BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Алтын алар балуан қайда?

Венгрия астанасы Будапешт қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты аяқталды. Оған Қазақстанның балуандары да қатысып қайтты. Еркін күрестен бір күміс, грек-римнен екі қола медаль бұйырды.

27 жылдағы үшінші күміс

Алдымен жарысты еркін күрес балуандары бастады. Қазақстаннан барған 10 балуанның арасында 57 келідегі Нұрислам Санаев ғана күміс жүлдеге қол жеткізді. Нұрислам Будапешттегі алғашқы белдесуінде самоалық Джоша Файлаугуды ірі есеппен ұтты (10:0). Одан кейін Украинадан келген Армен Аракелян де жерлесіміздің мықтылығын мойындады (10:0). Финалға дейінгі белдесулердің арасындағы ең қатты қарсылық көрсеткені түрік Сүлейман Атлет ғана (11:6). Оның өзі қанша тырысқанымен, бәрібір жеңілді.

Жартылай финалда АҚШ балуаны Томас Патрик Гилманмен кездесті. Патрик былтыр Париждегі әлем чемпионатында екінші орын алған. Сондықтан кездесу алдында мұхиттың арғы жағынан келген балуан фаворит саналған. Бірақ Гилман бір де бір ұпай еншілей алмай, Нұрисламға есе жіберді (11:0).

Биылғы әлем чемпионатының бір ерекшелігі финалдық бәсекелер бірден өтпей, ертесіне қалып отырды. Сондықтан шешуші бәсекеге шығатын екі балуан да есін жинап, тыңғылықты дайындалып келуге уақыт алады. Алтын жүлде үшін таласта Санаевты ресейлік Заур Угуев күтіп тұрған. Екеуі бұрын бозкілемде жолығып көрмепті.

Сөйтіп, көпшілік күткен финал да басталды. Шынымен де, жанкүйерлердің айызын қандыратындай тартысқа толы болды. Екеуі де аянып қалған жоқ. Соңғы сәтке дейін кімнің жеңімпаз болатынын болжау қиынға түсті. Угуев алға шықса, қазақстандық бірден есепті теңестіріп отырды. Өкінішке қарай, кездесу аяқталуға санаулы секундтар қалғанда төрешілер ресейлік балуанның жейдесінен ұстаған деп, қарсыласына бір ұпай жазып берді. Сөйтіп, Нұрислам әлем чемпионы атанатын керемет мүмкіндіктен айырылды.

Отандасымыз жарыстан кейін ұзақ уақыт көз жасына ерік беріп, мұндай мүмкіндіктен айырылып қалғанына өкінді. Әрине, бұл кезде бәрі кеш болатын. Жейдесінен ұстағаны үшін 27 жастағы балуанның өзі де кінәлі және сол сәтте шағым түсірмеген Қазақстан құрамасының консультанты Маирбек Юсупов та айыпты. Бұл маманға қазіргі кезде әлеуметтік желіде өз реніштерін білдіріп жатқандар көп. Өйткені, Юсупов кезінде Заур Угуевтың отандастарын яғни дағыстандық балуандарды жаттықтырған. Сондықтан финал кезінде еш реакция білдірмей, мелшиіп отырып қалғаны үшін наразы болып жатқандар бар.

«Амал не, өкініш өзегіңді өртейді. Шыны керек, белдесу тең дәрежеде өтті. Егер күресіп, айқын ұтылып қалсам арманым жоқ еді. Алайда, қолда тұрған алтынды тартып алғаны жаныма қатты батып тұр», деді жарыстан кейін Qazsport арнасына сұхбат берген Нұрислам Санаев.

Екінші орын – Нұрислам үшін әлем чемпионаттарындағы ең үздік көрсеткіш. Былтыр Парижде 12-орын 2014/15 жылдары бесінші орынмен шектелген.

