BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстан Елшісі Бельгия Короліне сенім грамоталарын тапсырды

Фото: ҚР СІМ

Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Айгүл Құспан Бельгия Королі Филиппке сенім грамоталарын табыс етті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты рәсімнен кейін екі ел арасындағы саяси диалогты жаңа деңгейге көтеру, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды жандандыру мәселелері талқыланды.

Король Қазақстан «ұлы тарихы бар, кең әлеуетке ие үлкен ел екендігін» атап өтіп, Қазақстандағы бастамаларға қызығушылық танытты.

«Елші Бельгия Короліне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар туралы мәлімдеді және осы реформалардың 2050 жылға дейін Қазақстанның алдыңғы қатарлы дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруін қамтамасыз етуді көздейтінін жеткізді. Бұл реформалар Бельгия және Қазақстан үшін тең маңыздылыққа ие ұлттың тұтастылығын сақтау, этносаралық диалогты дамытудағы Елбасымыздың сәтті саясатына да негізделетіні ерекше аталып өтілді. Сонымен қатар, 6 шілдеде елордамыз Астананың 20 жылдығы тойланатынына назар аударып, осындай қысқа мерзімде Астана халықаралық форумдардың алаңына, сондай-ақ бизнес, қаржы және жаңа технологиялардың хабына айналғандығын атап өтті», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Саяси диалогты және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда нақты ұсыныстар айтылды. Қазақстандық дипломат Бельгияның 2019-2020 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтап, екі еліміздің БҰҰ шеңберінде және халықаралық аренадағы ұстанымдарының жақындығын атап өтті. Сауда-экономикалық салада аймақтық және федералды іскерлік топтардың Қазақстанға экономикалық миссиялары, сондай-ақ бельгиялық компаниялардың еліміздегі жұмысы құпталды.

Бельгия Королі Филипп Президент Н. Назарбаевқа ілтипатын білдіріп, Қазақстанның Елбасы басшылығымен зор жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Еліміздің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы бастамаларына жоғары баға берді. Сонымен қатар, ол өзінің 2002 және 2009 жылдары Байқоңырға сапарларын, 2010 жылы үлкен бизнес-делегацияны басқарып Қазақстанға жасаған сапарын және 2014 жылы Брюссельде Президент Н. Назарбаевпен өткізілген кездесулерді ілтипатпен еске алды. Сұхбат соңында Король Елшіге екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру жолындағы жұмысына сәттілік тіледі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер