«Ләйлім шырақ - асыл тасым...» - Сазгерлер|28 Ақпан 2017, 12:09
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Ләйлім шырақ - асыл тасым...»

Әйгілі қазақ ақыны, сазгер, XIX ғасырдағы қазаң ән өнерінің, сөз өнерінің ірі өкілі Біржан сал Қожағұлұлы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Бойында әншілік дарыны бар, домбырада шебер ойнайтын Біржан жастайынан қазақ даласына танымал болған.

Ол бірегей сазды-поэтикалық шығармаларды дүниеге келтірген. Ел аралап, алуан түрлі айтыстардың ортасында жүрген. Айналасына дарынды жастарды жиып, өзіндік көшпелі театр құрған. Біржан шығармаларында махаббат тақырыбы негізгі орын алады. Осы тақырыптағы үздік туындылары ретінде «Айтбай», «Ғашығым», «Ғашық жар», «Ләйлім-шырақ», «Жайма шуақ» т.б. шынайы сыршылдықтан туындаған өлеңдерін атап айтуға болады.

Бүгін сіздерге Біржан шығармашылығының ішіндегі шоқтығы биік туынды – «Ләйлім шырақ» әнінің шығу тарихы туралы әңгімелейтін боламыз. Жалпы бұл әннің шығу тарихынан А.Жұбанов және Е.Мырзахметұлының зерттеулері хабар береді.

«Біржан ел аралап жүріп, Арықбалық жақтан қайтып келе жатып ағайынды Көлбай, Жанбай дегендердің ауылына келеді. Көлбай, Жанбай жас жағынан Біржанмен шамалас, Біржандармен қонысы қатар, басқа өнерлері жоқ, малды-жанды адамдар болады. Өздерінің менмендігімен, паңдылығымен аттары шыққан, анау-мынау кісіні менсінбейтін де мінездері бар-ды. Біржанның атын естіп, оның халық алдында аса беделді екенін біледі. Өнердің қадірін тереңдеп біле қоймайтын адамдар.

Міне, Біржанның осы ауылға қарай қисайғанын көріп, олар бұрыннан көңілдес бола тұрса да, танымағансып, үйлеріне еніп кетеді. Мұның бәрін байқап қалған әнші іркілместен өзінше қыр көрсетіп, ауыл шетіндегі қораштау бір үйге келіп түседі. Қонақтың атақты Біржан сал екенін білген үй иесі барынша күтіп, әншінің асты-үстіне түсіп, бәйек болады. Тамақ ішкеннен кейін Біржан әдетінше қолына домбырасын алып, ән салады. Ауыл адамдары жиналып, қошеметтеп, түннің бір уақытына шейін Біржанның әсем әндерін тыңдап рақаттанады.

Көлбай, Жанбай екеуі бірдей ән тыңдауға келмейді, өздерінше қыр көрсетеді. Әншінің дауысын естіп отыра алмай тұра жүгірген қарындасы Ләйлімді де, барғысы келген келіншектерін де жібермейді. Киіз үйдің ішіндегі дыбыс естілмей тұра ма, мұның бәрін де ауылдың бір қу жігітінің құлағы шалып қалып, ол ән арасының тынысында Біржан есітетін етіп қасындағыларға асырып-түсіріп айтады. Байсалды әнші бәрін де көңіліне түйіп, ешнәрсе білмегендей отыра береді.

Ертеңіне шайдан кейін құдық басын жағалап кеткен атын алып келуге Біржанның жолдасы кетеді. Бірақ әншінің атының аяғындағы шідері жоқ болып шығады. Оны есіткен Біржан құдық жаққа қарап тұрып, әсем басып су алып келе жатқан Ләйлімді көреді. Қыздың кінәсі жоғын білсе де, оның ағаларынан кешегі жаратпаған кейіптері үшін, әнге қарындасы мен келіншектерін жібермегені үшін кек алудың жолын ойлап, Ләйлімнің алдынан шығып, «Шідер көрмедіңіз бе?» деп сұрап, әңгімеге айналдырып тұрады. Бұл суретті көрген Көлбай мен Жанбай құдық басында жұмыстары бардай қарындасына қарай жүреді. Ағаларының сөзді анық есітетінін жерге келуін күткен әнші, табанда Ләйлімге қарап, суырылып әндетеді.

Ойда жоқта ілтипатқа ұшырағанына таң-тамаша қалған Ләйлім, «бұл сал маған не айтқалы келеді» дегендей ойға қалып, қапелімде не дерін де білмей аңырып, тұрған орнында қозғалмай қалады.

«Келген жоқ көктен пері, жерден шайтан,

Шідерімді ұрлаған қарындасым»,–деп Ләйлімді әбден састырады.

Ләйлім: «Бір қайыс үшін жұрттың бәрін ұры қылдыңыз ғой!» – дейді. Біржан тағы да екіленіп, істің жайына енді түсініп келе жатқан Көлбай-Жанбайға, Ләйлімге кезек қарап, шідерін мақтайды.

«Шідерімнің бағасы қырық қысырақ», – деп, олармен құнына келіспей тұрғандай, басып айта береді. Әншінің ертеңгі уақыттағы ауылды басына көтерген дауысына жиналған жұрт бірден-бірге көбейіп, бұлардың қасына келіп қалғанын көріп, «мына сал тағы бірдемені былықтырар» дегендей қауіппен, Көлбай, Жанбай Ләйлімді ымдап үйге қарай бұрады.

«Не болды?» деп шулаған адамдарға «Біздің Ләйлімжанға шығарып тұрған әні ғой!» деп істің шын сырын ашқылары келмей, соңдарынан ерген жұртты жекіріп кейін ысырып тастайды.

Ақбоз үйдің төрінде қалың кілем, жібек көрпе төселіп, самауыр бұрқылдап, қымыз құйылып, әп-сәтте күрт өзгеріс бола қалады. Жүрген жерінде бізді жамандап жүрер деп қорыққан Көлбай, Жанбай Біржанды қонақ етіп, сыйлап, бірнеше күн қондырып, ән салдырып, риза етіп жөнелтеді. Кетер кезде, жазықсыз біраз ұялтқаны үшін, Біржан Ләйлімге қарап, кешірім сұрағандай, шідерді қоспай, басқа сөзінде «қотыры» жоқ өлең мен «Ләйлім шырақ» әнін айтып, оны қызға арнағанын, қайда болса да айта жүргенде әр кезде Ләйлімнің суреті көз алдында болатынын сездіреді.

Ләйлім шырақ,

Мен де өзіңдей жас едім, жана талап,

Біреу Ташкент барғанда алдырып ем,

Қызыл жібек қырмызы төрт-бес қадақ, – деп келеді де:

Өзіме бер шідерді тауып алсаң,

Елу теңге берер ем сүйінші алсаң.

Жерде шіріп қалса да көзім көріп,

Қыршын жасым қиылсын бітім алсам,

Ләйлім шырақ – асыл тасым,

Көлбай, Жанбай бірге өскен замандасым.

Келген жоқ көктен пері, жерден шайтан,

Шідерімді ұрлаған қарындасым,

Таудан аңңан сылдырап мен бір бұлаң.

Қаныс болсын, жіп болсын неге керек,

Шідерімнің бағасы қырық қысырақ...

Бұдан артық ешнәрсе айта алмай, үстеріне ағалары кіріп келіп, әңгімені басқа жаққа бұра салады. Алғаш айтылған әннің кеудесіне (запев) ұзақ қайырма қосып, Біржанның құйқылжыған, құбылған, еркелеген дыбыстарды «оюлап», әшекейлеп, сыпайылап алып барып бітіреді.

«Ләйлім шырақ» әнінің бұлай бейбіт кейіпке көшіп, аяғы «қайырлы» кездесу болып біткеніне қыздың ағалары да қуанып қалады.

Осылай Біржан әндерінің бір белдісі – «Ләйлім шырақ» дүниеге келген екен.

massaget.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер