BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

З.Самашев: Ескерткіштер мен тарихи жәдігерлерді құрметтеуге үйрету – өте зекті

Ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру қажеттігін Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында нұсқады. Оның маңыздылығына жастарға еліміздің белгілі археологы, Берел қорғанын бірінші ашқан тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев түсіндірді.

Елбасы кітапханасы «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары оқушыларының ғалыммен кездесуін ұйымдастырды.

– Өскемен педагогикалық институтын тәмамдаған соң, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында ғылыми жұмыспен айналыстым. Бұл институтта Алғашқы археология бөлімін, кейінірек Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының ежелгі өнер бөлімін басқардым, - деді Зейнолла Самашұлы.

Археолог ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан археологиясын, тарихын, мәдениетін және өнерін зерттейді. Оның Қазақстан, Ресей, ҚХР, Франция, АҚШ өңірлерінде жарық көрген 400-ден астам ғылыми жұмыстары бар. Ғалым тас дәуірі петроглифтерінің орналасу аймақтарынан Қазақстанның түрлі өңірлерін мекендеген қазақтардың этнографиялық суреттерін зерттеп, ғылыми айналымға енгізген.

– Археология – терең сабырлықты талап ететін сала. Арнайы құрылғылармен тастарды және табылған жәдігерлерді тазалауға айлап уақыт кетуі мүмкін. Қиын жұмысқа көбі төзе алмайды. Тарихи өлкеміздің рухани және құнды мұраларын көздің қарашығындай сақтау арқылы үлкеннің де, кішінің де елге, жерге деген патриоттық сезімін арттыруға болады. Ескерткіштер мен тарихи жәдігерлерді құрметтеуге үйрету – өте зекті, - деді ол.

Каир университетінде дәріс оқыған археолог көшпенділер мәдениетінің нағыз қазынасына айналған Берел қорғанын ашты. Оның материалдарымен бүгінде генетиктер, химиктер, физиктер, топырақ зерттеушілері танысуда. Берел қорғанын зерттегені үшін «Тарлан» платина премиясымен марапатталған Зейнолла Самашевтің арқасында Аралтөбе қорғанынан екінші «алтын адам» табылды.

– Тарихи орындар мен ескерткіштер әрбір елдің тарихынан сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралауға мүмкіндік береді. Біз үшін олар қашан да ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болмақ, ал оларды насихаттау әрбір азаматтың парызы, - деді Елбасы кітапханасының директоры Бейсембай Жұмабеков.

Қазақстандағы археологиялық жаңалықтар қазақстандық ғылымның беделін арттыра түсті. Зейнолла Самашевтің жетекшілігіндегі археологиялық экспедиция Атырау облысындағы Сарайшық қаласын зерттеумен шұғылдануда.

Кездесу марапаттау салтанаты ұласты. Еліміздің атақты археологы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингісінің қатысушыларына сертификаттар табыстады.

presidentlibrary.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер