BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 378.87 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 422.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.87
Астана:

Еркебұлан елге орала ма?

Ресейдің «Уфа» клубы 18 жастағы қазақ футболшысы Еркебұлан Сейдахмет команданың дубліне ауыстырды. Шабуылшы 25 тамыз күні «Уфа» жастармен бірге алаңға шығып үлгерді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Уфадағы «Нефтяник» стадионында «Уфаның» жастар құрамасы Санкт-Петербургтің «Зенит» клубындағы құрдастарымен кездесті. Бұл ойында қонақтар 5:0 есебімен жеңіске жетті. Еркебұлан алаңда симуляция жасап, сары қағаз алды. Бір рет тепкен добы қақпаның жақтауынан қайтты. Бір-екі айып добын орындады. Сейдахметтің 90 минутта көрсеткен өнерінен байқағанымыз осы. Футболшының бұл жарақаттан кейінгі алаңға алғаш шығуын еске сала кетейік.

Сейдахмет «Уфаға» не үшін қажет?

«Уфа» осыған дейін украиналық жас талант Александр Зинченконы «Манчестер Ситиге» сатқан болатын. Сондықтан Башқұрстанның бұл командасы көптеген жас таланттар үшін Еуропаға бастайтын баспалдақ секілді көрінеді. Еркебұлан осы клубқа ауысқанда, отандық жанкүйерлердің көбісі жас баланың бұл қадамын құптағандай болды. Футболшының өзі де болашақта Англия, Испания чемпионаттарының бірінде ойнағысы келетінін айтқан еді. Тіпті, Еуропада доп тепкен алғашқы қазақ футболшысы болғысы келетінін жасырмаған.

Жалпы, біздің елдің футболшылары алыс шетелге көп шыға қоймайды. Өйткені, Еуропа тұрмақ Ресейдің өзінде олардың ойнап кетуіне ешқандай кепілдік жоқ. Оның үстіне біздегідей оларға дәл қазір ешкім ақша төлемейтіні тағы анық. Бір кездері Бауыржан Исламханның да қадамы сәтсіз аяқталған. Ал жанкүйерлер кәрі құрлықта қарагөздеріміз ойнаса деп армандайды. Сол ойымызды осы Еркебұлан Сейдахмет жүзеге асыратындай көрініп тұратын.

– Ресей премьер-лигасы – деңгейі өте жоғары чемпионат. Мен Испания мен Англияға ауысу үшін шүмектеп көп тер төгіп және жаттығып, шеберлігімді шыңдай түскім келеді. Қазақстан жанкүйерлері маған ылғи жазып, қолдау білдіріп отырады. Білемін, мен – Қазақстанның үмітімін. Өкінішке қарай, бізде әзірше шет елде ойнайтын бірде-бір жоғары деңгейлі футболшы жоқ. Ал менің АПЛ мен Испания примерасында ойнаған ең бірінші қазақ болғым келеді, – деген Еркұбұлан «Vesti.kz» сайтына берген сұхбатында сұхбатында.

Енді, «Уфаға» қазақ футболшысы не үшін керек болды деген сұраққа тоқталып көрсек. Еуропада жарнама үшін өз аймағында аты шыға бастаған футболшыларды өздеріне шақырып алатын әдіс бар.

Мысалы, «Манчестер Юнайтед» сапында қытайлық Дун Фанчжо деген ойыншы болды. Ол кезінде «қызыл сойқандар» сапына ауысқан алғашқы қытай ойыншысы атанды. Бірақ Алекс Фергюсон Дунды алаңға сирек шығаратын.

Бұл жердегі «Манчестер Юнайтедтің» мақсаты – Дун арқылы клубтың қытайдағы жанкүйерлерін санын көбейту болды. Өйткені әлемдегі халықтың 25 пайызы осы елде тұрады. Сондай-ақ жыл сайын МЮ Қытайға барып, коммерциялық турнирлерге қатысады, көп ақша табады. Дунды сондай ойындарда алаңға шығарып қоятын. Оның гол соғуы үшін әріптестері де аянып қалмайтын.

Біздің Еркош та «Уфаға» жанкүйер тарту үшін қажет секілді көрінеді. Өйткені, Сейдахмет алаңға шығып қала ма деп, клубтың ресми сайтын, әлеуметтік желідегі парақшаларын андып отыратын қазақ жанкүйерлері көп. Көктемде ол алаңға шыққанда Башқұртстанға арнайы барған отандастарымыз да болған. Бұл енді біздің болжам.

«Уфа» директоры Сейдахметке сенеді

Еркбұлан тіпті матч алдындағы хаттамаға ілінбей қалып жүргенде, оны басқа командаға ауысуы мүмкін деген қауесеттер көп тарады. Алматының «Қайратына» жалға берілуі мүмкін екені де айтылған. Алайда, футболшының өзі мұны жоққа шығарды.

Ал кейіннен«Уфа» клубының директоры Шамиль Газизов «Vesti.kz» сайтына берген сұхбатында Еркебұлан Сейдахметке сенетінін айтқан.

– Сейдахмет өте талантты ойыншы. Оның потенциалы жоғары. «Уфа» бұл футболшыға сенім артады. Еркебұланды басқа клубқа сатады екен немесе жалғаса береді дегеннің бәрі жай ғана қауесет. Футболшы жарақатынан енді айығып келеді. Толық жазылған соң, алаңға шығады. Біз асықпаймыз, ол қатарға жылдам арада қосылады деп сенеміз, – деген Шамил Газизов.

Еркебұланға ойын тәжірибесі керек

Отандасымызға қазіргі кезде ең бастысы алаңда көп шығып, доп тебу қажет. Былайша айтқанда, мұндай жаста қосалқы құрамда отырып қалу оның болашағына кері әсерін тигізеді. Сондықтан оның Қазақстанның бір клубына оралғаны дұрыс тәрізді.

Еркебұлан «Уфаға» ауыспас бұрын «Тараздың» өзінде негізгі құрамда ойнаған жоқ. Ал бірден Ресей чемпионатында ойнап кету оған қиын соғары анық еді. Деңгейі төмен болса да, Қазақстан чемпионатында ойнап тәжірибе жинай бергені пайдалы болар еді деп ойлаймыз. Әрине, соңғы шешімді қабылдайтын футболшының өзі.

Алда Ұлттар лигасының ойыны бар. Қазақстан құрамасына Еркебұланның көмегі керек болады. Бас бапкер Станимир Стойловтың оған сенім артатынын көктемде байқадық. Румыниямен өткен жолдастық кездесуде 18 жастағы шабуылшы гол да соққан еді. Сол себепті бізге Еркебұланның апта дайын ойынға шығып тұрғаны пайдалы. «Уфада» әзірге оған мүмкіндік аз секілді.

Сейдахметті шақырған Семак кетіп қалған

Еркебұлан Сейдахметті «Уфаға» шақырған кезде бас бапкер Сергей Семак болатын. Бірақ маусым аяқталған соң, ол Санкт-Петербургтің «Зенит» клубына бас бапкер болып ауысып кетті. Көктемде жерлесіміздің бір матчқа шығуына да мүмкіндік берген осы Семак еді.

Сол ойыннан кейін баспасөз мәжілісінде Семак жерлесіміздің дебюті туралы «Уфа» командасының ресми сайтын берген сұхбатында былай деген:

– Сейдахметтің дебютіне келетін болсақ, оған кейбір сәтте агрессия жетіспей жатты. Әсіресе, қорғаныста әлсіздеу болды. Ал шабуылда екі голдың соғылуына ат салысты. Ол әлі жас сондықтан қателіктеріне түсіністікпен қараймыз. Біз оның күшті және әлсіз тұстарын жақсы білеміз. Бірінші рет алаңға шығу әрдайым қиын. Дегенмен Еркош тапсырманы орындап, команданың жеңіске жетуіне өз үлесін қосты. Ендеше, Еркебұланды құттықтауға рұқсат етіңіздер», – деп еді Сергей Семак.

Қазіргі кезде «Уфаны» Сергей Томаров жаттықтырады. Бұрыннан осы клубтың жүйесінде жүрген маман. Бұған дейін Сергей Семактың көмекшісі болған. Ол кеткен соң, бас бапкер болып тағайындалды. Қазақстан құрамасының бас бапкері болған Александр Бородюк «Московский комсомолецке» берген сұхбатында Томаровты тағайындау дұрыс шешім болғанын айтады.

– Меніңше, клубтың шешімі құптарлық. Өйткені, Сергей Томаров ұзақ уақыт осы клубтың отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Кольванов, Лосев, Гончаренко, Семактың көмекшісі болып тәжірибе жинады. Клуб басшылығы енді өзіне мүмкіндік беріп отыр. Тәжірибесі жоқ дегенге келісемін. Бірақ ол егер команда жақсы ойнап жатса, абыройы артады, тәжірибе де уақытымен жиналады, – дейді А. Бородюк.

Семакқа қарағанда Томаров Еркебұлан Сейдахметке аса қатты сенім артпайтын сияқты көрінеді. Футболшыны дубльге ауыстыруы да осы сөзімізді дәлелдейді түсетіндей.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер