Ықылас Оразбай: Күрделенген істердің күрмеуін Алла шешеді... - Шетел қазақтарының әдебиеті|21 Ақпан 2017, 10:07
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ықылас Оразбай: Күрделенген істердің күрмеуін Алла шешеді...

– Жазбай кеткенің болмапты... – Ол терезенің алдында тұрып, темекісінің күлін қағып қойып, байыппен барлай қарайды. – Біріншіден уақыт аз, екіншіден елге білгірсінгендей көрініп қалады екенсің... Үшіншіден, қаламдас достарым «енді публицист болмақсың ба?..» деп қыжыртады, – деп мен де себептерімді санап, саумалай бастаймын.

– «Халық» баспасындағы Сімәділ ағамыз айтушы еді, біздің елге еурейдің мың мақалынан гөрі, өзіміздің есті, тәжірибелі жігіттердің бастан кешкен әңгімелері қажет деп. Сен жазуың керек, өйткені өз қолыңмен игілік жарату жолында қаншама нәрселерді бастан кешірдің, отқа да, суға да түсіп жүріп, бүгінгідей деңгейге жеттің. Ойлашы, 15 метрлік биіктіктегі сатыдан секіріп кеткің келгені есіңде шығар.... Соның бәрі кейінгі інілеріңе сабақ қой...
Иә, деймін есіме өткен күндер түсіп, 15 метрлік сахна сатысынан секіріп өліп алғым келген кез болып еді...
2008 жылы телевизияда қызметте жүрген шағым, Шынжаң аударма телефильм орталығының 20 жылдық концертінің сахнасын жобалап жасау үшін арт-артынан 3 күн бойы, күніне 2-3 ақ сағат ұйықтап жұмыс істедім. Енді соған қатарлас "Өрен-жас дәурен" атындағы жыр мүшәйрасының сахнасын жобалап, жасау әрі сондағы сценариін жазу міндетін тапсырып алдым. Жұмыс көрінсе бас салып, алып ұшып тұрған кезім...
Сценарий үшін бір түн компьютерде шығармашылықпен шұғылданып, ертеңінде бастықтардың көңілінен өткізіп үлгірдім де, енді сахна жобасына кірістім, оны да бір түн жобалап, мақұлданған соң, жасауға дайындалдық. Түнгі сағат он екілер шамасында сахна бір концерттен әрең босады, енді тәңертеңгі 8-ге дейін құлпыртып жасап қою керек. Барлық керек-жарақты базардан әкеліп алған едік, бірнеше оқушыммен бірге концерт сахнасын компьютердегі жобадай жасап шығаруға кірісіп кеттік.
Жұмыс қарқынды жүріліп жатқан, түнгі сағат 3 мезгілінде сахна өрнектерін ілуге әкелген KT қатты қағазымыздың өте сапасыз екенін, алданғанымызды байқадық. Сахнаға қалай ілсек, 10 минут өтпей солай жыртылып түседі де қалады. Соны ілдәлаймыз деп жүріп, тағы 2 сағат өте шықты, таңғы 5 болды, түні бойғы еңбегіміз рәсуа болып бітті, ал сахнаның түк те сәні келмеді. Мен бастабында түрегеп жүруден қорыққан 15 метрлік биік сатының үстінде аттап-бұттап жүгіріп жүрмін. Сатының үстіне сахна шырақтарының барлық жылуы жиналған ба, әлде көңіл-күй қарбаластығы ма, өне-бойым шылқа су... Маңдайдан аққан тер ерніме құйылғанда өмірдің кермектігін сезінгендей қол-аяғымды діріл билейді, енді 3 сағаттан кейін басталуға тиісті, неше мың адам жиналатын концерт... Концертке арналған «тыр-жалаңаш» сахна көз алдыма елестеп, уайымнан есеңгіреп кеткендеймін. Сатының үстінде аттап-бұттап жүріп, осыдан секіріп өле қалсам, бәрінен құтылам-ау деген сұмдық жаман ой да көз алдыма көлбеңдеп келе береді...
Ақыры астыға түсіп, жырылып- жырылып түсіп жатқан өрнектерге қарап дірілдеп тұрдым да қалдым... Сол кезде менімен талай қиындықты бірге көрген қалыңдығым «Ықа, тыныш отырып ойланшы, 10 минут тек қана ойланайықшы, бір амалын табуға болады...» деп өрт өшіргендей болған түріме өтінішпен қарады.
Мен барлық көмекші қыз-жігіттерді үнсіз отырып ойлануға шақырдым.
Сәлден кейін Қасиет деген жігіт: «Мұғалім, осы мына жапсырма қағазды аршығанда шығатын желімі бар цалафан өте берік екен, соны жалған боп кеткен KT қағаздың артына жапсырып алып, темірмен ілсек қалай болады?...» дегені, көзім жарқ ете қалды. Біреуін байқап көрдік те, апыл-ғұпыл іске кірісіп кеттік... «Күрделескен істердің күрмеуін алла шешеді...» деген сол шығар...

Таңертеңгі 8:00-де сахна дайын болды, соңғы бір-екі өрнекті жапсырып жатсақ, бәсекең келіп: «әлі жүрсіңдер ме?..» деп дүрсе қоя берді. Көз алдымнан түні бойғы істер жалт-жұлт етіп өте шықты да, «ештеңені білмей тұрсыз ғой...» деп іштей күлдім де, бет-аузым, қос қолым қара күйе болған қалпы, енді мүшайраға қатынасу үшін жуынып келуге шыға жөнелдім.
Есіктен шыға бере ақын дос-ағалардың барлығы келіп тұрғанын көрдім, Сәлем беруге тура келеді, қос қолымды ала ұшайын десем, білегіме дейін қара күйе, бет-аузым қара қаспақ. Ал танымайтындай тымпырайып өте шығудың жөні тағы келмейді, ақыры қара күйе қолыммен жағалата амандасқаным есімнен кетер емес...
Жуынып-шайынып бола салып, ентігіп жеткенімде мүшайра басталып кеткен екен. Ақындардың қатарына барып сахнаның шетінде отыра қалдым, өлеңдер құлаққа аса жағымды пианино сазымен сүйемелденуде... Ақындарға құйылған қымыздан іше отырып, ұйықтап кетіппін....
Бір мезгілде елдің "дүр" еткен шапалағымен қоса, біреу түртіп қалғандай болды, қарасам, өлең оқу кезегі маған келіп тұр екен.
Өзім жасаған сахна аман ба, түнімен түсіп болмаған өрнектер дұрыс па деп жалтақ-жалтақ қарап жібердім де, өлеңдерімді оқи бастадым. Ел "дүр" етіп қол соқса, артымда әрең тұрған өрнектер сау етіп жерге түсердей жүрегімді қорқыныш қатар билейді. Ақыры "бақыт", "Ақ шәрпі" өлеңдерімді оқып сахнадан құрмет шапалағымен түстім.
Белгілі сыншы Асан Әбеуұлы ағамыз төреші екен, ақын Білісбек Әбдірақұлы ағамыздан поэзияның бір теориясын сұрап еді, ол кісі тәптіштей түсіндіріп берді.
Ал меннен «Сонда поэзия дегеніміз автобустан түсіп қалған қыз ба?» деп сұрады. Мен ұйқылы-ояу «жоқ, поэзия дегеніміз автобусқа шыққан қыз» деп күсіп қалғаным есімде. Бірақ бұл жауапқа Асан ағамыз тым көңілді бола алмады-ау. Мен қисық сұраққа қыңыр жауп бергендей сәл тосын болды да, халық ду етіп қол шапалақтап, дүркірей күліп демеп кетті.
Сол мүшайрада екінші орынмен марапатталдым, бірақ Ерлан Нұрдыхан, Қуаныш Дәлейұлы ағаларымыздың алдында сыйлық алып тұрып, жазба поэзияның құны сахнада оқумен өлшене бермейтіндігін сезіндім. Жазба поэзияның дәмі, естрадалық сахнада емес, жапанда жалғыз қалғандай шамның түбінде оңаша отырып оқығанда білінеді екен-ау...
Соңында концерттің сірге жияр жиналысы болды. Ел басқарған білікті ағалар, ақын-жазушылар сөз сөйлеп, осындай мәдениет жанашыры болған Өрен Тәліпбайұлына алғыс айтып жатты. Ал, бір байқағанымыз Шынжаңның жер-жерінен 360 ақын қатынасып, соның 17-сі сахнаға шыққан осы мүшайрада негізі Іле педагогика институтының түлектері басым орынды ұстаған екен. Барлығымыз Жәнетхан Тұтқабекұлы ұстазымызды қаумалай суретке түскенде, "ұстаздың ең үлкен жетістігі осындай-ақ болар-ау" деген көңіл-күйде болдық.
Мен енді салтанатты жиналыстың үстелінде ұйықтап қалмайын деп лашығыма тайып тұрдым... Қазір ойласам сол машақатты құлшыныстардан қолыма жұққан күйе кетіп, санама салған сан түрлі тәжірибелері ғана қалыпты.
Кейіндеп, қазақ ақпаратының құзырлы ошағы-Шынжаң телевизясының қызметінен шалғай кетсем де, үлкен дүбірлі жиналыстардың техникалық қызметтерін өтеуге қатысып жүрдім.
Бірде, Шынжаң телевизясының жүргізуші-диктор қабылдау телеконцертінің тікелей эфирде көрермендерге нөмір қойдыру, компьютерде нөмір есептеу техникасына жауапты болдым. Бәрі сәтті жүріліп жатқан, тек концерт аяқтауға жарты сағат қалғанда, күні бойы қарбалас қызметте тұрған компьютер сіресіп қатты да қалды, Бейжіңдегі техникалық қызметке хабарлассақ, бір сағатта қалпына келеді дейді. Ал, мыңға жуық көрермен оны күтіп отыра ма?
Өзімнің ноутбугымды алып шығып, жалма-жан іске кірістім. Маңдай терімнің иегімді жағалап келіп, компьютерге тырс-тырс тамғанын білемін. 10 минуттық кідіріс уақытының соншама ұзақ сезілерін кім ойлаған, сахнадағы бағалаушы көрермен қойған нөмірді сәтті есептеп, нәтижесін шығарып үлгірдім ақыры. Ол кездегі қысымның қаншалық екенін тек Ұлаш аға (Ұлан Кенжеқан) екеуіміз ғана сезінген шығармыз. 10 минут бойы дем ала алмай қалғандай болдым.
Кейін Серік Әбілұлы ағамыздың Алматыдағы «Қазақ концертте» үлкен өнер кеші өтетін болды. Бұл кеш Алматыдағы игі-жақсылардың басын қосқан, әсіресе, шетелден келген қандастардың абройын асырған маңызды әрі мағыналы кеш болды. Кешке қатысты материалдардың барлығын компьютерде дайындап алаңсыз жетіп барған едім, техникаға жауапты орыс келмей біраз күттірді. Ал, ол келген кезде менің компьютерімнің тіке жалғанатын HDMI ұяшықтары мен концерт залының LED экранының ұяшықтары мүлде басқаша екенін білдік. Концертке халық жиналып жатыр. 10 минутта басталуы керек, ал мен мыжып әлі жүрмін. HDMI дегенді не орысқа, не қазаққа түсіндіре алмаймын, «не знаю, это что DVD» деп бірдеңесін айтып ол шыж-быж болады. Ақыры VGA ұяшығы арқылы амалдап жүріп, ес кетіп жан шыққанда режиссердің талабына сәйкесе алдым.
Аузы күйген үріп ішеді дейді ғой, содан бастап, көлемді жұмыстарда бір компьютерге сенбейтін болдым. Маңызды жұмыстар кезеңінде алдын-ала маневер көруге мән бердім. Ал, ең қиын шақтарда, үнсіз отырып ойлануды әдетке айналдырдым. Алла сабырлыға жақын деген сөзді санама жаздым. Өмірдің қызығы мен қиындығы оң қапталға да, сол қапталға да түсіп алма кезек ауысып жатты.
Осынау кезеңдерде айналамда жүрген достарымның ұсақ істерге бола өзіне-өзі қол жұмсағанына куә болдым. Сондайда шіркін, неге үнсіз отырып ойланбады екен, неге ата-анасы әрең силаған осынау жарық дүниені, өзі үшін шын жылайтын жанашырларын тастап, "битке өкпелеп, тонын итке тастады" екен, неге кешірімшіл болмады екен деп ойлар едім...
«Кешірімшілдік өмір көргендіктің белгісі» деген ғой Төлеген Айбергенов. Басқаларды кешіру – айналып келгенде өзін кешіру деуші еді, даналар... Ең қиын сәтте оңаша отырып он минут ойлану, бәлкім барлық байлығыңыздан қымбат шығар.
Өнерді үйрен де жирен демекші, ғылым-техникаға сене білу де, үйрене білу де керек, бірақ, бүкіл тағдырыңды табыстай салардай ондай кемел кереметті адамзат әлі жасай алған жоқ. Алайда, ондай кемелділік бәлкім адамзаттың мәңгілік арманы болып қалар.
Қуандық Көбен ағамыз алты бірдей флешка алып жүруші еді. «Осының ішінен әйтеуір біреуі кез-келген уақытта қырсығып ашылмай қоюы мүмкін» дейтін қалжыңдап. Бұл күнде көп жастарымыз адамдық қарым-қатынастан гөрі, технологияға көп телміретін болды, әрең бір кезіккен достарыңның ұялы телефоннан басын көтермей шұқылаған күйі кетерін қайтерсің... Ұялы телефоны жоғалса, бәрінен айырылғандай болып, неше күн нәр татпай жатып алатын жастарды да көріп жүрміз...

* * *

Мен осынау ойларды шарлай келіп, Хамит досымның шылымынан шүйкелене көтерілген түтінге телміріп үнсіз қалдым.

2017. Үрімжі

Автордың Wechat әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды

qazaqtimes.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер