BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақтөбеде мәнерлеп сырғанаудан ел біріншілігі басталды

Фото: aktobegazeti.kz

Астана, BAQ.KZ. Ақтөбеде мәнерлеп сырғанаудан ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Айтулы додаға Алматы мен Астана қалаларынан өзге 6 өңірден келген 72 спортшы қатысуда. Бұл туралы aktobegazeti.kz сайты хабарлайды.

Сәрсенбі күні Мұз сарайында өткен чемпионаттың ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Спорттың адамға қандай пайдасы бар екенін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым спортқа ерекше көңіл бөліп келеді. Біз де Ақтөбеде спорттың материалдық базасын нығайту үшін жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінгі таңда ақтөбеліктердің 32 пайызы спортпен шұғылданады. Өздеріңіз білетіндей, соңғы үш жылда Ақтөбе өңірінде 70-ке жуық спорт нысаны салынып, халық игілігіне берілді. Соның бірі – бүгінгі чемпионат өтіп жатқан Мұз сарайы. Ақтөбеде соңғы жылдары шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей секілді спорт түрлері жақсы дамып келеді. Аталған спорт түрлерімен бүгінде 800-ге жуық бала айналысады. Бұл нәтиже әлі де көбейеді деп ойлаймыз», - деген облыс әкімі мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының чемпионатының Ақтөбеде өтуі, ақтөбелік спортшылар үшін үлкен нәтиже екендігін айтты.

Үш күнге созылатын жарыс қысқа және еркін бағдарлама бойынша өтіп жатыр. Бұл жарыста жұптық бәсеке жоқ. Сондықтан спортшылар тек жекелей сында өнер көрсетеді.

Чемпионатқа тек деңгейі Қазақстан Республикасының І спорттық разрядынан төмен емес мәнерлеп сырғанаушылар қатысуда. Солардың бірі – Павлодар облысынан келген мәнерлеп сырғанаушы Дария Қуантай. Аталған спорт түрімен 6 жасынан бастап айналысатын жас спортшының мақсаты – Олимпиада чемпионы атану.

«Мәнерлеп сырғанау спортына мені әкем әкелген болатын. Кейін осы саладағы Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева секілді спортшыларды көрген соң бұл спортқа деген қызушылығым арта түсті. Қазір уақытымның басым бөлігін мұз айдынында өткіземін. Басты мақсатым — олимпиада ойындарына қатысып, елімнің атын шығару», - дейді ол.

Чемпионат қазан айының басында пайдалануға берілген Мұз сарайында өтіп жатыр. Мұндағы мұз алаңы жыл бойы тек хоккейден ғана емес, сонымен қатар шорт-тректен, мәнерлеп сырғанаудан, баскетболдан, шағын футболдан, бокстан, үлкен теннистен, гимнастикадан кәсіби жарыстар, сондай-ақ мәдени ойын-сауық шараларын өткізуге мүмкіндік береді. Спорт кешенінің жалпы аумағы — 8500 шаршы метр. 2500-ден аса көрерменге арналған орын бар.

Инвесторы – «H+H TECHNIKА». Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қаржыландырылған Мұз сарайының жалпы құны – 3,8 млрд теңге.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер