BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Зуқа батырдың 150 жылдығына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

Фото: Ержан Жаубай

Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» Ғылыми орталығында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Зуқа батырдың 150 жылдығына орай «Зуқа Сәбитұлы және Қытай қазақтары: тарихы мен тағдыры» атты халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр, дейді BAQ.kz тілшісі.

Биыл Қазақ елінің тәуелсіздігіне 25 жыл толуымен және Әлихан Бөкейхандай дара тұлғаның 150 жылдығымен қатар келген Зуха батырдың 1,5 ғасырлық тарихи жолы да ерекше аталып өтіп жатыр. Жыл басынан бері әлемнің 10-нана астам елінде аталып өтілген Зуқа батырдың 150 жылдық мерекесі бүгін Астанада жалғасын тауып жатыр. Германиядан, Түркия мен Қытайдан және Қазақстандық ғалымдардың қатысуымен өтіп жатқан халықаралық конференция аясында Зуқа батыр жайында үш кітаптың, бір журнал-альбомның тұсаукесері жасалды.

«Отырар кітапханасы» Ғылыми орталығы мен түрік ғалымы Әбдуақап Қараның бірлескен жұмысы «Қазақтардың Түркияға көші», қытайлық ғалым Баяхмет Жұмабайдың 2 томдық «Рухы асқақ ер Зуқа» атты еңбегі және 30-дан астам авторлардың Зуқа батыр туралы жазған еңбектерін құрастырған «Зуқа батыр» кітабының тұсаукесері жасалды. Сонымен бірге биылғы Зуқа батырдың 150 жылдық мерейтойына қатысты, оның еліміздің әр өңірлерінде және әлемнің 10-нана астам қалаларында өткен мерейтойларынан көріністер бейнеленген журнал-альбомының таныстырылымы болды.

«Отырар» кітапханасымен бірлесіп дайындалған «Қазақтардың Түркияға көші» атты еңбектің құрастырушысы Әбдуақап Қара бұл еңбектің тың деректерге толы екенін және көбінде халықтың ауыз әдебиетіне сүйенгенін айтады.

«Бұл кітап Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Сонымен қатар, әрние Зуқа батыр бабамыздың 150 жылдығына арналды. Бүгін барлығымыз осы Елордаға жиналып отыруымыздың өзі Тәуелсіздігіміздің арқасы. Бүгінде әлемдегі бар қазақтың қамқоршысы – бір ғана Қазақстан! Сондықтан біз «Қазақстардың Түркияға көші» атты еңбегімізді осы ширек ғасырлық мерекеге арнадық. Сондай-ақ, тұлғатануға қосқан аздаған үлесіміз деп айтуға болатын бұл еңбектегі Зуқа батыр секілді тұлғалар шетте жүрген қазақтардың ішінде жетерлік. Бұл кітап сондай тарихи тұлғаларды зерттеудің бастамасы деп ұқсаңыздар болады» - дейді кітапты дайындаған түркиялық ғалым Әбдуақап Қара.

Конференция жұмысына Зуқа батырдың Германиядағы тікелей ұрпағы, отандық және түркиялық, қытай, неміс ғалымдары, жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының өкілдері, бүкіл қазақ ұлтына танымал белгілі жазушылар, ақындар, қоғам қайраткерлері, тарихшылар қатысуда.

«Қазақтың басы қайда қалмады дейсің. Мен сол Зуқа батырдың басын алып, босағасына ілген «Қара көпірде», тура сол сырық шаншылған жерде болдым. Зуқа турасында жастайымнан естіп өстім. Астананың өзінде Зуқа батырдың өмірбаянына қатысты екінші жиынды өткізгелі отырмыз. Бұл реткі жиынның басты мақсаты ғалымдардың пікірін білу. Және Зуқа батыр өмірін арқау ете отырып, Қазақстанның тағдыры, онымен өзектес Шығыс Түркістан тағдыры, Моңғолия, Түркия, Еуропа қазақтарының тағдыры, жалпы әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған қазақ халқының ұрпақтарының тағдыры жөнінде ой бөліспекпіз» - дейді конференция тізгінін ұстаған ғалым Тұрсын Жұртбай.

Жиын кезінде "Отырар" кітапханасы қорынан Зуқа батырға қатысты кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды. Конференция жұмысының барысында айтылатын түйінді ой-пікірлер негізінде қарар қабылданатын болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер