Астанаға Әлем Чемпионатының жүлдегерлері келді - Спорт|16 Тамыз 2017, 13:35
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астанаға Әлем Чемпионатының жүлдегерлері келді

Астанаға кадеттер арасындағы Чилиде өткен Әлем Чемпионатына қатысқан дзюдошылар оралды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарт агенттігінің тілшісі.

64 елден 428 спортшы бақ сынаған әлемдік додада қазақстандық жас татами шеберлері Нұрзат Сәлімбаев (60 кг) күміске, ал Серікболсын Шыңтас (81 кг) қола медальға ие болды.

«Жалпы бес белдесу өткіздім. Финалда ресейлік балуанға есе жібердім. Жарыс өте қиын болды. Әрине, мұндай әлемдік жарыстарға әлсіз спортшылар қатыспайды. Барлығы да мықты дайындықпен келген. Алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалып, жастар арасында өтетін додаларда чемпион атануды мақсат етемін», - дейді жас дзюдошы Нұрзат Сәлімбаев.

Ал 81 келісалмақта Серікболсын Шыңтас та Нұрзат секілді бес белдесу өткізген. Алайда үшінші кездесуде венгр спортшысынан жеңіліп, финалға шыға алмады.

«Бірінші кездесуде италиялық дзюдошыны жеңу қиынға соқты. Соңғы секундтарда ғана күш жинап, қарсыласымнан басым түстім. Венгр балуанына есе жіберген соң қолаға ғана таласу мүмкін болды. Соңғы бесінші белдесуде Азия чемпионатының финалында жеңілген тәжік балуанымен қайта кездесіп, қолаға қол жеткіздім. Алдағы жарыстарда қоланы алтынға айырбастаймын деп ойлаймын», - дейді Серікболсын.

Жас татами шеберлерін әлемдік додаға бастап барған бас жаттықтырушы Есенғалиев Гайнулла өз спортшыларына көңілі толатынын, болашақта жасөспірімдерді жастар арасында өтетін жарыстарға дайындау керегін айтты.

«Мықты деңгейде өткен жарыста жас дзюдошыларымыз жалпы есеп бойынша ондыққа кірді. Алтын аламыз деп ойлағанбыз, дегенмен бір күміс және бір қоланы еншіледік. Қыздарымыз жүлдеге ілікпеді, тек бір қызымыз 5-орынан көрінді. 2018 жылы жасөпірімдер арасында олимпиада ойындары өтеді. Бұл олимпиадада дзюдо спортынан әр мемлекетке екі лицензиядан беріледі. Жас дзюдошылар жаттығуларын еселеп, қалай болғанда да екі лицензияны алуы тиіс» - дейді бапкер.

Естеріңізге сала кетейік, Чилиде 9-13 тамыз аралығында кадеттер арасында өткен әлем чемпионатында ел намысын 17 спортшы қорғады. 60 келі салмақта Нұрзат Сәлімбаев күміске ие болса, 81 келіде Серікболсын Шыңтас қола медаль алды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер