Елордада халықаралық Astana Marathon өтіп жатыр - Спорт|16 Қыркүйек 2018, 09:29
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Елордада халықаралық Astana Marathon өтіп жатыр

Фото: Автор

Бүгін 16 қыркүйекте Астанада жыл сайынғы Astana Marathon 2018 халықаралық марафоны басталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Таң атпастан қатысушылар ЭКСПО маңайына келе бастады. Фельетон алдына Африкадан келген марафоншылар жиналды. Сағат 7.00-де Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың стартынан соң атлеттер жүгіре бастады. Сондай-ақ, Astana Marathon әнұраны қойылды. Қатысушылар арасында танымал тұлғалар мен шенеуніктер көрінбеді. Ал мәре сызығы орналасқан алаңдағы үлкен экраннан қазақстандық кәсіпқой боксшы Головкин мен Сауль Альварес "Канело" жекпе-жегі көрсетіледі.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, марафонға қатысуға Қазақстаннан және шет мемлекеттерден 5000-нан астам адам ниет білдірген. Олардың арасында Кения мен Эфиопиядан келген элиталы атлеттер бар. Қашықтықтарға келер болсақ биыл 21.1 км алынып тасталды. 18-ден асқан қатысушылар толық марафон жүгірсе,16 жастан жоғарыларға 10 км қашықтықты бағындыру мүмкін болды. Сағат 13.00-ден кейін мәре сызығын кесе алмағандар дисквалификацияланып, бағыттан алынады.

Сонымен қатар осы шара аясында бүгін марафон мен тас жолда 10 шақырымға жүгіруден Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.Чемпионатқа қазақстандық 32 спортшы қатысып отыр.

"Келесі жылы әкімдіктің көмегімен жартылай марафонды жеке өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті, Жеңіл атлетика федерациясы, Астана әкімдігінің қолдауымен марафонды ұйымдастырдық. Бұл төртінші марафонымыз. Негізі 2009 жылы жүгіруді ұйымдастыра бастадық. Элиталы марафоншылардың саны биыл рекордты көрсеткішке жетіп отыр. Неге биыл өткен жылдарға қарағанда қатысушылар саны аз болып отыр дегенге жауап берсем, себебі жартылай марафонды алып тастадық. Алдағы уақытта 10 шақырымды да алып тастауды жоспарлап отырмыз. Осылайша 42.2 км толық марафонды өткізетін боламыз. Әлемдегі Нью-Йорк, Бостон, Чикаго, Токио, Берлин, Лондоннан кейінгі ең үздік жетінші марафон болғымыз келеді", - деді Astana Marathon директоры Гаухар Брамлей-Фентон.

Осындай маңызды мәлімдеме жасаған директор бұл мақсатқа жетуге шамамен 20 жыл қажет екенін атап өтті.

"Астана дайын. Қала теңіз деңгейінен кішкене ғана биік. Қаламыз ұзақ қашықтыққа жүгіретіндерге өте қолайлы. Басқа марафондармен жағаласпас үшін күнін қайта белгілеу керек. Бүгін Берлинде де осындай шара болып жатыр. Соған орай бізге мықты атлеттер келе алмайды. Ал Головкиннің жекпе-жегі сәйкес келгені өте қызық болып отыр, былтыр да осы күні болған. Біздің батырымыз жекпе-жек алдында біздің жейдемізді киіп шыққанын қалар едім, әрине, бұл - арман. Күндердің бір күнінде Головкин біздің марафонымызда тым болмаса 10 км жүгіреді деп ойлаймын", - деді ол.

Еске сала кетсек, былтыр марафон Қазақстан мен 19 шет елден келген 5000-нан астам қатысушыны жинады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер