Допингтен кейін Қазақстанның Олимпиададағы жүлдесі қаншаға қысқарды? - Спорт|13 Желтоқсан 2018, 12:23
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Допингтен кейін Қазақстанның Олимпиададағы жүлдесі қаншаға қысқарды? Сараптама

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның Олимпиада құрамасы 2008 жылдан бері алғашқы отыз елдің қатарына еркін еніп жүрген болатын. Бірақ допингтік дау-дамайдан кейін көптеген спортшыларымыз жүлделерінен айырылып, қазір жағдай күрт өзгерді. Сондықтан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан бастап, жағдайды саралап көрсек.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері 6 жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. 1996-2004 жылғы ойындарға қатысты ешқандай проблема жоқ. Барлық дау-дамай 2008 жылғы Олимпиада ойындарынан басталды.

Қазақстаннан қандай спортшылар Олимпиада жүлдесінен айырылды?

Ең өкініштісі, ауыр атлет Ильин Ильин болып тұр. Сырдың шымыр жігіті 2008 жылғы ғана емес, 2012 жылы Лондонда алған алтын жүлдесінен айырылды. Қазіргі кезде Қазақстанда екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған ешкім жоқ. Екіншіден, Қызылорда облысынан 4 жылдықтың басты додасында жеңімпаз атанған спортшы қалмады. Бұрын алғашқы және жалғыз чемпион осы Илья Ильин болатын. Сөйтіп, ауыр атлетикадан 2008 жылғы 94 келідегі алтын польшалық Шимон Колецкийге бұйырды.

«Бейжіңде алған медальімді польшалық досым, екінші орын алған, Шимон Калецкийге қайтарып берермін. ХОК солай шешкендіктен, менің оны ешкімге бермеймін деп жатып алуым жарамас», - деген болатын Илья Ильин тілшілерге берген сұхбатында.

Ал 2012 жылғы Лондон Олимпиадасындағы алтын бесінші орын алған Иран спортшысы Саед Мохаммадпурге берілді. Өйткені, Ильядан бөлек. ресейлік күміс жүлдегер Александр Иванов пен молдовалық қола жүлдегер Александр Кырыктың нәтижелерін Халықаралық Олимпиада комитеті жойған болатын. Осылайша, кезінде үздік бестікке кіргеніне балаша мәз болған Саед Мохаммадпур аяқ астынан чемпион болып кетті.

Сондай-ақ чемпиондардан, 2012 жылы қуантқан ауыр атлеттер – Светлана Подебедова, Майя Манеза мен Зульфия Чиншанло да медальдерін қайтарып берді. Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы (IWF) тәртіптік-бақылау комитетінің шешімі бойынша алғашқысы 8 жылға спорттан шеттетілді. Ал Манеза мен Чиншанлоға екі жылдан берді.

Жүлдегерлерге тоқталатын болсақ, балуандардан 2008 жылы еркін күрестен финалға дейін жеткен Таймураз Тигиев, грек-рим күресінен қола жүлдегер атанған Әсет Мәмбетов те жүлделерін басқа спортшыларға табыстауға мәжбүр болды. Олардың қатарында Ирина Некрасова (ауыр атлет, күміс медаль, 2008), Мария Грабовецкая (ауыр атлет, қола медаль, 2008) бар.

«Бұл жаңалықты естіген кезде еш таңғалмадым. Маған дауласудың қажеті болмады. Өзім тыйым салынған допинг пайдаландым деп есептемеймін. Тіпті ақталғым да келмейді. Бұл менің медальім. Осы медаль үшін көп күш жұмсадым. Денсаулығымды бердім. Енді ол медальді менен жұлып алуға жол бермеймін. Бейжің Олимпиадасына дайындық кезінде және жарыс алдында допинг сынамасын тапсырдым. Ол кезде ештеңе табылған жоқ. «Соңғы 3-4 ай көлемінде ресейлік спортшыларға қатысты жазалау шарасы басталып кетті. Олардың арасында бірде-бір еуропалық немесе америкалық спортшы жоқ. Спортшылардың жүлдесін тартып алу синдромы «аса белсенді» болып кеткен.Тіпті, қайтыс болған спортшыларды да аяп жатқан жоқ», – деп Таймураз Тигиев бір кездері қатты ашынған болатын «Слово» газетіне берген сұхбатында.

Допингтік тексерістен кейін бағы жанғандар

Кейбір спортшылар Халықаралық Олимпиада комитетінің допингтік дау-дамайынан кейін қайта жүлдеге ілігіп, арасында чемпион атанғандары да бар. Мысалы, ауыр атлет Алла Баженинаны айтуға болады. Ол Пекин Олимпиадасының алдында Қазақстанға Ресейден келген болатын. Солтүстік көршіміздің Қорған облысындағы Шадринск қаласында дүниеге келген спортшы Қытай астанасында 75 келіде өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Бірақ 2016 жылы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Чао Лей (Қытай) мен қола жүлдегер Надежда Евстюхинаның (Ресей) допинг сынамасы оң нәтиже бергені анықталып, ХОК екеуін де жүлдеден айырды. Сөйтіп, Бейжің-2008 додасының чемпионы атағы Алла Важенинаға бұйырды.

«Шынында да, зор майданмен қолым жеткен күміс жүлде біз үшін алтын медаль іспетті еді. Бүкіл спорттық ғұмырымның ажырамас бөлігі болған «бармақ басты, көз қысты» қиянаттар бұл жүлдені одан әрі құнды ете түседі. Әрине, оны беру оңай болған жоқ. Медальді Қазақстан ауыр атлетика федерациясына тапсырдық, енді алтын медальдің берілуін күтіп жүрміз». – дейді Важенина «Жас Алаш» газетінің тілшісіне берген сұхбатында.

Бейжіңде грек-рим күресінен қола жүлде еншілеген Нұрбақыт Теңізбаев бір саты жоғарылап, күміске ие болды. Өйткені, 2016 жылдың қараша айында отандасымызды жартылай финалда жеңген Әзербайжан балуаны Виталий Рагимовтың допинг қолданғаны белгілі болды. Нәтижесінде Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) әзербайжан спортшысының жүлдесін кері қайтарып, Нұрбақытты күміс жүлдегер ретінде таныды.Былтыр спортшыға бұл жүлдені ресми түрде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков пен ҰОК бас хатшысы Данияр Әбілғазин табыстады.

«Құрметті достар! Бейжің Олимпиадасы мен үшін спорттық мансабымның шыңы болды. Әрбір спортшы Олимпиада ойындарының жеңімпазы немесе жүлдегері болғысы келетіні анық. Спортта ұзақ уақыт жүріп, ешқашан жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүргенді қолдамайтынмын және қолдамаймын да. Қандай медаль болсын, оны кілем үстінде жеңіп алғанды қолдаймын. Дәл сол күні, мені Әзербайжан балуаны Виталий Рагимов ұтқан болатын, Виталийді талантты да мықты балуан ретінде танимын. Сол күні үшінші орын иелену менің маңдайыма жазылған болар, маған өзімнің ұтқан қола медалым аса қымбат. Күміс Виталийге және оның жанұясына тиесілі. Ол медальдің артында көптеген адамның еңбегі жатыр. Күміс сол еңбектің жемісі деп ойлаймын! Сіздердің жылы лебіз және қолдауларыңызға үлкен алғыс айтамын», – деп мәлімдеген болатын спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жақында Халықаралық Олимпиада комитеті қазақстандық үш спортшыға Олимпиада медалін табыстайтыны туралы еліміздің ұлттық Олимпиадалық комитетіне ресми түрде хабарлама жіберіпті. Олардың арасында ауыр атлеттер Алла Важенина мен Анна Нұрмұхамбетова және жеңіл атлет Ольга Рыпакова бар.

Талай жылдан бері еліміздің мерейін асырып келе жатқан Ольга Рыпакова үш дүркін Олимпиада жүлдегері атанып отыр. Өйткені, ол 2008 жылы үш қарғып секіруден төртінші орын иеленген. Халықаралық Олимпиада комитеті жерлесімізді Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері деп таныды. Себебі, ХОК пен CAS Тәртіптік комиссиясы екінші және үшінші орын алған ресейлік Татьяна Лебедева мен грекиялық Крисопиги Деветциді спорттан шеттетті.

«Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі екіұдай сезім қалдырды. Біріншіден, мендегі жүлделер саны тағы бірге артты. Бұл қуантады. Ал екінші жағынан, ешқандай эмоция болған жоқ. Менде мұнымен салыстыратын медальдар жетерлік. Салыстырмалы түрде қарасақ, жарыс жолағында, қалың көрерменнің алдында мойныңа таққан медаль қашан да ыстық. Он жыл өтсе де, бұл күміс менің қолыма жеткен жоқ. Тек хаттама бойынша ғана менің есімім тұр. Иә, менің өмірбаяныма Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері деген тағы бір жол қосылатын шығар. Бірақ мен бәрі жарыс кезінде әділетті түрде анықталғанын қалаймын. Сол кезде ғана медальдің бағасы ыстық болады», – дейді Рыпакова ҰОК-тың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Ауыр атлет Анна Нұрмұхамбетова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында 69 келі салмақ дәрежесінде 5-орын иеленген болатын. Енді, міне, оған қола жүлде бұйырып отыр. Мұндай шешімге Тәртіптік комиссия Олимпиада ойындарында тиісінше екінші және үшінші орын иеленген Марина Шкерманкова мен Дзина Сазанавецті спорттан шеттеткен соң қабылдады.

«Құттықтауларыңызға көп рахмет! Ерекше қуаныштымын. Шынымды айтсам, өз құлағыма өзім сенбедім. Арада алты жыл өткесін бе, бастапқыда сенер-сенбесімді білмедім. Десе де, бұл медаль бұйырғаны үшін шексіз бақыттымын. Тіпті, қанша жыл өтіп кетсе де Олимпиада жүлдесі мен үшін ыстық. Енді тезірек медалімді қолыма алсам деген арман ғана бар. Егер Лондон Олимпиадасын әлі ұмытпаған жандар болса, менің бір мүмкіндігімді есептемей тастағанын білетін шығар. 117 келіні таза көтерсем де, есепке алмады. Сол кезде тұғырда тұруым да мүмкін еді... Бір қуантатыны, арада қанша жыл өтсе де, әділдік орнады. Медаль адал еңбекті спортшыларға берілді. Лондон Олимпиадасынан кейін денсаулығым сыр берді. Отадан кейін тез бабыма келе алмадым. Жаттығуды енді бастадым. Бұрынғыдай емес, енді 76 келіде сынға түсемін. Ақпан айында Қазақстан біріншілігіне қатысамын деп жоспарлап отырмын», – дейді Анна Нұрмұхамбетова ҰОК-тың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Жақында ауыр атлетикадан Ашхабадта өткен әлем чемпионатында Денис Улановқа Рио Олимпиадасының қола жүлдесі табысталған болатын. Дениске Олимпиада жүлдесі екі жылдан кейін бұйырды. Ауыр атлетиканың беткеұстар мамандары жиналған басқосуда қазақстандық зілтемірші өзіне тиесілі медальді еншіледі. Улановқа Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аянның өзі қола жүлдені тапсырды.

Риодағы Олимпиада ойындарында Денис Уланов 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, төртінші орынға табан тіреген еді. Қоссайыс қорытындысы бойынша біздің спортшы 390 келіні еңсерді. Румыниялық Габриель Синкарян да дәл осы нәтижені тіркеген. Алайда, салмағының жеңілдігіне байланысты қола жүлде Синкарянның қоржынында кеткен. Кейін Синкарянның Олимпиада ойындарында тапсырған допинг сынамасы оң нәтиже бергені анықталды. Румын атлеті спорттан шеттетіліп, оның Олимпиададағы көрсеткіші жоққа шықты. Осылайша, қола медаль ресми түрде Денис Улановқа табысталды.

Қорытынды

Сонымен, медальдер кестесіне көз жүгіртетін болсақ, Қытай астанасы Бейжің қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медальмен 29-орынға табан тіреді. Қазіргі кезде жалпы медаль саны бірден төртеуге азайды. Осылайша, допингтен кейін жаңартылған тізімде Қазақстан қоржынында 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль бар.

Айды аспанға шығарып, 7 алтынға қол жеткізген Лондоннан қазір бізде тек үшеуі қалды. Ұлыбритания астанасында 7 алтын, 1 күміс, 5 қоламен қайтып едік. Қазіргі кезде содан 3 алтын, 1 күміс, 6 қола қалды. Қосылғаны Анна Нұрмұхамбетованың қола жүлдесі ғана. Жеті алтынның арқасында 12-орын тұрақтаған едік. Қазір допингтік тексерістен кейін бірден 10 медальмен 25-орынға түсіп қалдық.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер