BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жарық сөніп қалса екен. . .

Фото: stroim.club

Мақсат Қизатұлы 1984 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін ауданындағы Жайыр тауында дүниеге келген. 2008 жылы Шыңжаң университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіріп, 2009 жылы «Шыңжаң газетіне» қызметке орналасқан.

Журналистика «жорығына» аттнғаннан бері ол сондағы қазақ басылымдарында түрлі жанрда қалам тербеп, Қытай қазақтарының қазіргі заман әдебиетіне үлес қосып келеді. Сондықтан болар ол: «жазушылық пен журналистика менің қос қанатым»,-дейді.

Мақсат Қизатұлы қазірге дейін 200-ден аса проблемалық мақала мен 10-нан астам әңгімені оқырмандарға ұсынып үлгерді. Оның 2011 жылы жазған «Жанар неге жылайды?» очергі Қытайдың «1-дәрежелі ақпарат» сыйлығын еншілесе, 2014 жылы жазған «Ертеңгі малшы кім болар?» атты журналистік зерттеуі «2-дәрежелі ақпарат» сыйлығына ие болды. «Ескі досты еске алу» атты әңгімесі 2015 жылы Бейжің орталық халық радиосының өткізген байқауында «Ерекше туынды» номинациясын жеңіп алды.

Оның «Армысың, әке», «Тау басында қойшы тұр», «Әлди-ай, жүрек, әлди-ай», «Сен өмірге керексің», «Достық кімде?» қатарлы әңгімілері оқырмандардың жоғары бағасын алды. Мақсат Қытай қазақ жастары арасында тұңғыш рет интернет әдебиетіне қалам ізін қалдырған жас жазушы. Оның 2015 жылдан бастап жазып келе жатқан «Қаңғырған адам» деректі хикаясын оқырмандар асыға күтіп, іздеп оқиды. Автордың «Жүрек дәптеріндегі 101 сөз» деген философиялық әңгімілері да журналистің ащы терінің тәтті жемісі деуге болады.

Бүгін біз сайтымыздағы «Жаһан қазақтары» бөлімінің «Шетел қазақтарының әдебиеті» айдары арқылы жас қаламгердің «Жарық сөніп қалса екен...» атты әңгімесін оқырман қауымға ұсынамыз.

ЖАРЫҚ СӨНІП ҚАЛСА ЕКЕН. . .

Мақсат Қизатұлы

«Шашыңызға ақ түсіп кетіпті, ә?»,-дедім үлкен әпекем Жазираның самайына түскен ақ шашты көріп.

«Қай қазақтың анасы мен келіні ерте қартаймады дейсің, шет жұрттың келіншектеріндей бет-аузын сылап, таңғы асының өзін таңдап жейтін күй қайда бізде?! Қашан болмасын шаш ағартар шаруаның ортасында жүреміз. Күндіз бала оқытамын, сабақтан шыға сала үйге келіп тамақ істеймін. Кеште сабаққа дайындаламын, түнгі сағат он екіге дейін балалардың тапсырмасын орындатамын. Ортада ата-енемнің күтімі тағы бар, маңайымдағы келіншектердің бәрінің шашы ағарып кетті, енді ағарған шашті қарайтуға жезделеріңнің құдіреті жетсе, міне отыр ғой»,-деп үлкен әпекем жездеме қарап жымиды.

Ол жымиып отырып жылап, жылап отырып жымиған секілді сезілді маған.

Шешем қыздарының 8 наурыз әйелдер мерекесімен құттықтауға келгенін сезген жоқ.

Бес баланы оқытып жеткізген, қажыған қыр кемпірінің қалаға қоныстанғанына 1 жылдан енді асып барады.

«Мына қабат үй дегенің қамақүй екен. Ұл мен келін қызметіне кеткенде, шалымыз екеуіміз терезеден сыртқа қарап, - шіркін, қашан жаз болады?- деп екі көзіміз төрт болады. Жаз туса қырға шығып кетпесек болмады. Қоңыр сиыр желіндеп жүр дейді»,-деп анам ас үй жақта күңкілдеп жүр.

Күңкіл көмулі қалды.

«Мынаны қарашы әке, жеті жастағы бала жыр кешін өткізіпті»,-деп кішкене қарындасым Гүлмира әкемді WeChat-тағы таңғажайып ақпараттармен таныстырып жатыр.

«Уайфайларыңның құпия нөмірі қанша? »,-деді жаңа ғана есіктен кірген кішкене әпекем Фарида сырт кимін шешіп жатып.

«Қой, болды, телмірмеңдер, балаларыңды жаман үйретесіңдер, шайға келіңдер»,-деп анам балаларын дастарханға шақырды.

«Түстен бұрын мүйіз, түстен кейін киіз» дейтін наурыздың тағы бір күні қызарып батты.

«Күн қызарып батты ғой, ертең күн жылы болады екен»,-деп әкем батысқа елжірей қарады.

«Ата, біз «Аюларды» көреміз»,-деп жиендер теледидар қосылған бетте шулап кетті.

«Естімеген екенсіңдер ғой, кеше сондағы тақырбасты орманда аю жеп кетіпті»,-деп атасының қалжыңдағаны сол еді, жүгірмектер жылап қоя бергені.

«Өлмейді, орманшы Вик, өлмейді, өтірік айтасың»,-деп ботадай боздады.

«Ой, өңкей ақымақтар, қалжыңдаймын, тап сендер ертең мен өлген күні, дәл мына құсап жыламайсыңдар, түге»,-деп әкем әжептауір ренжіп қалды.

Әпекемдер күліп жатыр.

«Міне, мынаны қарашы, шеше»,-деп үлкен қарындасым Разия шешеме телефондағы әлдебір ғажайып дүниені көрсете бергенде, жарқырап тұрған жарық сөнді де қалды.

– Мә, жарық сөніп қалды. . .

– Жарық түгел сөнді ме?

– Залда да жарық жоқ екен, барлық жерде сөніпті.

– Мә, енді не істедік?

Жарық сөнсе, тірліктен мән кеткендей екен, аяқ астынан атынан айырылған жолаушыдай үнжұрғамыз түсіп кетті.

– Үйде май шам барма еді?

– Кәресін шам бар.

– Кәресін шамы несі, қалада?

– Жетісіп алып ұмытқансыңдар ғой. Бәсе, білгенмін, қаланың сыры мәлім ғой, - деп шешем өздері жатып жүрген түпкі үйден кәресін шамды алып шықты.

– Мынау, не, мынау, - деп жиендер кәресін шамды сипап таңғалып жүр.

– Бұл кәресін шам, мына отырған әпекелерің мен ағаларың сендей кезінде осы шамның жарығымен сабақ қарайтын, - деп әкем өткен бір ескі күннің бетін ашты.

– Иә, рас еді, осы шамның түбінде талай кітап оқып едім. Алты жастамын ғой деймін, әкем жоқ қарап кеткен. Біз шешеміздің етегіне жабысып ертегі естідік. Шешем жез тырнақ пен сұрмергеннің әңгімесін қайталап айта беретін. Шеше сол кезде қараңғы үйде неге қорқынышты әңгіме айтасыз, - деп әпекем Жазира шешеме таңдана қарады.

– Менің де анамнан естіп білген жалғыз ертегім сол тұрса, басқа нені айтамын қарағым, оның үстіне қорқынышты әңгіме айтпасам, улап-шулап есімді шығарасыңдар емес пе, - деп шешем күлді.

– Сол ертегі менің де еміс-еміс есімде, - дедім мен Жайыр таудың қуысындағы тас үйдегі балалық шағымды есіме түсіріп: сирағы сынған дөңгелек үстелдің үстінде кәресін шам жанып тұратын. Сол кезде осы шам керемет жарық сезілуші еді.

– Кәресін шамның білтесін ауыстыратын кезде: мен ауыстырамын, шишасын мен сүртемін, - деп таласушы едік қой есіңде ме, Разия?

– Иә, сен бой бермей қоюшы едің ғой, Парей. Бірде сен сыртта ойнап жүргенде, шишаны мен сүртіп жатқанмын, сен көріп қойдың да, мен сүртпедім деп оны жерге тастай салдың. Дегенмен кішкене кезіңде қатты қыршаңқы едің, сол күні кеш жарықсыз қараңғы үйде фанар жарығының астында көже ішкеніміз әлі есімнен кетпейді.

– Қыстың бір суық күні еді, кәресін шамның білтесі таусылып қалды. Мақта болса білте орнында істетуге болады емес пе. Жақсы атамның үйіне білте сұрай барсам, ол үйде де білте жоқ екен. Содан іргеде ілулі тұрған жақсы атамның сары ішігіне көзім түсті, өңірінде иненің көзіндей аппақ бірдеңе жылтырайды, бажайлап қарасам мақта сияқты, қайшыны алып инедей тесікті үлкейткенге тұрайын, мақта саудырап түсті. Бір уыс мақтаны алып келдім. Мол мақтаны әкелгеніме шешем қылп ете қалды, білем, жүгіріп жақсы атамның үйіне кетті. Келгенде келістіріп отырып таяқ жедім, марқұм жақсы атам бертінге дейін: «Масай, ішігімді төлеп бер»,-деп қалжыңдап жүретін. Шіркін, қызметтің құлағын енді ұстай бергенімде, о дүниеге аттанып кетті. Әйтпегенде қымбат бағалы ішіктен біреуін кигізер едім. Өткен күннің қандай бір жетіспеген шағы жеткен кезіңде сағынышқа айналып қала береді екен.

– Шіркін кәресіннің иісі-ай десеңші, бұл иіс менің балалық шағымның иісі, менің Жайыр тауға деген сағынышымның иісі осы иістен бастау алады. Кәресін шамды көрсем, қыс күніндегі жастығымның барлық картинасы көз алдымда көлбеңдеп өтеді. Әжем мен анамның кәресін шамның түбінде бір жарық, бір қараңғыда сырмақ тігіп отыратыны көз алдымнан кетер емес.

«Әже, сырмақты күндіз тігіңізші, қараңғыда қолыңызға ине кіріп кетеді»,-десем әжем байқұс: «қолыма ине кіретін олақпын па, жоқ, соқырмын ба, тәйт ары, мазамды алғанша шамға кәресін құйып, білтесін көтеріп қой»,-деп ұрсатын. Содан шам түбегіне кәресін құйып жатып, кәресінді төгіп алатынмын. Кәресін қолыма тамып, киіміме жұғатын, содан күні бойы кәресін сасып жүретінмін. Бүгін жетіліп, әтір аңқып жүрген қазақтың қара баласы кеше қара таудың бауырында, қара пештің түбінде кәресін сасып жүргенін ұмытпаған шығар-ау, сірә?!

Біз кәресін шамның түбінде осыдан 20 жыл немесе 30 жыл бұрынғы балалық шағымызды еске алып, қауқылдасып әңгіме шертісіп отырмыз.

Кенет жарық келді.

– Уа, төк келді, - деп кішкенелер қуанып кетті.

Кілегей татыған керемет әңгімеміздің үсітіне біреу сия төгіп жібергендей үдірейісіп қалдық.

Неше жүз ваттық заман шырағы кәресін шамның жарығын мәңгілікке өшіріп жібергендей еді.

Қарындастарым қолфонына қайта қол созды, әңгімеміздің белі үзілді.

«Шеше, мерекеңіз құтты болсын! Сізге лайықты сыйлық бере алмадық, мынаны аз болса да көптей көріп алыңыз»,-деп қыздар анама сыйлықтарын ақшалай ұсынып жатты.

– Рахмет, айналайындар! Мен бұны ала алмаймын, менің қалағаным бұл емес. Қолдарыңнан келсе бір қолқа салайын деп отырмын, соны орындасаңдар, мен үшін одан асқан үлкен сыйлық жоқ, - деді анам қыздарына езіле қарап.

– Айтыңыз, айтыңыз, алып береміз, орындаймыз айтқаныңызды, - деді әпеке-қарындастарым бір ауыздан.

– Бүгін жарықты өшіріп, кәресін шамды жағып қойыңдаршы, әңгімілесейікші, - деп шешем қолына самаурынын алып ас үйге қарай беттеді.

Дайындаған: Майгүл СҰЛТАН


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер