Орта салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы Бернард Хопкинс қазақстандық Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34 КО) мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (50-1-2, 34 КО) қарымта ойында неліктен жеңіліп қалғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Головкиннің орта салмақтағы WBC, WBA (Super) және IBO белбеулері үшін қарымта жекпе-жек Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында қыркүйектің 16 күні өтті. 12 раундтың қорытындысы бойынша Альварес ұпай санымен жеңіске жетті, ал Головкин үшін бұл алғашқы жеңіліс болатын.
"Альварес өзінің басымдығын білгендіктен ринг ортасында болды. Ол қарсыласынан жылдамырақ қозғалды, жылдам ойлады. Мәселе жас айырмашылығында емес, ол да әсер етті, дегенмен, шешуші фактор жылдамдық болды. Саульге орнында тұру керек болғанда, ол нық тұрды, шыдады. Бірнеше соққы өткізді және оны көтере алатынын көрсетті. Головкин де мұны түсінді. Залда барлығы Головкиннің шаршағанын көрді деп ойлаймын", - деп келтіреді Хопкинстің сөзін BoxingScene.
Жекпе-жекті тікелей эфирден Qazaqstan және QazSport телеарналары көрсетті.
Айта кетейік, былтыр қос боксшының арасындағы кездесуде жеңімпаз анықталмаған. Төрешілер тең ойын болды деп, екеуінің де қолын көтерген.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!