2017 жылы елді елең еткізген жұлдыздар - Шоу-бизнес|29 Желтоқсан 2017, 15:31
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

2017 жылы елді елең еткізген жұлдыздар

Фото: коллаж Baq.kz

2017 жыл еліміз үшін табысты жыл болды. Қай салада болмасын жерлестеріміз үлкен шыңдарды бағындырып, қуантуда. Әсіресе биыл жұлдызы жарқ еткен әншілер қазақ эстрадасы қатарын толықтырып қана қоймай, елімізді бүкіл әлемге танытты. Дегенмен өнер иелерінің бірі елдің абыройын асқақтатып, жаңа туындыларын ел назарына ұсынса, бірі өздерінің ерсі қылықтарымен есте қалды. Бүгін Baq.kz 2017 жылы қазақ эстрадасындағы елді елең еткізген оқиғалармен бөліспек.

Димаш Құдайберген

Бүкiл әлемдi ерекше дауысымен тәнтi еткен Қазақстанның жас әншiсi Димаш Құдайберген Қытайда өткен «I am singer» байқауында екiншi орын алды. Бұл байқау Димаштың өнердегі өміріне айтарлықтай өзгеріс әкелді. Көптеген марапаттарға ие болып, әлемдік турнеге де аттанбақ.

Қытайдың ән байқауында бағын сынаған жас әнші әйгілі актер Джеки Чанмен кездесіп, үстіне қазақтың ұлттық шапанын жауып, домбыра сыйлаған-тын. Ал мегажұлдыз Димашқа «Kung Fu Yoga» кинокартинасындағы би қимылдарын үйреткен болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 27 маусымда Елорданың «Астана Арена» стадионында Димаш Құдайберген өзінің алғашқы концерті «Бастау» Live шоуын өткізді. Концертке 25 мыңға жуық көрермен жиналған еді.

Сондай-ақ, Димаш Құдайберген Қытайда ең үздік әншіге берілетін «IQIYI awards» марапатына ие болды. Өзінің керемет дауысымен елдің жүрегін жаулап алған Димаш өзінің соңғы жаңалықтарымен инстаграм желісіндегі парақшасында бөлісіп отырады.

Ернар Айдар

Қазақ әншісі Ернар Айдар қиындықты жеңіп шыққан ғашықтар туралы «Күнім, сен сөнбеші» әніне бейнебаян түсірді. Бұл махаббат хикаясы көрермендерінің көзіне жас алдырды. Хит болған «Күнім, сен сөнбеші» әнін Ернар әзербайжандық Ельнар Халиловтың рұқсатымен қазақ тіліндегі нұсқасын түсірген. Туынды қазіргі күнге дейін 14 млн-ға жуық қаралым жинап, көрермендердің көңілінен шыққаны туралы пікірлер көптеп жазылуда.

Қайрат Нұртас

Қайрат Нұртас жұртшылық алдына алғаш рет көзден тасада болған әйелін алып шықты. Қайрат Нұртас жұбайы екеуі бірге түскен «Арман.../Когда ангелы спят» атты фильмнің тұсаукесеріне алғаш рет әйелі Жұлдыз Әбдікәрімовамен келген болатын. Енді Қайрат Нұртас жарымен бірге дуэт болып ән де айтып жүр.

Баян Есентаева

Баян Есентаева туралы жаңалықтар жұрттың назарынсыз қалмайды. Оның жеке өмірі миллиондаған адамның назарында.

Баян Есентаева жуырда өзінің өмірбаяны туралы «Баян» атты кітабын шығарды. Кітапқа продюсердің жеке өмірі арқау болған. Кітаптың 10 000 данасы қазақ тілінде, қалған жартысы орыс тілінде жарияланған.

Танымал қазақстандық продюсер, тележүргізуші және актриса Баян Мақсатқызы тұрмысқа шығып, жақында жұбайының тегін алды. Оның қазіргі жұбайы - белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзов.

Ерке Есмахан

Ерке Есмаханның биыл бір емес, екі жаңа бейнебаяны шықты. Бірі – «Қайда?», екіншісі бірінші клиптің жалғасы «KZ жігіт» деп аталады. Әнші Ерке Есмаханның «Қайда?» деген әні Қазақстанда ғана танылып қоймай, шетелдік көрермендердің жүрегінен де орын таба білді. «Қайда?» бейнебаяны бүгінгі күнге дейін 47 473 284 рет қаралым жинаса, жақында жарық көрген жаңа бейнебаянды да 8 млн көрермен қарап үлгерген.

Дәурен Айдарқұлов – Ақбота Сейітмағанбет

«Кешью» тобының экс-солисі Ақбота Сейітмағанбет пен актер Дәурен Айдарқұлов елді біраз дүрліктірген еді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін актер Дәурен Айдарқұловтың әйелі «Ақбота Сейітмағанбет күйеуімді тартып алды» деп мәлімдеме жасаған болатын. Әнші Ақбота мен 34 жастағы Айдарқұлов прокатқа шыққан «Гламур для дур» атты комедияда басты рөлде ойнады. Әртістер осы киноға түсу барысында танысқан екен.

Кейін Ақбота Сейітмағанбет әлеуметтік желідегі парақшасында Дәурен Айдарқұлов өзін де тастап кеткенін жазған-тын. Қазір екеуінің Ибраһим есімді ұлдары бар.

Данэлия Тулешова

Алматылық 11 жасар Данэлия Тулешова Украинадағы «Балалар дауысы» ән байқауында жеңіске жетті.

Еске сала кетсек, 11 жасар Данэлия Тулешова «Голос. Діти» шоуының ақтық сынында «Океан Эльзы» тобының «Не твоя війна» әнін украин тілінде орындап, жеңіске жетті.

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Данэлия мен анасы екеуін қабылдап, Елбасы мен бүкіл қазақстандықтардың атынан жетістігімен құттықтағанын хабарлаған болатынбыз.

Жас әншінің көптен күткен «Другие» атты бейнебаяны жақында жарық көрді.

Төреғали Төреәлі

Жақында ғана әлеуметтік желіде танымал әнші, Ұлы дала баласы Төреғали Төреәлі туралы түсірілген даулы видео тарады.

Видеода Төреғали бір көрерменмен әдепсіз түрде сөйлеседі. Қазнет қолданушыларының пікірінше, әртіс өз аудиториясына сыйластық танытпаған. Шу көтерілгеннен кейін әртіс желіге шығып Instagram арқылы тікелей эфирде тыңдармандарына мән-жайды түсіндіруге тырысты. Сонымен қатар, Төреғали болашақта ол азаматты жолықтыратын болса, кешірім сұраймын деп уәде берді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер