BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Каспийге инвесторлар бұрынғыдан да көбірек келетін болады – Ерлан Саиров Эксклюзив

Фото: ашық дереккөзден

Инвесторлар бұрынғыдан да көбірек келетін болады, өйткені бұрын Каспий экономикалық аумағының заңнамалық фундаменті жоқ болатын. Бұл жайында саясаттанушы Ерлан Саиров Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты.

Сарапшының айтуынша, Каспийдің дүниежүзілік энергетикалық айналыста өзінің стратегиялық орны бар, міне осы тұрғыдан алғанда мұнай мен газды экспорттау жеңілдейді.

«Ақтауда өткен Транскаспий саммиті Тәуелсіз Қазақстанның 25 жыл ішінде өз территориясын анықтау үдерісіндегі ең соңғы нүктесі деп айтуға болады. Өйткені бұған дейін Ресей, Қытай және басқа да көрші елдермен территорияны жөндеген болатынбыз. Бір түйіткілді мәселе осы Каспий су аумағы болған. Кезінде бұл Кеңес одағы мен Иран арасындағы су аймағы болып есептелген. Енді осы Конвенция бойынша Каспийдің айналасындағы мемлекеттердің су аймағы болып отыр, оның ішінде Қазақстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Ресей және Иран мемлекеттерінің. Бұл үлкен жетістік, өйткені сол мемлекеттердің ұлттық мүддесі тұрғысынан жасалып жатыр. Тағы бір айта кетерлігі енді инвесторлар бұрынғыдан да көбірек келетін болады, өйткені бұрын Каспий аумағы заңдық тұрғысынан өзінің нүктесі қойылған жоқ болатын. Сондықтан бұл қай елге болса да сырттан инвестиция тартуға өте қолайлы әрі логистикалық тұрғысынан да пайдалы», -дейді ол.

Сонымен қатар ол, конвенция барысында Каспий аймағына осы бес мемлекеттен өзге елдің әскері немесе әскери флоты келмеу керек деген мәселе қаралғандығын және ол дүниежүзілік геосаяси мәселелерді бейбіт жолмен шешудің бір жолы болуы керек деген пайымын білдірді.

«Өйткені осы аймақтағы геосаяси мәлеселе өте күрделі. Сондықтан осы пункт Каспий аймағын геосаяси ойындардың алаңына емес, керісінше бейбіт бизнестің, бейбіт процестердің аймағы ретінде көрсетуге өзінің ықпалын тигізеді. Бұл концепция негізінен дұрыс. Бірақ бұны басқа елдерге қарсы пайдалануға болмайды. Каспий аймағындағы ресурстарды бейбіт игеру деген ұран басқа бір елдерге қарсы сұс немесе дипломатиялық ремарш болмауы керек. Бұл керісінше дүниежүзіндегі геосаяси шиеленістерді осындай мәдени әрі үлкен дипломатиялық тұрғыда шешуге болатындығының бір көрінісі болу керек», -деді сарапшы.

Ерлан Саиров сондай-ақ, мұндай шешімге баруда әр елдің жеке мүддесі жатқандығын және Қазақстанға қарасты су аймағы экономикалық жағынан қолайлы болып тұрғанын айтып өтті.

«Бұны елімізге ыңғайлы келісімшарт деп айтуға болады. Мысалы Түрікменстан мен Әзербайжан арасында Каспийдің астындағы ресурстарға қатысты теке-тірес әлі күнге дейін болып жатыр. Дегенімен осындай түсінбеушілікке конвенция нүкте қоюға негіз жасайтын тәрізді. Әр елдің мүддесі бар дедім ғой, міне осы жерде олар тоғысып, әрбір елдің жеке мүддесі Каспий айналасындағы мәселені бейбіт әрі гуманитарлық салада шешуге өз үлесін қосты. Сондықтан бұл осы елдердің дипломатиялық бір жеңісі», -деді саясаттанушы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер