BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бразилияда оқып келген футболшыларымыз қайда жүр? Сараптама

Жас футболшыларымыздың алғашқы легін Бразилияға жібергенімізге де 10 жылға жуықтапты. Осы жылдар ішінде 3 лекпен 70-тен астам футболшы Пеленің отанында ала доптың қыр сырын үйреніп келді. Қазір олар қайда, не істеп жүр? Baq.kz тілшісі осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Қазір Қазақстан премьер-лига клубтары мен ұлттық құрамадағы орта буын футболшыларының балалық шағы 90-жылдармен тұспа-тұс келгендіктен сапалы спорт алаңдарын сирек көріп өскені жасырын емес. Ол кезде қазіргідей футболмен толыққанды айналысуға мемлекеттің экономикалық жағдайы мұрша бермеді. Сондықтан сол жылдары туған балалардың доп ойнап, футболшы атануға жігер тапқанының өзі қол соғуға тұрарлық қадам. Бала күнінде допқа жарымаған жігіттердің Еуропаның сақа командаларына осыдан соң айбат көрсете алмауы орынды да...

Ал қазір ше... Мемлекетіміз аяқтан тұрып, дамыған 30 елдің қатарына ұмтылуда. Экономикамыз да бұрынға қарағанда тұрақты. Футболшы болам деген балаға ешқандай кедергі жоқ. Тіпті Елбасымыз 2007 жылы Бразилияға барған сапарында сол елдің президенті Луис Инасио Лула да Силвамен ортақ келісімге келді. Аталған меморондум бойынша қазақ жастары Пеленің отанында футболдың қыр-сырын үйренетін болды. Алдымен 1994 жылы туған футболшылардың бір шоғыры «Оле Бразил клабтан» білім алып келгенін жанкүйер қауым жақсы біледі. Ол футболшылар елге оралған соң, Қазақстан футбол федерациясы Астанада «Байтерек» клубын құрып, біразын сонда қабылдады. Кейбірі өзге командаларды жағалады. Араға уақыт салып Бразилияға 1996-1997 жылдары туған тағы 25 футболшы аттанды. Бұл балалар Сан-Паулу қаласында допты түзу тебуді үйренуге тырысты.

Ал осыдан 3 жыл бұрын үшінші топпен 2000 жылы дүниеге келген 26 футболшы «Крузейро» академиясына жіберілді.

Министрдің де көңілін қалдырған жоба

Осыдан 2 жыл бұрын Мәжілісте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен Үкімет сағаты өтті. Сол кезде депутат Нұртай Сабильянов осы мәселені көтергені бар:

– Өздеріңіз білесіздер, 2009 жылдан бастап Қазақстан Бразилиядағы футбол академиясына жасөспірімдерді оқуға жіберіп жатыр. Жылына 100 миллион төлеп жатырмыз. Биыл 200 миллион төлейміз. 25 бала 3 жыл бойы оқып келеді. 50 бала бітірді осы уақытқа дейін. Бірақ біз сол жасөспірімдердің жетістігін көрген жоқпыз, деп келтіреді Сабильяновтың сөзін “Астана” телеарнасы.

Министр Қазақстан Бразилияға футбол үйрену үшін бала жіберуді тоқтататынын, реті келсе ең дұрысы Еуропа екенін айтып, депутаттың сауалына жауап берген болатын.

– Бразилиядағы «футбол королі» Пеле шықты. Одан өзге де мықты футболшылар өте көп. Ол жақта спорт мектептері дамыған деген ойға келдік. Алайда тәжірибе жүзінде Бразилияда оқу жүйесі мүлдем басқа екен. Допты лақтырады, ойнасаң ойна, ойнамасаң өзің біл деп. Ол жерде Пеле, басқа да атақты футболшылар мектепке бармай, амал жоқтан тәулік бойы доп қуыыып, өмір сүру керек. Біз қазір бұл үрдісті тоқтатып жатырмыз, неге десеңіз біздің жіберген жасөспірімдер жаттықтырушыларымен күнделікті ойдағыдай жаттығу өтіп жатқан жоқ. Сол себептен өзіміз сараптама жасауды бастадық. Қазақстан үшін ең тиімдісі Германия мен Нидерланды мемлекеті деп ойлаймын, – деген Арыстанбек Мұхамедиұлы “Астана” телеарнасына.

Үш жылда қанша ақша жұмсалды?

Қаншама баланы Бразилияға жіберіп оқытқанға оларға қыруар қаржы жұмсалғаны жасырын емес.Бірақ нәтиже көңілімізден шықпайды. Үш жылда бір лектің 26 жас футболшысынан мемлекеттің бюджетінен 260 миллион теңге жұмсалған. Яғни әрбір тоғыз айға 85 миллион теңге бөлінген. Бір балаға ай сайын екі мың доллардан айналады. Мемлекеттік жаттықтырушы Болатбек Жуасбаев біздің балалар қайта арзан бағамен оқып келгенін айтады. Оның айтуынша Бразилиядағы кей футбол академиялары әр балаға ай сайын алты-жеті мың доллар сұрайды екен.

Бразилиядан оқып келгендерден қайсысы футбол ойнап жүр?

Бразилияда оқыған үшінші топ былтыр елге оралды. Сонымен, бұл жоба аяқталды. Енді қазір тұрақты түрде доп теуіп жүргенге тоқталсақ. Бірінші кезекте қорғаушы Берік Шайықовты айтуға болады. Алматы облысының тумасы алғашқы лекпен оралған. Біраз командада өнер көрсетті. «Бәйтерек», «Жетісу», «Астана», «Ертіс», «Оқжетпес». Алайда ешқайсысында негізгі құрамға іліге алмады. Дегенмен, биыл Шайықов Оралдың «Ақжайық» командасында 27 ойын өткізіп үлгерді. Сол қапталдағы қорғаушы Батыс Қазақстан командасының негізгі футболшыларының бірі.

«Қайраттың» жаттықтырушысы Карлос Алос былтыр Магомед Парагульков деген жартылай қорғаушыны жарқ еткізген. Сөйтсек, ол да «Оле Бразилден» оқып келген көрінеді. Көктемде Станимир Стойлов Парагульковты тіпті ұлттық құрамаға шақырған. Әзірге Магомед «Қайраттың» негізгі ойыншысына айнала алмай жүр. Осы жылы премьер-лигада тек 10 матчқа қатысқан.

Қарағандының «Шахтерінде» Руслан Әлімбаев пен Абылайхан Дүйсен бар. Екеуі де биыл 5 матчқа қатысқан. «Ертістегі» Рафкат Асланның да көрсеткіші дәл осындай.

Былтыр «Мақтаарал» сапында көзге түскен шабуылшы Едіге Оралбайды «Ақжайық» өз қатарына шақырған. Бірақ премьер-лигада Едіге өз ойынын тапқан жоқ. Небәрі 4 матчқа қатысты.

Премьер-лигаға жарамай, бірінші лигаға түсіп қалған футболшылардың бірі Мирас Төлиев. «Тобыл», «Ақтөбе», «Ертіс», «Атырау» секілді командаларда өнер көрсеткен. Қазір Көкшетаудың «Оқжетпес» клубында жүр. Бірінші лигада одан бөлек, Демият Сламбеков, Бағлан Бөрібай (екеуі де - «Жетісу Б»), Мейіржан Камбил («Мақтаарал»), Мақсат Тайкенов, Олжас Мұқанов, Саян Мұқанов (үшеуі де де – «Каспий»),

Екінші лигада Айболат Макуов («Атырау»), Фарух Мирсалимбаев («Оңтүстік Академия»), Мағжан Әбдеш («Рузаевка») көзге түсуде.

Рауан Сариев ақшаны емес, футболды таңдау керек еді...

Бразилияға барғандардың арасында аты көп айтылып, тіпті сол жақтың клубтарымен келісімшарт жасады деген Рауан Сариевті бүгінгі күні көпшілік жұрт ұмыта да бастады.

Қазақстандық балаларды Бразилияда жаттықтырып, кейіннен Астанада құрылған «Бәйтерек» клубында бас бапкер қызметін атқарған Тиаго Козлоски kazfootball.kz сайтына берген сұхбатында: «Рауан Қазақстан футболындағы көшбасшы ойыншылардың біріне айналуға мүмкіндігі бар таланттардың бірі болатынын», бірақ ол басқа жолды таңдағанын айтады.

Сариев 2013 жылғы маусымда «Атлетико Минейродан» Алматының «Қайрат» сапына ауысқан болатын. Бірақ жарытып ойнамаған соң, бас бапкер Владимир Вайсс оны қосалқы құрамға жіберді. Одан кейін 2015 жылғы маусымды Талдықорғанның «Жетісу» командасымен бастады. Туған жерінде де тұрақтамады. Шымкенттің «Ордабасы» клубына да барған еді. Содан кейін Рауанды жоғалтып алдық. Қазір тіпті қайда жүргенін ешкім білмейді. Әйтеуір кәсіби түрде футбол ойнап жүрмегені анық.

– Рауан, шынымен, менің тәлім алған қазақстандық балалардың арасында үздігі болатын. Оның бойынан футбол интеллектісі де техника да табылатын. Физикалық көрсеткіші тәп-тәуір еді. Оған шабуылшыға тән түйсікті және қосыңыз... Ол бізбен бір жарым жыл дайындалды. Сосын Бразилиядағы құрдастарымен бірге доп тепті. Мергендік қабілетінің арқасында көптеген мамандардың көзіне түсті. Бірнеше рет турдың үздік ойыншысы атанды. Үш жылдық оқу уақыты аяқталған соң, Рауанды Бразилиядағы үздік клубтардың бірі «Атлетико Минейроның» бақылауына жібердік. Сол уақытта Диего Тарделли, Даниэль Карвальо, Рональдиньо секілді футбол жұлдыздары осы команда сапында ойнайтын. «Атлетико Минейроға» іліну оңай емес. Жергілікті талант топырлап келіп, команда құрамына іліне алмай кетеді. Біздің академияға 2-3 күннен кейін қоңырау шалып, Рауанды клубты қалдыратындарын, бірақ 18 жасқа толмағандықтан толық келісімшарт жасай алмайтындарын айтқан. Сосын Рауан визасын созу үшін Қазақстанға кетті. Бірақ қайтып оралмады. Әйтпесе, оны күткен еді. Сол кезде Бразилиядағы клубқа берген жауабында Қазақстанда ең үздік клуб оған өте тиімді келісімшарт ұсынғанын алға тартқан. Менен ақыл сұрап хабарласқаны бар. Оған қазір ақшаны ойлайтын уақыт емес екенін, әлі де жас сондықтан тәжірибе жинау қажеттілігін ескерткенмін. Материалдық мүмкіндік өзіңді көрсетсең, келетінін де айтып едім... Меніңше, ол сол Қазақстанда ұсынған ақшаның буынан шыға алмай қалған тәрізді. Рауан өкінішке қарай, оған дайын болған жоқ. Жас футболшының ересектер арасына қосылған кезде жоғалтып алу, футболда жоғалтып алу жиі кездесетін жағдай. Мұның бәрі менің субъективті пікірім. Бәлкім, басқа да факторлар әсер еткен шығар. Әйтпесе, Қазақстан футболындағы көшбасшы ойыншылардың біріне айналуға мүмкіндігі бар таланттардың бірі болатын, – дейді Тиаго Козлоски.

Футболдан алыстап кеткен «Оле бразил» түлектері

Бразилияға барып келген 70-тен астамның баланың көбісі ешқайда ойнап жүрген жоқ. Арасында тілмаш, тіпті, журналист болып кеткендері де бар екен. Біз солардың бір екеуіне құлақ түріп көріп едік.

Шымкент өңірінде дүниеге келіп, тоғыз жасынан бері ала допты серік еткен Қуат Мырза Бразилияға барған алғашқы 26 футболшының бірі. Елге келген соң, Астанадағы «Бәйтерек», «Ордабасының» жастар құрамасында және «Қыран» клубында өнер көрсетті. Қазір футболдан алыстап кеткен.

– Мен 1994 жылы 27 қыркүйекте Шымкент қаласында дүниеге келгенмін. Отбасында бес ұлмыз. Мен солардың кенжесімін. Менен басқа спортпен айналысқандары жоқ. 9 жасымнан бастап, осы аладоптың қыр-сырын үйренумен жүрмін. Ата-анам спортқа құлшынысымды байқап облыстық футбол мектебіне берді. Оңтүстік Америкаға аттанғанға дейін сол жерде шыңдалдым. Алғашқы бапкерлерім – Арсен Дүсүпів, Ғалым Дербісбаев. Бұл бапкерлерден үйренгенім көп. Футболдың мен түсіне бермейтін қырларына терең бойлатты. Тактикалық тұрғыдан да, психологиялық жағынан да жәрдемдері мол болды, – дейді ол.

Қуаттан алғашқы 26 футболшының қатарына қалай іліктің деп сұрағанымызда:

– Маған жолдама оңайлықпен келмеді. Бірінші Алматы қаласында өткен іріктеуден өте алмадым, сонда да жасымай, еңсемді түсірмей екінші іріктеуге Астанаға бардым. Өзімді бар қырына көсретуге тырысып бақтым, бағым жанып, еңбегім еленіп сарапшылардың көзіне іліктім. Сөйтіп, біздің мектептен 3 бала болып осы елге табан тіредік дейді, – кейіпкеріміз.

«Ақмешіт жастары» газетіне сұхбат берген тағы бір «Бәйтеректе» ойнаған «Оле Бразил» академиясының түлегі Мұхтар Қалымбетов жұмыссыз қалғанын айтыпты.

– 2015 жылы «Бәйтерек» командасы тарағаннан кейін барлығымыз тентіреп қалдық. Көбі «екі қолға – бір күрек» іздеп кетті. Былтыр бір жыл еш жерде ойнаған жоқпын. Қазір команда іздестіріп жатырмыз. Негізі шетелге балаларды жіберуді тоқтатпау керек. Өйткені Бразилияда жасалған жағдайдың жөні бөлек. Бірнеше ірі халықаралық турнирге қатыстық. Чемпион болдық. Жүлдегерлер қатарынан да көріндік. Португал тілін үйрендік. Қысқасы, жас балаларды тек Бразилияға емес, басқа да елге футбол әліппесін үйренуге жіберу қажет. «Бәйтерек» секілді бірінші не екінші лигада команданың болғаны дұрыс. Себебі үш жыл бойы бірге ойнағандар бір жерге шоғырланса, төккен тер босқа кетпес еді. Әйтпесе қазір балалар елге келгеннен кейін қайда барарын білмей қалды», – дейді Мұхтар.

Бәлкім балалар футболын ертерек қолға алғанда клубтарымызда отандық футболшылардың саны көбейер ме еді. Сан көп болғанда сапада болатыны белгілі.Қазіргі кезде ҚФФ-ның бастамасымен әрбір қалада футбол орталықтары ашылып жатыр. Бірақ мұның өзі тым аз. Ахмет Байтұрсыновтың «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан шықсын» дегені бар. Біз бүгін жас футболшылардың жағдайын жасамасақ, ертең ұлттық құраманың намысын қорғайтын футболшының шығуы неғайбыл.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер