып отыр. Мәселені футболшылар мен бапкерлер бірлесіп ғана шеше алады. Ойыншыларды өздеріне деген сенімділіктерін арттыру үшін жігерлендіру керек. Шабуылшылардың көбісі бапкерлер штабы тарапынан қолдау таппай жатады. Мұндай кезде мінез де көп рөл атқарады, – дейді Стойлов.
Бас бапкер елдегі легионердің көптігінен қай футболшылар алаңға шыға алмай жүргенін де жасырған жоқ.
– Легионерге байланысты құрама сапында жүрген Зайнутдинов, Бейсебеков, Щеткин, Муртазаев және «Қайраттың» бірнеше футболшысы алаңға шыға алмай отыр. Олар маусымдағы жолдастық кездесуден кейін үш-төрт ойын ғана өткізді. Бұл жеткілікті деп ойлайсыз ба? Мен айтқан футболшылар клубтарында өз орындары үшін таласуы керек, бәсекелес болу қажет. Ешқандай бапкер негізгі құрамға лайық емес ойыншыны алаңға шығармайды.Мен ешқашан бапкерлік карьерамда футболшыларды төлқұжатына байланысты бөлген емеспін. Маған ол жергілікті ойыншы әлде легионер ме аса маңызды емес. Егер кімде-кім өзін кәсіби тұрғыдан көрсете алса, оған мүмкіндік беретінмін. Еуропада футболшылардың қай елдің азаматы екені ешқандай рөл атқармайды, бастысы үздігі ойнауға мүмкіндік алады, – дейді ұлттық құраманың бас бапкері.
Қазақстандағы футбол жүйесін Еуропамен салыстыруға келмейді. Ол жақта клубтарды жекелеген демеушілер қаржыландырады. Сондықтан олар нәтиженің болғанын қалайды. Ал бізде «Қайраттан» басқасының барлығы мемлекеттік бюджеттің мойнында. Демек, бізге бірінші кезекте ұлттық құраманың жайын ойлау маңызды. Сырттан келетін ойыншылардың жалақысын төлеуден бұрын, отандық футболшылардың өсіп жетілуін ойластыруымыз керек. Бірінші кезекте футбол академияларын көбейтіп, сол ақшаны балалар бапкеріне жұмсасақ ұтылмасымыз анық.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!