Еркін күрес балуандарының 2018 жылғы әлем чемпионатындағы көрсеткіші:

57 келі: Нұрислам Санаев – 2-орын;

61 келі: Қуат Әміртаев– 20-орын;

65 келі: Дәулет Ниязбеков –13-орын;

70 келі: Амандық Бакеев–18-орын;

74 келі: Болат Сақаев – 7-орын;

79 келі: Бақтияр ізбасаров – 17-орын;

86 келі: Әділет Даулымбаев – 22-орын;

92 келі: Нұрғали Нұрғайыпұлы – 15-орын;

97 келі: Мамед Ибрагимов – 10-орын;

125 келі: Ермұхамет Іңкәр–10-орын.

«Жартылай финалда кішкене физикалық тұрғыда дайын болмай қалған секілдімін. Енді дайындықты үдетеміз. Алда 2020 жылғы Токио Олимпиадасы тұр. Соған қатысу үшін аянып қалмасымыз анық. Әрине, барлығын уақыт көрсетеді», – деді жарыстан кейін Qazsport арнасына берген сұхбатында Нұрислам Санаев.

Жалпы, 1991 жылдан бері еркін күрестен әлем чемпионатында тек үш балуанымыз финалға шыққан екен. Ең алғаш 1995 жылы Атлантада Елмәди Жабырайылов күміс медаль жеңіп алған. Шешенстанның тумасы Қазақстан азаматтығын алмас бұрын Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында жүлде еншілеп, әбден танылып қалған болатын.

Одан кейінгі финалды осыдан екі жыл бұрын көрдік. Батыс Қазақстан облысының тумасы Нұрлан Бекжанов Будапештегі әлем чемпионатының финалында күресті. Өкінішке қарай, шешуші бәсекеде ресейлік Магомед Курбаналиевтен ұтылды. Десек те, Бекжанов еркін күрестен әлем чемпионатының финалында белдескен тұңғыш қазақ екенін айта кетуіміз керек.

«Әлем чемпионаты басталмас бұрын халықаралық қауымдастықтың конгресі өтті. Сол жиында біз көптеген өзгерістер еніп, балуандарға қойылатын талаптың күшейгенін түсіндік. Мәселен, бір салмақтағы белдесулер екі күнге созылды. Бұл спортшыларға қолайлы. Өйткені, шаршамай, өз күшінде тұрған балуан әдемі күрес көрсетеді. Бірақ екі күн бойы салмақ өлшеу рәсімінен өту оңай емес. Шыны керек, барлық спортшылар салмақ қуады. Былтырғы әлемдік сыннан кейін салмақ ауыстырған спортшылар некен-саяқ. Барлығы өз салмақ дәрежесінде қалған. Демек, ережені қалай өзгертсе де, бұл мәселе сол күйінде тұр. Маған Будапешттегі мына бір көрініс ұнамады. Таңертең салмақ өлшеуге барған балуандар өздерімен бірге тамағын әкеліп, процесс аяқталған соң кілемнің үстінде ас ішіп отырады. Бұл көзге оғаш көрінеді екен. Одан бөлек, қола медаль алған спортшыларға өз елінің байрағын көтеріп, кілемді айнала жүгіруге тыйым салынды. Бұл қауымдастықтың шешімі, неліктен мұндай қадамға барғандарын мүлде түсіндірмеді. Грек-рим күресінен екі қола алған бауырларымызға да көк туымызды көтеруге рұқсат еткен жоқ», – дейді еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.

«Классиктер» 2 қоламен шектелді

Грек-рим күресінен екі қола медаль бұйырды. Екеуі де жас спортшылар. Федерацияның грек-рим күресі бойынша вице-президент Дәулет Тұрлыханов Азия ойындарындағы сәтсіздіктен кейін жас спортшыларға мүмкіндік беретінін айтқан. Соған сәйкес Будапештте негізінен тәжірибесі аз балуандар күресті.

Алғашқы қола медальды Айдос Сұлтанғали еншіледі. Жартылай финалға дейін Сұлтанғали қарсылас шыдатқан жоқ. Мәселен, алғашқы белдесуінде Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Дмитрий Цимбалюкті 6:1 есебімен ұтса, биылғы Азия ойындары мен Азия чемпионатының жеңімпазы, Олимпиада ойындарында күміс медаль алған, жапониялық Шинобу Отаны 7:5 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда жастар арасындағы әлем чемпионы, қырғыз Қали Сулеймановты қапы қалдырды (9:1). Тек жартылай финалда ресейлік Сергей Емелиннен айласын асыра алмады.

Қола медаль үшін күресте Айдос солтүстіккореялық Се Унг Риммен 1:1 есебімен тең түсті. Алайда, соңғы әдіс жасау отандасымыздың жағында болды.

Екінші қоланың иесі – 67 келідегі Мейіржан Шермаханбет. Әлем чемпионатына алғаш рет қатысып тұрған Мейіржанның жартылай финалға дейін жолы өте ауыр болды. Алдымен, түрікті жеңіп, келесі айналымға шықтым-ау дегенде, кубалық Исмаэль Барреропен жолығатын болды. Осыдан 2 жыл бұрын Олимпиада ойындарында 59 келіде белдесіп, чемпион атанған. Одан бөлек, әлем және Панамерика ойындарының жеңімпазы деген атағы тағы бар. Бірақ Мейіржан қаймыққан жоқ. Атағы жер жаратын балуанды соңында ары-бері илеп, жауырынын жер иіскетті. Мойнынан қапсыра құшақтап, кілемде он секундтай жатты. Куба да осал емес, біраз шыдады. Бірақ қашанғы шыдасын, ақырын Мейіржанның мейірім танытпайтынын түсініп, берілуге тура келді. Сөйтіп, кездесудің аяқталуына 55 секунд қалғанда жерлесіміз таза жеңіске қол жеткізді.

Ширек финалда Иранның мықтысы Мохаммадреза Гераименді оңай жеңді. Бар-жоғы бір жарым минут. Бұл кездесу 0:8 есебімен Шермаханбеттің пайдасына шешілді. Өкініштісі, жартылай финалда ресейлік Артем Сурковқа шамасы келмеді. Еуропаның екі дүркін чемпионы 3:1 есебімен қапы қалдырды. Үшінші орын үшін таласта француз балуанын 9:0 есебімен ойсырата ұтты. Осылайша, Будапешттен бұйырғаны екі қола болды. Өзге балуандардың нәтижесі төмендегідей:

Грек-рим күресі балуандарының 2018 жылғы әлем чемпионатындағы көрсеткіші:

55 келі: Жансерік Сәрсенбиев – 10-орын;

60 келі:Айдос Сұлтанғали – 3-орын;

63 келі:Айдын Нұғыманов – 19-орын;

67 келі:Мейіржан Шермаханбет – 3-орын;

72 келі: Демеу Жадыраев – 13-орын;

77 келі:Тамерлан Шадукаев – 21-орын;

82 келі: Мақсат Ережепов – 8-орын;

87 келі: Азамат Құстыбаев – 33-орын;

97 келі: Әлімхан Сыздықов – 29-орын

130 келі: Мансұр Шадукаев – 21-орын.

«Біз биылғы жылы екі бірдей ірі жарысқа құрама дайындадық. Бірі Азия ойындарына барса, екінші осы Будапешттегі әлем чемпионатында өнер көрсетті. Венгрияға 90 пайызы жастардан жиналған құраманы әкелдік. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Қола жүлдегер атанған екі жігітте жастар құрамасы сапынан шыққан. Болашақтарынан зор үміт күтеміз», – дейді грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Нұрым Дүйсенов Qazsport арнасына берген сұхбатында.

Грек-рим күресінен соңғы рет әлем чемпионатында алтын медальды 1999 жылы Мхитар Манукян жеңіп алған екен. Келесі жылы оған да 20 жыл толады.

Қыздарымыз жүлдесіз қалды

Ал қыздарымыз мүлдем қуантқан жоқ. Ең үздік нәтижені 53 келідегі Жұлдыз Эшимова көрсетті. Оның көрсеткіші – 5-орын

Қыздар күресінен Қазақстанның 2018 жылғы әлем чемпионатындағы нәтижесі:

50 келі: Валентина Исламова – 13-орын;

53 келі: Жұлдыз Эшимова – 5-орын;

55 келі: Марина Селнева – 12-орын;

57 келі: Эмма Тисина – 18-орын;

59 келі: Алтынай Сатылған – 12-орын;

62 келі: Аяулым Қасымова – 20-орын;

68 келі:Екатерина Ларионова – 11-орын;

72 келі: Жәмила Бақбергенова – 10 орын;

76 келі: Эльмира Сыздықова – 7-орын.

Жалпы есептегі жағдай

Биылғы чемпионат қызық өтті. Мысалы, көрші Ресей Федерациясының балуандары былтыр Парижде бірде-бір алтын алмаған еді. Араға бір жыл салып, бірден 10 алтынға ие болды. Мұндай көрсеткіш Ресей тұрмақ, КСРО-ның өзі қол жеткізбеген. Ең ары кетсе 7-8 алтынға ие болатын. Осы жолы ресейлік балуандар биіктен көрінді.

Айта кетерлігі, күрес түрлерінде командалық есеп медаль саны бойынша емес, ресми түрде ұпай саны бойынша есептеледі. Мұндай жағдайда Қазақстанның еркін күрес шеберлері 13-орынға тұрақтаса, грек-рим күресінің құрамасы 14-орынға жайғасты. Қыздарымыздың жағдайы да мәз емес – 17-орын. Ал күрестің үш түрі бойынша медаль саны жөнінен Қазақстан 16-орында.

2019 жылғы чемпионат Астанада өтеді

Енді келесі жылы әлем чемпионаты Астанада өтеді. Будапешттегі чемпионаттың жабылу салтанатында ресми түрде Қазақстанға ту табысталды. Оны Қазақстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрбах Рүстемов қабылдап алды.

«Бірінші бестікке кірген балуандар 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алады. Ұйымдастыру жағынан дайындық бүгіннен басталып кетті. Астанадағы әлем чемпионаты бұған дейінгі жарыстардан асып түседі деп үміттенемін. Жоғары деңгейде өткізуге бар күшімізді саламыз». – дейді ҚР күрес түрлері федерациясының вице-президенті Дәулет Тұрлыханов Qazsport арнасына берген сұхбатында.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында әлем чемпионатына жауапты ұйымдастыру комитеті құрылғанын айтты.

– Жақында Будапешт қаласында әлем чемпионаты аяқталды. Еркін күрестен бір күміс, грек-римнен екі қола медаль жеңіп алдық. Енді келесі жылғы чемпионатты біз өткіземіз. Бұл аса маңызды халықаралық жарыс. Олимпиада ойындарының жолдамасы үлестіріледі. Мұндай додаларды өткізуден жинаған тәжірибеміз мол. Қысқы Азия ойындарын, дзюдо, ауыр атлетика, бокстан әлем чемпионаттарын өткізгенбіз. Қазіргі кезде ұйымдастыру комитетін құрып, дайындықты бастап кеттік. Будапешттен асып түсуге тырысамыз. Оның үстіне, халқымыз күресті жақсы көреді, – дейді Елсияр Қанағатов.

Қазақ балуандары күрес түрлерінен әлем чемпионатында алтын алмағанына міне биыл тура 19 жыл болды. Осынша уақыт аралығында Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен әлем чемпионы Дәулет Тұрлыханов секілді алтын ұлдарымыздың ізін жалғайтын бірде-бір балуанның шықпағаны жанкүйерлерді қынжылтады. Енді келесі жылы төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан дүбірлі дода Астанада өтеді. Бәлкім, еліміздің бас шаһарында өтетін байрақты бәсекеде біздің балуандар жанкүйерлерінің үкілі үмітін ақтайды деп үміттенеміз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер