Мәдениет министрлігі Қазақстанға Голливуд жұлдыздарының қалай шақырылатынын айтты - Шоу-бизнес|24 Қараша 2017, 14:51
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мәдениет министрлігі Қазақстанға Голливуд жұлдыздарының қалай шақырылатынын айтты Эксклюзив

Биыл «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында елордада XIII «Еуразия» халықаралық кинофестивалі ұйымдастырылды. Оған атағы жер жаратын Николас Кейдж, Эдриен Броуди, Джон Малкович сынды Голливуд жұлдыздары шақырылды. Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова елімізге танымал актерлердің келуі мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмегенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «ЭКСПО-2017» аясында өткізілген мәдени шаралардың қорытындысы туралы брифинг өткізді. Онда Ақтоты Райымқұлова аталған көрме аясында 3 айда Астанада 8 мың шара, ал республика бойынша 31 мың іс-шара ұйымдастырылғанын айтты. Аталған концерттік бағдарламалардың басым бөлігі жергілікті бюджеттен және демеушілердің қаржысы есебінен өткізілген.

Осы орайда журналистер вице-министрге «биыл «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында XIII «Еуразия» халықаралық кинофестивалі өтті. Оған Голливуд жұлдыздары шақырылды. Ол – Николас Кейдж, Эдриен Броуди, Джон Малкович. Олар кинофестивальге келгені үшін Қазақстан тарапы ақша төледі ме? Жалпы Голливуд жұлдыздарын елімізге кімдер шақырады? Олармен келіссөзддерді кімдер жүргізеді?», - деп сауал жолдады.

Алдымен Ақтоты Райымқұлова елімізге Голливуд жұлдыздары қалай шақырылатын түсіндірді.

«Шара халықаралық деңгейде болған соң, оған беделі жоғары жұлдыздар шақырылады. Өздеріңіз айтып кеткендей, ол Энтони Броуди, Джон Малкович және басқа жұлдыздар. Олардың жеке талаптары болады. Біз олардың райдерлерін (әнші мен әртістің ұсынатын талаптары мен шарттары – автор) қарап, олардың талаптарын орындай алмасақ, бұл жұлдыздарды шақыра алмаймыз», - деді басшы.

Сонымен қатар министрдің орынбасары өз жауабын былайша толықтырды.

«Әрбір мәдени шараны өткізетін ұйымдастырушылық комитет болады. Олар сіз айтқан жұмыспен айналысады. Аталған комитет жұмыс кестесін жасап, қонақтармен сөйлеседі. Олардың райдерлерімен (әнші мен әртістің ұсынатын талаптары мен шарттары – автор) танысады. Кейін біздің мүмкіншілігімізге, жұлдыздардың уақытына қарап, ұйымдастырушы комитет оларды шақырады», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Вице-министр кино жұлдыздар жарнамаға баса мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Астанаға Голливуд жұлдыздарының келуі мемлекеттік бюдетжетке салмақ түсірмеген.

«Әрбір өнер адамдары, кино жұлдыздары жарнамаға аса мән береді. Олардың халықаралық көрме аясында өткізілген «Еуразия» кинофестиваліне қатысуы сол жұлдыздар үшін жарнама болып саналады. Жалпы республикалық бюджетке салмақ түспеді. Барлық іс-шараны демеушілердің көмегімен жүзеге асырдық. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткізілген «Еуразия» кинофестивалінде қаржының 80-90 пайызын демеушілер көтерді», - деді Мәдениет және спорт министрінің орынбасары.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер