BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әшімбаев: Тұрар Рысқұловтың қайраткерлігін насихаттау керек

Астана, BAQ.KZ. Күні кеше аса көрнекті мемлекет қайраткері, ірі тұлға Тұрар Рысқұловтың туғанына 124 жыл толды. Осыған орай "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өз ойын ортаға салды.

"Осы бір есімді естісек, көпшілігіміздің есімізге ең алдымен 30-жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық түседі. Өйткені Тұрар Рысқұлов туған халқын сол бір зобалаңнан аман алып қалу үшін басын тауға да, тасқа да соққан жандардың бірегейі еді. Тіпті сол кезде көзіне тіке қараудың өзі мүмкін еместей көрінетін Сталинге хат жазып, солақай саясаттың зардаптарын ашық айтуы, оның ұлты үшін неге болса да дайын екенін анық көрсетіп берді" - дейді Мәулен Әшімбаев өз жазбасында.

Миллиондаған қазақты аштықтан құтқару үшін еш нәрседен тайсалмаған Рысқұловтың шебер ұйымдастырушы болғаны да тарихтан белгілі. Ол үшін Түрксіб магистралін салу кезіндегі белсенділігін айтса да жетіп жатыр.

"Еліміздегі баспа ісі, мәдени-ағарту, жастардың кәсіби білім алуы сияқты маңызды салаларда да Тұрар Рысқұловтың қолтаңбасы бар. Сондықтан келер жылы туғанына 125 жыл толатын тұлғаның мерейтойын лайықты деңгейде атап өтіп, оның елге сіңірген еңбегін жастарға дәріптеудің маңызы зор деп есептеймін" - дейді ол.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Тұрар Рысқұловтың еңбегін, қайраткерлігін жан-жақты насихаттау керек екенін айтты.

"Біз қазақ үшін әміршіл-әкімшіл жүйенің өзіне қасқайып қарсы тұра білген, сол жолда жанын берген тұлғаларымыздың есімдерін ешқашан естен шығармауымыз керек. Бүгінде елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткенді бағамдау жұмыстары ерекше екпінмен іске асырыла бастағаны белгілі. Осы салада нақты деректерге сүйенген құнды дүниелер де көпшіліктің назарына ұсыныла бастады. Сол жұмыстардың бір жемісі ретінде Тұрар Рысқұловтай арда ұлымыздың да өмір жолын насихаттайтын дүниелерді жарыққа шығарсақ, ұлты үшін өмірін қиған қайраткерге деген құрметіміздің бір белгісі болар еді" - деді Мәулен Әшімбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер