BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Женева конвенциялары қазақ тілінде жарық көрді

Фото: автор

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 1949 жылғы 12 тамыздағы Женева конвенциялары және оның қосымша хаттамаларының аудармасы қазақ тілінде жарық көрді. Бүгін СІМ ғимаратында аударма еңбек таныстырылды.

Құжаттың маңыздылығы туралы сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев тоқталды.

«Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындылары халықаралық құқықтың гуманитарлық мөлшеріне түзетулер енгізу қажеттігін айқындады. Осылай 1949 жылы қабылданған Женева конвенциялары және оның қосымша хаттамаларына Қазақстан 1993 және 1999 жылдары қосылды. Бұл құжаттардың қазақ тілінде алғаш рет басылып шығуы Қазақстанның халықаралық гуманитарлық құқық саласындағы мамандарды дайындап шығуына үлес қосатынына кәміл сенемін. Женева конвенцияларының қазақшаға аударылуына қолдау көрсеткен Халықаралық Қызыл Крест Комитетіне алғыс білдіреміз», - деді вице-министр.

Кітаптың таныстырылымына Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің вице-президенті Жиль Карбонье арнайы келді.

«Халықаралық Қызыл Крест Комитеті атынан ҚР СІМ және Қазақстандағы Швейцария елшілігіне осы шараны ұйымдастыруға атсалысқаны үшін алғыс білдіремін. Женева конвенциясы мен оның хаттамалары – халықаралық гуманитарлық құқықтың негізі және халықаралық қарулы қақтығыстарды реттейтін халықаралық құқықтың бөлігі. Құқықтың мақсаты – қарулы қақтығыстарға қатыспайтын адамдарды, оның ішінде азаматтық, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін, гуманитарлық жұмысшыларды және қақтығыс кезінде жарақат алғандарды, әскери тұтқындарды қорғау. Келесі жылы Женева конвенциясының құрылғанына 60 жыл толады. Осы құжаттың қазақ тіліне аударылуы – Қазақстанның осы құқықтық базаға қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қызметкерлер, студенттер мен оқытушылар қазақ тіліндегі нұсқасын пайдаланып, өздерінің жұмыстарында кеңінен пайдалана алады», - деді вице-президент.

Жиль Карбонье Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің ғимараты Астанада ашылатынына да тоқталды.

«Қазақстан өкілдігін Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің ғимаратын Астанада ашуға байланысты жұмыстарды жылдамдатып жатқанына алғыс білдіреміз», - деді ХҚКК өкілі.

Вице-министр Ержан Ашықбаев арнайы ғимараттың келесі жылы ашылуы мүмкін екенін атап өтті.

«Өкілдік келесі жылы ашылады деп үміттеніп отырмыз. Онда үш адам еңбек етеді және оның үшеуі де Қазақстан азаматы болады», - деді Ашықбаев.

Төрт Женева конвенциялары мемлекеттердің басым көпшілігі қосылған немесе ратификациялаған халықаралық шарттар болып табылады.

Конвенциялар құрлықтағы әскер қатарында әскери қызмет кезінде жарақаттанған немесе ауырып қалған адамдарды; флотта қызмет атқару кезінде жарақаттанған, сырқаттанған немесе кеме апатының құрбан болған адамдарды; әскери тұтқындарды, сондай-ақ халықаралық қақтығыс кезінде шет мемлекеттің бақылауындағы аумақта қалған заматтық адамдарды қорғайды. Барлық төрт Женева конвенциясына ортақ 3-бап халықаралық емес сипаттағы қарулы қақтығыстардың құрбандары үшін қажетті ең аз қорғауға кепілдік береді.

Халықаралық гуманитарлық құқықпен шұғылданатын ғылыми қызметкерлерге, студенттерге және мамандарға арналған.

Халықаралық Қызыл Крест Комитеті ( ХҚКК) – әділ, бейтарап және тәуелсіз ұйым. Оның мақсаты мен міндеті – гуманитарлық сипатта және қарулы қақтығысардан және басқа да зорлық-зомбылық жағдайлардан зардап шеккен адамдардың өмірі мен ар-намысын қорғау, оларға көмек көрсету. Гуманитарлық құқықты және әмбебап гуманитарлық қағидаттарды насихаттай және бекіте отырып, ХҚКК адамдардың азап шегуін болдырмау үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. 1863 жылы негізі қаланған ХҚКК Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай халықаралық қозғалысының бастауында тұр. ХҚКК және қарулы қақтығыстарда және одан да басқа зорлық-зомбылық жағдайларында халықаралық гуманитарлық көмек көрсету бойынша Қозғалыстың қызметіне басшылық жасайды және оны үйлестіреді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер