BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

АҚШ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңес құрамынан шықты

Ақ үй АҚШ-тың БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңес құрамынан шыққанын мәлімдеді. Дональд Трамп әкімшілігінің мұндай шешім қабылдауына Израиль сынына байланысты резолюция себеп болған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Washington Post басылымына сілтеме жасап.

Кеңес 18 мамыр күні халықаралық комиссияға Газадағы адам құқықтарын зерттеуді тапсырған болатын. Онда наурыз айының соңында Израиль әскерилерімен қақтығыста ондаған палестиналық қаза тапқан болатын.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейлидің Вашингтонның шешімін жариялап, Кеңес соңғы кездері «адам құқытарын бұзушыларды қолдаушыға» айналғанын айтты. Мысал ретінде Хейли Конгоның Кеңес құрамына кіруін, Венесуэла мен Ирандағы адам құқықтарының бұзылуына ешқандай шара қолданбай отырғанын атап өтті.

«Бұл шешім біздің адам құқықтарына байланысты міндеттерімізден бас тартатынымызды білдірмейді. Тіпті, керісінше. Біз бұл шешімге келу себебіміз – АҚШ адам құқықтарын келемеждеп, тек өзінің мүддесін басты орынға қоятын кеңеске мүше бола алмайды», деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі.

2017 жылы Хейли Ұйым Израильге қарсы кампания жүргізіп отырғанын айтқан болатын.

«Кеңес адам құқықтарын қорғау деңгейі жоғары Израильге байланысты 70 резолюция қабылдады. Ал адам құқықтары аяққта тапталатын Иранға қарсы тек 7 резолюция қабылданған», деп жазған болатын Хейли The Washington Post басылымында.

Айта кету керек, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2006 жылы АҚШ-тың келісімінсіз құрылған болатын. Оған 47 мемлекет мүше. Жақында БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Бас комиссары Зейд Раад аль-Хуссейн мигранттарға байланысты Америка әкімшілігін, АҚШ-тың заңсыз мигранттар мен балаларын бөлуге байланысты саясатын сынға алған еді.

Ағылшын тілінен аударған

Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер