BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Ұлы даланың жеті қырын» жалаң ұранға айналдырмауымыз керек

Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылауға арналған «Ұлы даланың жеті қыры: Қазақстан тарихына оң көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күніне орай ұйымдастырды.

Елбасының бағдарламалық мақаласы қоғамның, ғылыми орталардың, шығармашылық зиялы қауымның кең ауқымды талқылауына ие болды. Жалпы адамзаттық және ұлттық тарихқа жаңаша тұжырымдамалық көзқарас Қазақстанның тарихын және тарихи ескерткіштерін сақтау мен дәріптеуге бағытталған жолды жалғастырады.

«Біз стереотиптер мен үрейлерден арыла отырып өз тарихымызбен мақтануды үйренуіміз қажет. Тек осы арқылы біз тарихи бірегейлік дағдарысынан құтыламыз және өзіміздің Ұлы даланың ұрпақтары екенімізді түйсінеміз» - дейді ұйымдастырушылар.

Дөңгелек үстел барысында тарихи сананың жаңғыруы; Ұлы даланы жүйелі қарастыруға қажетті негізгі императивтер; әлемдік үдерістердегі Қазақстанның рөлін қайта қарастыру мәселелері, сондай-ақ нақты жобалар мен бағдарламалар талқыланды.

Жиында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология және дала өркениеті ғылыми-зерттеу институтының директоры Виктор Зайберт, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Жапсарбай Қуанышев, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар факультеті, аймақтану кафедрасының профессоры Айболат Көшкімбаевтар баяндама жасады.

«Біз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандарды жалаң жарнамаға айналдырмауымыз керек. Елбасының күткені де ол емес. Елбасы ұсынған ұсыныстар мен тапсырмаларды жалаң ұранға айналдырып, құр дақпырт қылғаннан аса алмай отырмыз. Президенттің өзі айтқандай бұл іске жастарды көптеп тартып, солардың күшімен жүзеге асыруымыз керек. Нұрсұлтан Әбішұлы өзі де алдағы жылды жастар жылы деп жариялау туралы ұсыныс жасап, бекітті ғой. Олай болса біз неге жастарды қолдауды осы істерге араластырудан бастамасқа» - дейді ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Жапсарбай Қуанышев.

Сонымен қатар дөңгелек үстел жұмысына жетекші қазақстандық сарапшылар – тарихшылар, философтар, саясаттанушылар, археологтар, этнологтар, мәдениеттанушылар, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер