BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жеңіс Қасымбектің қызметі ауысты

Астана, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Ж.М.Қасымбекті Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақороданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі қызметінен босатылсын", - делінген Жарлықтың мәтінінде.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Қаулыға қол қойды.

Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі:

1) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру саласындағы;

2) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып өзгертіліп, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болып қайта ұйымдастырылсын.

2. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі экспортты ілгерілету саласындағы қызметті үйлестіруге жауапты;

2) мемлекеттік органдар берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқорлары болып белгіленсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қарамағына беруді;

2) қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органның тиісті штат санын беруді;

3) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акциялар пакетін иелену және пайдалану құқықтарын беруді;

4) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы №6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

«Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі;» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі;».

5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
26 Желтоқсан 2018, 18:23
Сыртқы істер министрі ауысты
Пікірлер