BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«91» тобының концерті Көкшетауда да өтпейтін болды

Фото: Yvision

Көкшетауда «91» тобы концерт қоюға келеді және билеттер онлайн негізінде сатылып жатыр деген ақпарды естіген белсенді азаматтар бірден қарсылық білдірді. Тек олардың топтың репертуарындағы әндерге қарсылығы жоқ екен. Тәуелсіздікпен байланыстырып қойылған «91» атауы мен киімдерін жөндесе деген талаптарын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсі.

Ақмола облыстық мәдениет басқармасының жетекшісі Сәуле Бөрібаева билеттердің дұрыс өтпеуіне байланысты концерт тоқтатылғандығын айтты.

«Аталған топ 11 қарашада «Көкшетау» мәдениет сарайында концерт өткізбек болған. Алайда билеттер аз сатылғандықтан, концерт өтпейтін болды»,–деді ол.

Қараша айы басталғалы Көкшетау жұрты да «91» тобы келеді деп дүрлікті. Жастар жағы оларды сахнаға шығартпаймыз десе, үлкендер басу айтып, бір шу шығып кетпесе екен деп тіледі.

«Өз басым бұл топтың әнін тыңдап, әншілерін көзіммен көрген жан емеспін. Бірақ, олардың қызша киінген келбеттерін күн сайын ғаламтор арқылы жариялап жатты ғой. Сосын да өз басым олардың әндерін тыңдап көрмегесін шығармашылықтары жайлы баға бере алмаймын. Мені де қынжылтқаны олардың киім киісі мен сән қою үлгісі. Бүгінде азғындықтың құрдымына құлаған Батыс елдерінде бәрі осындай ер адамдардың әйелдерше киінуінен басталған. Оның ақыры мұндайлардың қатарын көбейтіп, бұны жастар арасында «модаға» айналдырды. Содан еліктегіш жастар гей деген тамаша нәрсе екен деп, жаппай соған бет бұрған. Міне, сол Батыстық сценарий бізде де көрініс беруде. Алдымен, әйелше киінген еркектер жұрттың көзін үйретеді. Содан кейін ашықтан ашық көшеге шығып, тапталған құқықтарын қалпына келтіруді, еркек пен еркектің үйленуін, отбасы құруын заңдастыруды сұрап, шерулетеді. Ақырында жоғарыда отырған және шетелдік қалталы қолдаушыларының күшімен сондай заңдарды қабылдаттырады. Міне, сөйтіп, біраз жылдан кейін бір жынысты отбасылар біздің елімізде де көбейіп, азғындық белең алмасына кім кепіл?»,–дейді журналист Қалкөз Жүсіп.

Шаштарын бояп, құлақтарына сырға таққан, әлем-жәлем киінген «91» деп аталатын әншілер тобының концертін қойғызуға алдымен Шымкент, содан кейін Ақтөбе қаласының қазақтары қарсы шықты. Сонымен 11 қарашаға белгіленген атышулы топтың концерті Көкшетауда да өтпейтін болды. Мұның өзі әлеуметтік желілерде дау туғызып, әйелше киінген жігіттерді жақтағандар да, даттағандар да болды.

«Сахна деген киелі нәрсе. Біржан мен Ақандай, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтай ұлылар өнер көрсеткен Көкшетаудың киелі сахнасына әлгі қызша киінген «91» тобының шығуына еш қақысы жоқ. Батыстың бейәдеп мәдениетін тықпалап, жастарымызды ұлттық болмысынан алыстату жақсылыққа апармайды. Аталған топқа қарсы болуымның астарында да сахна арқылы олар өз өнерлерін емес, ұлттық дәстүрімізге жат киім мен сән үлгісін насихаттауы жатыр. Ал, менің білуімше, «91» атауы тәуелсіздік алған жылдың құрметіне қойылған сияқты. Сонда ғасырлар бойы бабаларымыз қасық қандары қалғанша бодандықпен күрескенде келер ұрпағы батыстың жанымызға жат дәстүрін насихаттасын демеген болар. Азаттық алған қазақтың қастерлі мезгілін атау еткенде ұлтымыздың болмыс-бітіміне түкіріп те қарамаған сыңай танытқаны ғой? Қазір батыста бір жыныстылар некелесіп, ардан азып жатқанда қызша киініп, батыстың біздің ұлттық менталитетімізбен сыйыспайтын дәстүрін тықпалап, жастардың санасын улауына жол бермейміз!» – дейді «Ел бірлігі» қоғамының жауапты хатшысы Бақыт Смағұл.

Ақмарал АЙҒАРА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер