BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Президент қытай тілін үйренуге кездейсоқ шақырған жоқ – елші

Фото: Елшіліктің баспасөз қызметі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Бейжің сарайы» қонақүйінде Қазақстандағы ҚХР-дың төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо Қытайда білім алған студенттерге арналған жиын өткізді.

Қытайдың төтенше және өкілетті елшісінің айтуынша, қазіргі таңда Қытайда 14 мың қазақстандық білім алып жатыр. Ол қазақстандықтардың арасында қытай тілін үйренгісі келетіндердің саны да артып келетінін жеткізді.

«14 мың қазақстандық жас буын Қытайдың түрлі оқу орнында білім алып жатыр. Қазақстанда қытай тілін, қытай әдебиетін үйренуге деген қызығушылық артып келеді. Менің Қазақстанда болып жатқаныма 3 айдан асты. Бірақ қай жерге барсам да, қызығушылық танытып жатқандарын байқаймын. Президент (Нұрсұлтан Назарбаев - автор) қытай тілін үйренуге кездейсоқ шақырған жоқ. Енді Президент тапсырмасын орындау мақсатында біз Қазақстанда алтыншы Конфуций институтын ашу жағын ойлауымыз керек. Қазіргі уақытта Қазақстанда бес институт жұмыс істеп жатыр. Қызығушылық жоғары және бес институт әлі шегі емес. Институттар қазақстандық жастар арасында сұранысқа ие және танымал», - деді дипломат.

Қытайда алғаш рет қазақстандық экономикалық және қаржы зерттеулер орталығы ашылыпты.

«Сонымен қатар, екі жақ бірлесіп, Қазақстан-Қытай мәдени орталығын ашу жоспарланып отыр. Осы жылдың қазан айына Чжэцзян қаржы-экономикалық университетінде алғаш рет Қытайда қазақстандық экономикалық және қаржы зерттеулер орталығы ашылды. Орталық зерттеулерді қолға алып, ЖОО, ғылыми орта мен сарапшылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Бұл жақсы тәжірибе болады. Бірақ ЖОО деңгейінде қалып отыр. Оны үкімет деңгейіне дейін көтеру керек», - деп бөлісті Чжан Сяо.

Қытайдың мұнай университеті мен Цинxуа университетін тәмамдаған ақтөбелік Арман Қалмен көрші елде жеті жыл оқып келген соң Қазақстанда ұлттық компанияда еңбек етіп жүр.

«Мен 2004 жылы Пекиндегі ЖОО-ға түстім. 2009 жылы бакалавриат бағдарламасын аяқтадым. Білімімді магистратурада жалғастырғым келді. Сөйтіп елге келіп «Болашақ» бағдарламасына құжаттарымды тапсырдым. Барлық кезеңнен өтіп, Цинxуа университетіне менеджмент ғылымы және инжиниринг мамандығы бойынша магистратураға түстім. 2011 жылы Қазақстанға оралып, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында еңбек ете бастадым. Ал 2015 жылы Астанаға жұмысқа шақырды. Ұлттық компанияда жұмыс істеп жатқаныма 3 жылдан асты», - деді ол.

Арман Қалменнің айтуынша, қытайлық университеттерде алған білімін қазір Қазақстанда қолданып жатыр. Бұдан басқа, оның басты мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға өз үлесін қосу.

«Өткен жылдан бастап біздің компания Қытайға экспортқа шықты. К«Біздің компанияның Қытаймен ынтымақтастықта тәжірибесі мол. Қытайда алған білімімді бүгінде өндіріс барысында кеңінен қолданудамын», - деді «Болашақ» түлегі.

Ол жақта қалып жұмыс істеуге ешқандай ұсыныс түспеді. Оның үстіне «Болашақпен» оқыған соң, елге оралып еңбек ету міндеті де бар.

«Әр елдің өз даму жолы бар. Ал Қытайда қалып жұмыс істеуге ұсыныс болмады. Оның үстіне өзім де елге қайтқым келді, «Болашақ» алдындағы міндеттерім де бар. Жеті жылдан кейін елге оралғың келетіні де рас. Бейжіңде болған кезде студенттік жылдарды аңсаймын, алайда аз уақыттан соң бәрібір Қазақстанға қайтқым келеді», - деп бөлісті Арман Қалмен.

Қазақстандық жастармен кездесуге ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те келді.

Қытай Халық Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер