Ұлтшыл болудан ұтылмаймыз - Руханият|09 Тамыз 2017, 09:42
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлтшыл болудан ұтылмаймыз

Жер бетіне қызыл империялардың қанат жаюымен «ұлтшылдық» үрейлі ұғымға айнала бастаған еді. Тіпті күні бүгінге дейін оны баспа-бас өз мәнінде атаудан қорқып, «патриот», «ұлтжанды», «елжанды», «елін сүйгіш» сөздерін жиі қолданып жүрміз.

«Ұлтшылдық ұғымы шынында үрейлі ме?» – дегенге келгенде ғалымдар мен қайраткерлердің пікірі көбінше бір арнада тоғыса бермейді. Бұл сұрақты барынша қарапайым түсінікпен айтатын болсақ, ол: «анаңды, балаңды жақсы көресің бе?» дегенге барынша жақындар еді. Әрине әр көкірек өз жүрегіндегі адал махаббатын білдіруге кінәлі емес қой.

Ежелгі грек жерінде пайда болған патриот сөзі (раtrіоtes – жерлес, отандас) дүниежүзілік қауымдастықтың даму тарихына және мемлекеттердегі саяси жағдайларға байланысты әр түрлі балама мен ұқсамаған мағынаға ие болып отырған. Мысалы, ежелгі Афина азаматтарына эллиндердің сөйлей алмайтындармен некеге тұруға заң жүзінде тыйым салынған. Бұл заң талабын орындау грек патриотизмі ретінде қабылданған және мемлекеттік дәрежеде насихатталып, бұлжытпай орындалған. Ұлы Махатма Ганди «ағылшын отаршылдарымен күресудің жолы - ағылшынның тауарларын ешқашан сатып алмау» деп жариялаған. Тауарлары өтпеген ағылшын кәсіпкерлері жаппай шығынға ұшырап, ақыры үнді жерінен кетуге мәжбүр болған. Демек мұндағы патротизим біздің ұлтшылдық ұғымымызға бір табан жақындайды.

Жалпы ұлтшылдық ұғымы көбінесе зорекер ұлттың қорлауы мен әлсіз ұлттың қорғануы сынды екі түрде кездеседі. Мұндағы қорлаушы ұлт адамдық тағылымына жат құбылыс танытса, қорланушы ұлт қорғану мақсатында ұлтының мүддесін жоқтайды. Айталық, бүгінгі қытай қоғамындағы негізгі ұлттың басымшылық көрсетуі зорлықты ұлтшылдыққа жатса, одан қорғанушы ұсақ ұлттардың өзін аман сақтау жолындағы барлық қам-қареткеті мен күресі қорғанушы әлсіз халықтың өз ұлтын құрып жоғалудан сақтау жолындағы ұлтшылдық күресі саналады.

Британ ғалымы Бенедикт Андерсон: «Ұлтты қалыптастыратын – ұлтшылдық. Ұлтшылдықты тiл, дiл, дiн сияқты құбылыстармен қатар қою керек. Оны туа бiткен қасиет ретiнде қабылдау қажет» – деген болатын. Өткен тарихымыздың көлеңкелі беттері әрине, мұндай даналық тағылымдарын өз қажетіне қарай бұрмалап, одан басқадай мағыналар іздеп отырған.

Ұлтшылдық туралы терең пікір айтқан адамның бірі Джавахарлал Неру. Ол өзінің «Үндістанды ашу» деген еңбегінде былай деген: «Менің Үндістанға қатысты, әр түрлі жағдайларға қатысты ойларым қызу қанды әрі шектеулі болды. Осындай менің еліме қатынасым ұлтшылдық формасында болатын. Мұндай жайлар көптеген адамдарда кездеспеуі ықтимал, ал қазіргі Үндістанға ұлтшылдық қажет және де ол табиғи, қоғам өміріндегі керекті сау құбылыс. Әлемдік тарих тұрғысынан қарасақ, ұлтшылдық интернационализм мен пролетарлық қозғалыстар нәтижесінде жойылатын сияқты. Бұл теріс пікір, ұлтшылдық — халықтардың қозғаушы күші, онымен бірге сезімі, дәстүрі, мақсатты өмір сүрудегі бағыт-бағдары ортақтығын айқын білдіреді».

Неру ұлтшылдықты ұлттық, патриоттық идея мәнінде түсіндірген. Демек, «ұлтшылдық — тәуелсіздікке бастайтын рухани күш. Бұл ұғым жоқ жерде тәуелсіздік туралы сөз мәнсіз. Ұлтшылдық әрбір халыққа тән» (Ғарифолла Есім). Ұлы адамдар мен адамзат ақиқатының тереңіне бойлағысы келген таза көңілдер ғана көлдей тұнығын көрсете алады. Ұлтшылдықтан қорқу емес, оны мақтаныш сезінетіндер де аз емес.

Ұлтымыздың белгілі саяси қайраткері Мұстафа Шоқай 1939 жылы «Ататүріктің реформалары» атты мақаласында «... ұлтты құтқару күресі сыртқы жауды жеңіп, туған жерін азат етумен ғана шектелмейді. Ұлтты көтеру көбіне-көп ішкі реформаларға байланысты болатын да, реформаның қарқыны ұлттың бойындағы дерт-дербездің қандайлығына тәуелді еді. Мемлекетті қасіретке душар еткен дерт-дербезден құтқаруға бекем бел байлаған адам кез келген кедергіні жеңуі, алға қойған мақсатқа қарай батыл қадамдар жасауға тиіс. Ұлт үшін азаттық пен тәуелсіздіктен артық тағы қандай қасиетті нәрсе болмақ?» – деп жазды. (М.Шоқай, Таңдамалы, 2 т, 208 б.).

Осы орайда бүкіл түрік ұлтын жан-тәнімен сүйген ұлы қайраткер Мұстафа Кемал Ататүрік жайында айта кетудің де артықтығы жоқ.

1911-1912 жылдары итальян – түрік, (Либия), 1913 жылғы екінші Балқан және 1913-1918 жылдардағы бірінші дүниежүзілік соғыстарға қатысқан оның түпкі ойы – Отанын өзгелерден азат етіп, Осман империясына нүкте қойып, тәуелсіз ел болу еді. Осы соғыстарға басшылық ете жүріп, өзі батырлықтың үлгісін ісімен де, сөзімен де танытты.

«Стамбулдың құтқарушысы» аталған ол жауынгерлеріне: «Мен сендерге шабуылға шығыңдар деп бұйырмаймын, мен сендерге шайқаста жан тапсырыңдар деп бұйырамын!» деген ұраны арқылы ел мен жерді қорғауға жігерлендірді. М.Кемал «ұлттың батыры» – «Ғази» (Жеңімпаз) маршал атанды.

Қайтпас қайсар, ержүрек Мұстафа 1923 жылы құрылған Түрік Республикасының тұңғыш президенті болды. Бұл лауазымға үш рет сайланды. Оның себебі Кемал Мұстафа Ататүріктің өзі айтқандай: «Ұлтқа қожалық жасауға болмайды. Оған тек қызмет етуге ғана болады. Ұлтқа қызмет жасай білген жан ғана оның қожасы бола алады», – деген пікірі дәлел болса керек.

«Менің күшім мен қуатым халықтың маған көрсеткен сенімінен құралды» деп ағынан жарылған оның осы сөздерінің астарында өз халқына деген шексіз сүйіспеншілік жатқан еді. Өз халқының көрсеткен сенімінің арқасында ол «Ұлттың атасы», яғни – Ататүрік атанды.

Оның 1931 жылы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде: «Бүгін кеңестік Ресей – досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Бұған біз бүгін мұқтажбыз. Бірақ ертең не боларын ешкім кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты, дәл Австрия – Венгрия сияқты ыдырауы, бөлшектенуі мүмкін. Бүгінгі қолында ұстап отырған халықтары уысынан шығып кетуі мүмкін. Сонда әлемде жаңа тепе-теңдік орнайды. Міне, сонда Түркия не істейтінін білуге тиіс. Біздің бұл досымыздың билігінде тілі бір, наным-сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге даяр болуымыз керек. Бүгін біз олардан ажырап қалдық. Кімдікі дұрыс? Олардың жақындасуын күте алмаймыз. Біз оларға жақындасуымыз қажет. Тарихи байланыстарымызды жаңғыртуымыз керек. Бұларды кім жүзеге асырады? Әрине, біз» – деп сөйлеген атақты сөзі болашақты сезіне алған нағыз ұлтшыл саясаткердің даналық пікірі еді.

Ол тағы да: «Біздерді «ұлтшылдар» дейді. Бірақ біз ұлтшыл болғанда да өзімізбен ынтымақтастық жасайтын барлық ұлттарды құрметтейтін, олардың ойынан шығатындай ұлтшылдармыз.

Түрік ұлтының мінезі – асқақ. Түрік халқы – еңбекқор халық. Түрік халқы – зерек халық. Өйткені, түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді. Түріктің түріктен басқа досы жоқ. «Мен түрікпін» деген адам қандай бақытты!

Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, ісімізбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн!» – дегендерді айтқан болатын.

Міне, біз бұлардан ұлтшылдық туралы ұғымымызды тіпті де айқындай түсеміз. Әрі бүгінгі қазақ ұлтшылдарының бойында қандай қасиет болу керектігін де аңғарғандаймыз.

Отаршыдық және оған қарсы шығып, халқының қадірменді ұлдарына айналған қазақ ұлтшылдарының өткен күндеріне үңілгенде де тарихтың берер тағылымы аз емес.

«Ресей отаршылдары қазақ жерiн бiр жарым ғасыр бойы жаулағанда, олар отты қарумен, тұрақты армиямен қаруланса да әр жердегi қазақ батырларының қол бастаған жан кештi қарсылығына ұшырап, алға жылжи алмай келдi. Мұның басты себебiн орыс тарихшысы Аничков қазақтардың елiне, жерiне деген махаббатынан туындаған ұлттық санасының жоғары деңгейде болуында деп атап көрсеттi. Ал, өзбек хандығының қарсыласуы тез арада тойтарылып, екi-үш жыл арасында жеңiлiс табуы оларда ұлттық сананың жоқтығын көрсеттi. Өйткенi отаршылдарға қарсы бiрде бiр не өзбек, не сарт, не тәжiк батырының қол бастап қарсылық көрсетпеуi - осының айғағы едi.

Осы себептердi ескере отырып, патша үкiметi түрiк халықтарының iшiнде алдымен қазақтарды ерекше қыспаққа алып, жер бетiнен сыпырып тастау әрекетiнен тайынбады. 1865 жылғы наурыз айында Алаксандр I патша ерекше мәнi бар мәселеге өз қолымен жазатын раскриптiнде қазақтарды шоқындырып орыстандыру туралы саяси құжатқа ресми түрде қол қойды. Бұл байлам жергiлiктi билiк арқылы құпия түрде бiртiндеп асықпай жүзеге асыруға бағыт алды. Қазақтарды шоқындырып орыстандыру мәселесi Святой синодқа тапсырылып, миссионерлiк саясат үшiн мемлекет тарапынан орасан зор қаржы бөлiндi.

Бұл iстi жүзеге асыру үшiн алдымен қазақтардың мың жыл бойы қолданып келе жатқан араб жазуын крилицаға ауыстыру мақсатын жедел қолға алды» (М.Мырзахметұлы «Түркістан » 2007 жыл 15 ақпан).

Қазақтың ділін, тілін құрту, жерін отарлау мақсатындағы орыс отаршылары ойына келгенін істеді.

Айталық, патша үкiметiнiң ерекше iстердi жүзеге асыратын чиновнигi шоқынды Балкашин Жетiсу, Семей гүбернасын аралап, жарамды жерлердi орталықтан келген қара шекпендерге беру үшiн зорлыққа басқанда, оған Потанин қарсылық пiкiрiн бiлдiрдi. Сонда Потаниннiң қарсылығына Балкашин “империяға жер керек, қазақтар қайда кетсе онда кетсiн” деген екен.

Осындай қасіреттің алдын алу үшін оған қарсы әрекет жасаған тағы да ұлт зиялылары болды. Қазақ ұлтшылдарының ұйымдасуымен Алаш партиясының құрылуы соның бір мысалы еді.

Қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясына (1917-1920 ж.ж.) Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедовтар М.Жұмабаев және т.б. қазақтың алдыңғы қатарлы озық ойлы қоғам қайраткерлерi кірдi. Олардың ең басты мақсаты өз халқын отарлық езгiден қайткенде де азат ету болатын. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мiржақып Дулатов жетекшiлiк еткен ұлттық зиялылар жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру үшiн газет шығарды.

Кеңес үкiметi оларды буржуазияшыл-ұлтшылдар деп атады. Олар шынында да аты-затына сай қазақтың «ұлтшылдары» едi. Бұл арада біз олардың ұлттық тәуелділігі бойынша «қазақтың» деген анықтаманы бергенімізбен олар ұлт ұғымынан көтеріліп кеткен данышпандарымыз болатын. Нақтылап айтсақ, олардың «Алаш» дегені, «Ұлтым» дегені тек қазаққа ғана қаратылмаған еді. М.Шоқай, М.Жұмабаев еңбектерінен айқын көрініс беретін бұл ұғым тек қана «Түрікшілдікпен» сабақтасып жататын. Олардың ойлағаны құтты Ататүріктің айтқанындай «ұлтшылдық» еді. Армандарының қауырсыны ерте қиылса да, олардың рухы ақ құсқа айналып әлі де «Алашым» – деп жүр.

Біз жоғарыда келтірілген мысалдар мен түйіндеген ойлардан бүгінге керекті ұлтшылдықтың қасиеттерін көре аламыз. Десе де, бір нәрсенің басы ашық болуы керек. Ол – өзіңнің елің мен жеріңе деген махаббатыңның жариялылығы. Бүркелемелеуге келмейтін жүрек жалауы – ұлтыңды адалдықпен сүю және ол үшін аянбай еңбек ету. Өзге ұлттың еңсесін езіп, еркіне қол сұқпау шарты аясында өз басыңның еркіндігі мен есе теңдігін жоқтап, ар-ожаданыңды таптатпау намысынан туындаған ұлтшылдықтың бәрі де ұлы идея саналады.

Ұлттың осындай ұлы идеялары болғанда ғана ол өзінің өміршеңдігін алаңсыз сақтай алады. Ұрпағының алдында ұятты болмайды. Бұл үшінде халықтың идеялық бірлігі керек.

АҚШ тарихында төрт рет президентікке сайланған Ф.Рузвельттің «Жаңа бағыт» саясаты да Америка халқын ауыр дағдарысты жеңуде біріктіре алды. Рузвельттің бұл саясатын сол жылдардағы АҚШ қоғамының идеологиясы деп атаса да болады. Ал түрік идеологиясын жасаушы Мұстафа Кемал Ататүрік бүкіл түрік қоғамын ұйыстыра білді. Оның «кемализм» деп аталған бастамалары түрік қоғамының идеологиясына айналды. Ататүрік «кемализмнің» бес принципін анықтап, оны ел халқына ұсынды. Оның ұсынған принциптері халықтың кең қолдауына ие болып, идеология құралын атқаруға дейін көтерілді. Жоғарыда аталған мемлекеттердегі тиімді жүргізілген ішкі саясат саяси идеологияның мемлекет дамуының мықты құралы бола алатындығын дәлелдейді (М.Мұхамедов).

Елбасы Н.Назарбаев 1993 жылғы қазан айындағы «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» деген еңбегінде идеология керек пе, керек емес пе деген мәселеде: «қазіргі заманғы үлгідегі қоғам идеологиялық деп айқындайтын жүйе болмайынша өмір сүре алмайтындығын» айта отырып, идеологияның біздің еліміз үшін қажетті құрал екендігін баса көрсеткен еді.

Қазақ ұлтына да ұлттық таза қасиеттері негізіндегі ұлтшылдығын қалыптастыратын «Қазақ идеологиясы» керек. Мұсылманның жан тазалығын, түріктердің өр табиғатын, еуропаның жаңа мәдениетін тоғыстырып қарайтын өзімізге тән бағыт-бағдармыз болғанда ғана ұлтымызды сақтап, жаһандану – аждаһасының аузынан аман қала аламыз. Жоғарыда аты аталған ұлтшылдарымыздың рухын өлтірмесек, ол біздің таза қанымыз арқылы келесі ұрпақтың бойына дариды.

Бұл рух – Мәңгілік тәуелсіздігіміздің кепілі! Сондықтан да бойында қазақ қаны қайнаған әр бір оғлан өз ұлтының, өз отанының мүддесін қорғау жолындағы қандай да бір құрбандықтан бас тартпайтын нағыз ұлтшылдар болуы керек!

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

Қазақстан Жазушылар Одағының

Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі,

Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер